ҚАЛДАРБЕК
Мұхтар Мағауин
Adyrna.kz, 20.07.2024
Биыл жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кезінде Қазақстан Жазушылар одағының бұрынғы бірінші хатшысы (1991-1996), Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары (1992-2004) болған Қалдарбек Найманбаевтың туғанына 85 жыл толды. Дүниеден озғанына да биыл күзде 20 жыл болмақ. Шығармашылық саласында көптеген мекемені басқарған жазушының «Даңқ тұғырында», «Қоштасқым келмейді», «Бастау», «Сол бір түн», «Үміт өткелі», «Беймаза қонақ», «Аптап», «Шілде», «Көктөбе» тәрізді кітаптары мұра болып қалды. Атқарған еңбегі бір бөлек. Осы орайда жазушы Мұхтар Мағауиннің жеке веб-сайтында жариялаған Қалдарбек Найманбаев туралы естелігін көпшілік назарына қайыра ұсынғанды жөн көрдік.
Менің ұзақ ғұмыр жолымда араласқан, біліскен, дос-жар азаматтар ішінде Қалдарбек Найманбаевтың болмыс-бітімі де, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы да өзгеше екен. Заманынан бұрын туып қалған тұлға дер едім. Сондықтан көп жұрт бағасын білмеді, жəне бар болмысын үстірт, тым жеңіл байыптады.
Қалдарбекті алғаш рет 1957 жылы, қара күзде көріппін. Біз Қазақ университетінің филология факультеті, бірінші курс. Міндетті ауылшаруашылық жұмыстарынан соң, тиесілі дəрістеріміз басталғалы көп болмаған. Асса бірер ай. Есебі, ноябрьдің орта шені, немесе басы.
Кезекті сабақтан соңғы аралық үзілісте сыртқы дəлізге кешігіңкіреп шықсам керек, аудиторияның кең есігіне тым тақау, тура шыға берісте Н. дейтін қызымыз бейтаныс бір жігітпен бетпе-бет тұр екен. Біздің топта, бұрнада жазсам керек, атаулы сұлу – Лина Алтынбекова деп танылған. Тумысынан көрікті, ашық, дөңгелек жүзді, уылжып тұрған құба қыз. Ал мына Н.-ның бар кейібі басқаша. Бадамша көз, қасы қиылған, сəл-пəл сопақша, ақсұр бітімді. Бүгінде ойлап қарасам, нағыз шығыс аруы екен. Бірақ дəп осы сəтте өңі сынық, төмен қарап, кібіртіктей береді. Ал жігітіміз ортадан ұзын, бар киімі қонымды, сымбатты, аққұба жігіт. Ол да еңсесін жазбай, төменшіктеп, ақырын сөйлеп тұр. Қастарынан өте шыққанда бірден байқағаным. Тəрізі, жігіт киноға, қайткенде оңаша сырласуға шақырады, ал қызымыз нақты шешімге батпағандай. Жастар арасында күнделікті болып жататын, табиғи бір көрініс. Бұдан əрі назар салмаппын. Бірақ келесі үзілісте манағы жағдай нақпа-нақ қайталанды. Қыз əбден қызарған, жігітіміз бозарыңқы. Ендігі мезетте көлденеңнен, өңі салқын, тіпті, ашулы бір келіншек жетіп келді. Келе сала, біздің қызға қатты зекімесе де, əлдебір ауыр сөз айтқандай. Айтып қана қойған жоқ, қолынан тұтып, аулаққа жетелеп, оңаша алып шықты. Əлбетте, жігітіміз состиып, сол орнында қала берген. Азғана іркілістен соң ғана бетін теріске бұрып еді. Ізінше қоңырау соғылып, сабағымыз басталды. Н. аудиторияға қайтып келмеген.
Сол күні ме, келесіде ме, өзіміздің балалардың үзік-жұлық əңгімесінен аңдағаным, манағы жігіт – журналистика бөлімінен, бізден бірер курс жоғары, ал ашулы əйел – мына қыздың əпкесі, осында, журналистика кабинетінде лаборант, күйеуі өткен жылы бітірген, қазір «Лениншіл жас» газетінде қызмет атқарады. Қайткенде, үлкен əпке анау жігітті бұрнадан көрген, əлденеден ұнатпай қалған, жəне мейлінше қарсы. Енді толық тыйым.
