Астанада «Менің атым – Қожадағы» Қожаға ескерткіш қойылды
АСТАНА. 1 маусым. Бүгін елордадағы «Жетісу» саябағында белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» кітабының бас кейіпкері Қожаға ескерткіш ашылды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Жаңадан бой көтерген ескерткіште Қожаның өзін өзі «жиналысқа салып» отырған кезі бейнеленген. Оның жалпы биіктігі 183 см, қола мен граниттен жасалған. Мүсінді Талапхан Азамат қашап шығарған.
Идея Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды елімізде «Балалар жылы» деп жариялауы аясында жүзеге асырылды.
Баршаға аян, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев өзінің әлемдік деңгейге дейін танылатын «Менің атым – Қожа» кітабын 1957 жылы баспа жүзінен жарыққа шығарды. Осы кітаптың желісі бойынша 1963 жылы режиссер Абдолла Қарсақбаев шығарма аттас фильм түсірді. Картина 1967 жылы Франциядағы Канн фестивалінде «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» аталымы бойынша бас бәйге алды. Бұл қазақ кино саласындағы тұңғыш халықаралық жүлде болды.
Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Хабар» агенттігінің басшысы Берік Уәли шараның Халықаралық балалар күні мерекесіне тұспа-тұс келуінің өзіндік символдық ерекшелігі бар екенін айтты.
«Бұл біздің дәуірдің ғана емес, жарты ғасырдан бергі дүниеге келген әрбір баланың сүйіп көретін фильміне айналды. Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Бердібек Соқпақбаевтың классикалық повесіне Абдолла Қарсақбаев жан бітірсе, бүгін ол туынды мүсін өнері арқылы мәңгілікке жол тартты десек болады», – деді ол.
Салтанатқа Қожа рөлін сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжар (лентаға түскен кезде – Нұрлан Сегізбаев) мен Жанардың рөлін сомдаған Гүлнәр Құрабаева, сондай-ақ Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал мен Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар қатысты.
«Бұл Қожаға ғана қойылған ескерткіш емес. Сол кездегі қазақтың кез келген қарадомалағына, кез келген ауыл баласына қойылған мәңгілік белгі. Бұл қазақ әдебиетіне, қазақ балалар әдебиетіне, қазақтың балалар фильміне қойылған ескерткіш дер едім. Біз осы фильм арқылы күллі қазақ баласының бейнесін көрсетуге тырыстық. Қазіргі балалардың бақыты да сол, бейбіт елде, Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп келеді. Осы тыныштықтан, осы берекеден айырмасын», – деді Нұрлан Санжар (жоғарыдағы бірінші суретте).
«Әкемнің шығармашылығын дәріптеп, елге танытып, мәңгілік мұраға айналдырып жатқан азаматтарға ерекше алғыс айтқым келеді. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин мырзаға, елорда әкімі Алтай Сейдірұлына, басқа да осы істің басы-қасында болған азаматтарға айтар алғысым шексіз. Осы ретте, қала басшысына бір ұсыныс жасағым келеді. Астананың бір көшесіне балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың есімін беріп, сол көшеге бюстін орнатып берсе, кейінгі ұрпақ үшін ұмытылмас дүние болар еді», – деді Самал Соқпақбаева өзінің сөзінде.
Кезінде «Менің атым Қожа» повесі әлемнің 20-ға жуық тіліне аударылған. Оның орыс тіліндегі тұңғыш аудармашысы қызы Самал болған. Ол әкесінің туындысын Қазақстан баспалары баспай жатқанда, оны жедел орысшаға аударып, Мәскеуге жібереді. Сол кітап 1958 жылы одақтық «Детская литература» баспасынан шығады. Одан кейін алдымен француз, сосын тағы басқа 15 тілге аударылады.
Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысының Кеген ауданындағы «Қостөбе» ауылында туған. 1991 жылы 24 шілдеде 67 жасында қайтыс болды. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Мәскеудегі Жоғары әдебиет курсын бітірген. Ол әлем мойындаған, дүниежүзілік қауымдастық «классик» деген таныған екі қазақ жазушысының бірі (біріншісі атақты Мұхтар Әуезов) болды.
Жасыратыны жоқ, өзіндік ойы мен көзқарасы болғаны үшін, кеңестік қоғамның келеңсіз жақтарына келіспегені үшін әлемге аты мәшһүр жазушы көзі тірісінде ұдайы тиісті органдардың бақылауында тұрған.