Сөйтіп, бірін бірі ұнатқан қыз бен жігіт екіге айрылыпты. Қызымыз көп жадырап күлмейтін, ойлыдан мұңдыға жақын; бес жыл бірге оқыдық, жеңілтек мінезі байқалмаған, тым ұстамды; ақыры университеттің соңында тұрмысқа шықты, ілкіде уағдасы болса керек, күйеуі журналистика бөлімін бұрнада бітірген, бұйра басы қауғадай, төртпақ жігіт еді, əке-тегі біздің ауылдан; Семей облысының шекара беттегі бір ауданында газет редакторы болып тұрған кезінде, көлденең жол апатынан қайтыпты. Біздің қызбен небəрі үш-төрт жыл тұрмыс құрған екен. Бұдан соң Н. Алматының іргесіндегі төркін жұртына оралып, көп ұзамай жаңа бір күйеуге тиеді, оншақты жылда ол да дүниеден көшкен, енді Н. бұрнағы жəне кейінгі төрт-бес баласын жайлап өсіріп жеткізсе керек. Арада қаншама заман өткенде Тұманбай ақынның алпыс жылдық тойында əрең кездестік, мені көргенде қуанып, құшақтай алып еді. Баяғы көрік жоқ, өңі тозыңқырап кеткен екен, бет-аузы быт-шыт əжім-сызық. Бадамша мұңды көзі ғана бұрынғыша. Мен де құлдырап түстім. Өткен өмір, жастық шақтың тікелей куəгеріміз. Бірақ абыр-дабырда шүйіркелесіп көп сөйлесе алмадық. Бұл кезде біздің Лина бұрнағы курстас ұл мен қыздардың басын қосып, екіүш рет жиналып, мəре-сəре болғанбыз, келесі кезекте Н.-ды тауып алып, қатарға қос деп едім; əлдебір ортақ таныстар арқылы шынымен тауыпты, телефонын, алайда, үйдегі ересек балалары, əлде басқа бір кісілер Н.-ның осыдан азғана бұрын бақиға өткенін айтыпты. Міне, ешқашан қиылыспай, қатарлас жасаған тағы бір тағдыр.
Ал манағы жігітіміз… көп ұзамай-ақ аты-жөнін естідім. Кейінде белгілі журналист, жазушы, қоғам қайраткері Қалдарбек Найманбаев. Қодар мен Қарабай болмаса да, шалт мінезді əпке айырған алғашқы махаббатының кейінгі өмірге қаншалық əсері болды – білмеймін. Есесіне, ақыр аяғына дейін серілікпен, еркін ғұмыр кешті.
Біз бір корпус, бір факультет ішінде ара-тұра көрісіп жүрсек те, жақын біліспедік. Нақты танысуымыз – университеттен соң. Менің аспирантурамның ақырғы жылы, «Лениншіл жас» газетінің редакциясында. Қазақ хандығы дəуірінде жасаған ақын, жыраулар туралы диссертация мəтінін осында, сырттай естіген, егде жастардағы, бір көзінің ноғаласы бар, тəжірибелі мəшіңкеші əйелге бастырып едім. Жұмыс соңында, шамасы оншақты күн ішінде. Бір жолы, сəл ертерек барғанымда, Қалдарбек, қолында жарты жапырақ қағазы бар, əлдебір дүниесін, ешбір бөгеліссіз, тікелей жаздырып отыр екен. Үш-төрт күннен соң басылып шықты, ол кездегі үлкен форматты газеттің тұтас бір бетін қамтыған очерк. Бұл заманда жүйрік, тəжірибелі журналист болып алғаны бірден аңдалды. Мен ежелгі жыраулар туралы зерттеуім бойынша, əдебиет бөлімін басқарып отырған Жұмекен арқылы қатарынан екі мақала бастырған едім. Əрине, жастар газетінің жауапты хатшысы, əрі белсенді журналист Қалдарбекпен беттеспей тұрмайсың. Əуелде бас изессек, енді атаулы мақалаларым шығып, іште де, сыртта да əжептəуір дабыра туғызған кезде жылы жүзбен амандасып тұрсақ керек. Бірден-ақ өзара түсіністі жақындық орнағандай.
Алдағы 1965 жыл, январь айында үйлендім. Астананың қақ ортасы, жаңадан ашылған сəулетті «Алматы» ресторанында өткерілген тойға тікелей ұстаздарым, ағайын-туыс пен азды-көпті аралас достар қатарында Қалдарбекті де шақырып едім. Жеңгеймен бірге, дегем. Өзі ғана келді. (Айта кетейін, бұдан соңғы қаншама заманда, қашан көрсем де, əрқилы жиын-тойда, қонақта жалғыз жүрер еді. Еркін мінезіне орай қалыптасқан əдет болса керек, əйтпесе, таңдап қосылған əдемі жұбайы бар, ақыр соңына дейін тұрмыс құрды.) Ендігіде екі арамызда ашық, риясыз қатынас орнаған. Осы жылдың күз айларында «Лениншіл жаста» өзара селбес екі, əлде үш мақалам шықты. Əдеби сын тарабында, бұрнада жазылған дүниелердің ықшамдалған нұсқалары. Қалдарбектің қаншалық қызметі болғаны есімде жоқ. Бұл кезде мен «Қазақ əдебиетіне» келгем.
Ендігі бір заматта Қалдарбекке сəбет салғаным бар. Біздің əйелдің алғашқы, тетелес сіңілісін ұзату ыңғайына байланысты. Кемпір-шал алыста, менің өз қолымнан. Əлбетте, шығарып салу, құдаларға қонақасы үшін азғана ақша керек. Қалдарбекке айтып едім, көлемдірек бірдеңе əкел, деді. Мақала оңай, жарияға шықпаған əңгімелер де бар, алайда, қолдағы ұзағырақ дүние – сол кезде жасалып жатқан аударма болатын. Сомерсет Моэм. Хикаятқа тақау, «Хат» деген, ұзақ əңгімесін ұсындым. Газеттің алты нөмеріне қатарынан басты. Əр санға елу сомнан қаламақы. Жиыны – үш жүз сом. Əлі есімде, отыз сомы – табыс салығына, қолға екі жүз жетпіс сом тиді. Ол заман үшін қыруар ақша. Қалай тартсаң да бір емес, екі-үш қонаққа артығымен жетпек. Сонымен, қызымызды өз үйімізден шығарып салдық. Күйеу баламыз – ол кезде екінші курс студенті, болашақ əйдік ақын Жарасқан Əбдірашев болатын. Ата-анасы арнайы келіп еді, əкесі қарапайым, ұстамды, ақылды кісі екен. Бұл кезде менің ауыл арасына жетерлік дабырым бар, құдаларымыз мейлінше риза болды. Жалғаса өткен үлкен тойға мен өзімнің алдымдағы жəне қатарлас жас перілер – атақабыройы дабылдай бастаған, кейінде түгелдей ірі: Қадыр Мырзалиев, Сайын Мұратбеков, Əкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Рымғали Нұрғалиев, Қабдеш Жұмаділов, Сұлтан Оразалин, жəне, əрине, Қалдарбек те бар, тұтас бір əдеби топ ретінде барып едік. Тойдың негізгі жұрты – филолог студенттер үшін өзгеше бір көрініс болған сияқты.
«Жазушы» баспасына орнықтым. Ілекем – Ілияс Есенберлиннің қанаты астында, үшінші дəрежелі төре. Келе сала бар тарапта белсенді қызмет басталды. Ерте де, кеш те емес, өз кезегінде Қалдарбектің тумыстағы екінші кітабы – «Қоштасқым келмейді» дейтін əңгімелер жинағы баспаханаға тапсырылған. Көп ұзамай, алғашқы терімі де келіп жетті. Дəп осы кезде Қалдарбек күтпеген өтініш жасап еді. Көлемді бір əңгімесін повестке айналдырмақ екен. Үстінен жаңалап шығу керек. Мен ойланыңқырап қалып едім, бар түйінді өзі шешіп берді. Сен ризашылық берсең болды, типографиямен аралықты өзім ретіне келтірем, деген. Рас, көлемі аз-маз артып кетуі мүмкін, бөтен-бастақ ештеңесі жоқ, оқып шық… Менен рұқсат, оқымай-ақ қояйын, аралықтағы бар кілтипанын өзім реттеймін деп отырсың; қандай қағаз керек, қатынас жөнімен? Ештеңе керек емес, деді. Баспадағы үлкен бастық келіскен, деймін. Сонымен бітті, бұл жақтан ши шықпаса болғаны… Онда жөн дедім. Бір табақ, жарым табақ артығын кітап жарыққа жеткен соң реттей салармыз, дедім. Көп ұзамай, атаулы кітабымыз аман-есен басылып шықты. Бəрі орнына келген. Бұл бір, мен үшін артық күшке түспеген, елеусіздеу шаруа Қалдарбек екеуіміздің өзара сенім мен достығымызды бекіте түскендей дəнекер болыпты.
Содан бастап, ақырына дейін, ширек ғасыр бойы арамызда ешқандай алалық тумаған.
Қоғамдық, журналистік қызметін ғана емес, жазушылық жолын да «Лениншіл жаста» бастаған Қалдарбек бар ғұмырын ат үстінде өткерді. Жастар газетінен соң, тікелей баспагерлік жұмыс. Жəне Жазушылар одағындағы басшылық. Кейін «Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы». Осы, сейіл-серуен емес, күрделі қызметтер барысында Қалдарбектің іскерлік қабілетін, адамгершілік қасиетін мейлінше айқындаған – əуелде «Жалын» (1976-1984), кейінде «Жазушы (1988-1992) баспаларында директор болған кездерінде жүзеге асырған жұмыстары. Бұл – қазақ көркем сөзінің ең бір шарықтаған кезеңі екен.
Қалдарбек Ілияс Есенберлиннен соңғы дəуірде қазақтың баспагерлік мəдениетін одан əрмен көтерді, дер едім. Бұл мəдениет ең əуелі – қаламгер жұртшылықпен өзара қатынастан басталады. Осыдан соң, кітап шығару жоспарын түзу жəне жоғарыдан өткізу, ақыры, қажетті шаруаның орайымен жүзеге асуы. Қалдарбектің «Жалындағы» бар жұмысының игілігі мен айрықша ұтымды сыпаты – қатарлас, тіпті, үлкен саналатын «Жазушы» баспасымен салыстырғанда айқын көрінетін. Бұл кезде ең əйдік əдебиет баспасында, Сталин заманынан да артып түсетін таршылық жағдай қалыптасқан еді. Директор Əбілмəжін Жұмабаев советшіл, терісқақпай бір топтың сойылсоғары болды. Атап айтқанда, Əбдіжəміл Нұрпейісов, Тақауи Ахтанов, Зейнолла Қабдоловтар жəне солардың шылауындағы сүреңсіз жұрт ұйысқан берік ұжым. Бұл коммунистік идеяшыл қауымның мерейі жоғары, айтқанының бəрі жөн. Шығармалары үстін-үстін, топ-тобымен басылып жатыр жəне сұраныстан өтпей, кітап дүкендері мен қоймаларда тіреліп тұр. Ал өкіметтің ерекше қамқорлығындағы осынау қауымға ұнаспаған, қазір, немесе келешекте қайшы келу жағдайы былай тұрғанда, алдыңғылары бақ таластыруы ықтимал, кейінгілері көтеріліп, жалпыға танылуы мүмкін көлденең қаламгер атаулы шеттеліп қана қоймай, көпе-көрнеу қыспаққа түсті. Бұл сұмдыққа, басқаны былай қойғанда, жалғыз Ілияс Есенберлиннің тағдыры толық айғақ. Оны да жеткеріп жазғанбыз. Ал біз қатарлы жастар мен аралық жасамыстар ешбір есепте жоқ. Оның үстіне, əлдеқалай өтіп кеткен «бөтен-бастақ» жазармандар кітабы бас редактор Есет Əукебаевтың сүзгісіне түспек. Көркемдік сараптау, тіпті, идеялық тазарту да емес, сонау отызыншы, елуінші жылдардағы КГБ өктемдігі, қызыл қыспақ. Қаншама жаңа шығарма жоспарға жол таппай, бөгеліп жатты, қаншама жаңа кітап жарыққа шыға сала тұтқынға алынып, түбі сөгіліп, қайыра «жөнделіп» жатты. Иə, мұны да жазғанбыз, Жұмабаев-Əукебаев Советтер шегіндегі ең тыныш заманда қазақ əдебиет баспасын жойдасыз террор астында ұстады деп. Жазылмай қалған жағдаят – осы төбеден түскен қисынсыз, қатаң талқы тұсында қазақ руханиятына күш берген «Жалын» баспасының ерекше қызметі. Нақтылап айтқанда, тың тыныс, кең өріске ұйытқы болған зерделі, дарқан басшы Қалдарбек Найманбаев.
Советтік репрессиялар қызығын көрген ежелгі əулет өкілі жəне арғы ғана емес, бергі тарихты да кəміл таныған пенде ретінде мен ел аман, жұрт тыныш, ұлттық барлық республикада кеңшілік жағдай орнаған заманда, «Жазушы» баспасы, оның сыңар езу, шапыраш басшылары арқылы қалыптасып келе жатқан қиғылық кезең ызғарын бірден аңдадым. Нешеме жылғы ғылыми жұмыстарымның қорытынды түйіні есепті «Бес ғасыр» антологиясын Ə.Жұмабаев пен Е.Əукебаевпен арадағы майдан үлесіне амалсыз қалдырып, ендігі көркем шығарма атаулыны «Жалын» баспасына бағыттаған едім. Анау, кеселді тарапта жиырма жылда жарыққа шығуы мүмкін емес «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясын алғашқы кітабынан бастап, Қалдарбектің ғұзырына табыстадым. Қатесіз, нақты есеп еді. Рас, Баспаком төрағасы Шериаздан Елеукенов Қазақстан Компартиясының Үшінші хатшысы Саттар Имашев пен ғұзырлы бөлім бастығы Михаил Есенəлиевтің айтағымен талқандалған «Алдаспан» тұсындағы екпінінен айнып, енді іштей болса да бізді жақтайтын ыңғай танытқан. Əйткенмен, төбедегі төре. Берідегі барлық атаулы мəселе баспаның өз ішінде шешілуге тиіс.
Ақыры, «Аласапыранның» бірінші кітабы, сыртта ешқандай көлденең бөгетсіз, іште редакция тарабынан қиянат, шырғалаңсыз баспаханаға өтіп, межелі уақыты – 1981 жылдың соңында жарыққа шықты. Көп ұзамай тəмам болған Екінші кітап та атаулы бекімі – 1983 жылы басылып, жұртшылық алдына жеткен.
Біздің тілеуіміз таусылған жоқ, алда, бұдан артық демейін, қарайлас, тетелес, тағы қаншама роман, хикаят, əңгіме жəне сын зерттеу еңбектер тұрған. Алайда, бар жазуымыз осы «Аласапыранмен» бітсе де, тағдырымызға риза болар едік. Тəңірінің кеңшілігі мен рахматы шексіз екен, одан беріде қырық жыл өтті, көсіле шаптық, бар мұрат орнына келгендей. Жəне бұрнада бір жазғанымыздай, өзіміздің қайрат, жігеріміз ғана емес, бұрын-соңғы ағалардың бар жағдайымды жасаған, риясыз қолдаған, ұмытылмас қызметімен қоса, замандас, тұрғылас дос-жарандар алқауы, ықылас-пейілінің арқасы, деп. Осы ретте Қалдарбектің орны ерекше. Тағы бірде айтқаным бар еді, маған бөгет жасамаған, алдымнан талқы құрмаған жан-адамның бəріне алғыс деп. Енді, тілектес, қадарынша демеген ағайындар туралы сөз де жоқ.
Қалдарбектің, жинақтап келгенде, тұтас он екі-он үш жылдық баспагерлік қызметі – жаңа қазақ əдебиетінің буыны бекіп, өсіп, өркендеу жолындағы шешуші, елеулі бір кезең болды. Əсіресе, «Жалын» баспасындағы 1976-1984 жылдар. Қаншама соны есім өз алдына, бұрнағы барлар тың тыныс тапса, жаңадан серпілген біздің қуатты буын өзгеше бір өріске шыққан еді. Жекелеген авторлық кітаптар өз алдына, Қалдарбек аса ұтымды, таралымы мол жəне көпке танымал, өзгеше бір жинақтар ойлап тапты. Соның алғашқысы – «Жүздесу» аталатын. Жас жазушылардың таңдама əңгімелер топтамасы. Əуелде түпнұсқада шығып, ізінше орыс тіліне аударылған. Жəне жұртшылыққа ұнап, жақсы оқылды. Бұдан гөрі мəндірек жинақтама – «Беласқан» аталды. Үш томдық антология. Жастар қатарында буын бекітіп, енді біршама өрлеген отыздан астам қаламгер топталған, хикаяттар жинағы. Мүлде дерлік жаңа проза, біздің буынды мейлінше көтерген, кейінгі, аса ірі прозашыларды айғақтаған, тарихи кітаптар десем артық емес.
Осы орайдағы, маған тікелей қатысты бір кілтипан. Тəрізі, басқа бір шаруамен, немесе жүзкөріс жөнімен кіріп едім. Қалдарбек досым үш томдық таңдамалы хикаяттардың бас-аяғы жинақталғанын айтып, сəл бөгелді де, менің басқа бір повесть ұсынғаным жөн боларын жеткізді. Неге? Сыртқы рецензия мақұлдамай отыр, деді. «Бұл «Жыланды жаз» – классикалық шығарма, ол қандай мықты, маған тыйым салғысы келетін, ауыстырмаймын, жаратпасаң, үш томдық жинағыңа қатыспай-ақ қояйын», – дедім келтесінен кесіп. Қалдарбек қызара толқып барып, күлді. «Айтқаның болсын, – деген. – Менікі – саған сөз келмесін деген тілек қана…» «Көтеріп алдық», – дедім мен де, қырыс-тырысым жазылмағанымен, зорлана езу тартып. Бұл – «Аласапыраннан» көп бұрын, 70-жылдардың соңы. Ұзақ хикаят, шағын роман есепті «Жыланды жаз» ешбір бөгесінсіз, жас прозашылардың «Беласқан» аталған ғажайып антологиясының Екінші кітабында басылып шықты.
Сол кезде, əлде кейінірек, осы үш томдық туралы жабық рецензия авторының есімін, Қалдарбектің өзінен емес, осы баспада қызмет атқаратын əлдебір ағайын тарабынан, бейтарап əңгіме үстінде кездейсоқта естіп қалған едім. Мені біржола теріске шығарған қатал үкім иесі – өзімнің бірге жүрген жан досым Рымғали Нұрғалиев екен. Сыртқы, жабық пікір, ешкім білмес, деді ме, қайткенде рабайсыз жағдай. Бұрнада мектептес, ауылдас, кейінде əріптес досымның арқадан тас ататын жəне айныма, жылымсы мінезін бұрын да аңғарған едім, таң қалғам жоқ жəне көңіліме де алмадым. Мейлі, қолынан келсе тыпырлай берсін. Одан ештеңе бүлінбейді, өзін əшкере шығарғаны демесек… Кейінде жазғанымдай, біздікі – бейсауат елеместік емес, астам көңіл екен, сонда мені қалай оқсатпақ деген. Бұдан соң да талай қызығын көрдік…
Сонымен, Қалдарбек. Ақкөңіл еді. Əркімде əр жағдайда əрқилы есеп болуы мүмкін. Қалдарбектің адам атаулыға арамдығы жоқ-ты. Жанашырлығы, тілектестігі мол. Жəне кімге болса да жақсылық жасағысы келіп тұрады. Жай ғана жақсылық емес, мүмкіндігінше жарылқау. Мұндай, бөтенге орынсыз жасаған жақсылық айналып келіп, нақты зиянға шығып та жататын. Жеке өз басы үшін. Бұл кезде, қазір де, біздің жұрт соңғы жүз жыл бойғы қуғын мен сүргін, аштық пен абақты, тынымсыз қысас, жаппай таршылық заманда, өзінің ежелгі дарқан мінезі мен кең пейілінен айрыла бастаған. Қалдарбектің, тұрғылас, қатарлас басқа бір азаматтардың кеңшілік, мейірбан, мəрт мінезін əлсіздік, жалтақтық деп тануға бейім. Бұлданбай, кергімей, қитұрқы саудасыз келген игілікті тиісінше бағалаудан аулақ. Бəрі де өзімнің мықтылығым, əйтпесе бүйтетін едім деп байыптайды. Өзіміздің де алдымыздан өтті. Ал Қалдарбектің тұзы тіпті жеңіл екен. Қаламдас қаншама жанға жол ашты, қарық қылды, жаппай жарылқады, бірақ сол аларманның кісілікті бірлі-жарымы болмаса, көпшілігі еселі ілтипат пен жақсылықты білмей кетті. Алған үстіне ала берсем дейді, бір кітаптан соң екі кітап, мұның бəрі нəшірият директорының ырқында емес, жоғарыдан тежеу бар, анталаған қаншама жазарман, баспаның мүмкіндігі де шектеулі, үш тілектің екеуі орнына келіп, біреуі аз-маз бөгеліп қалуы ықтимал, енді əуелгі екеу есеп емес, кейінгі біреу наразылыққа, тіпті, дұшпандыққа шығады; жекелеген кітап қана емес, əр кітаптың бекімді көлемі, кесімді қаламақысы бар, сыбағасына қанша тисе де, бұдан артық түсуі керек еді дейтін ынсапсыз көңіл қанағат таппайды. Кісісіне қарай жасалған іс қана тиесілі бағасын алмақ. Алды қаншама кең, қолы қаншама жомарт болса да, Қалдарбек үнемі жазықты болып жүретін. Қисық сөз, ашық ғайбат. Тіпті, өлгеннен кейін жиырма жылдан соң да айтылып жатыр. Интернеттен байқағаным.
Қалдарбек 1991-1996 жылдары Жазушылар одағының бірінші хатшысы болды. Бүгінгі тілмен айтқанда, төраға. Заман тарылып бара жатыр, кітап шығару ісі тоқырады, ал бұрнада беделді қаламгерлер ұйымы мүлде елеусіз кепке түсті. Енді əуелден іскер, мына жаңа заманға да еркін икемделе бастаған Қалдарбек Найманбаев бізді барлық тығырықтан аман өткізуге тиіс. Ғажайыпқа соншама сенім болмаса да, үміт зор. Бірауыздан өткіздік. Бұдан соң мейлінше қолдау көрсеттік. (Жəне көп ұзамай, Қазақстан парламентіне сайладық.) Алайда… заманды кім түземек. Оның үстіне, ең жоғарғы билік Назарбаев өкіметінің негізгі мақсаттарының бірі – ертелі-кеш əлденендей қарсылық білдіруі мүмкін, ой-пікірлі, еркін ауызды Жазушылар Одағын жаныштау болатын. Ол да кеуделі Ғылым академиясын тарату, беделді, əйгілі оқымыстыларды бар күшінен айыру науқаны сəтімен жүзеге асқан. Бұл, жекелеген еркін тұлғаларды шідерлеу, қаламгер атаулыны тұрмыстық таршылыққа ұшырату үшін баспа ісі тежеліп, қаламақы хақы мүлде жойылды. Жазушылар одағы қатардағы əуесқойлар үйірмесі дəрежесіне түсірілді. Əйткенмен, əлдебір жазармандарды ауыздықтау, жуасыту тұрғысында, санаулы кісілерге жыл сайын бір рет берілетін «Президенттік стипендия» дейтін, мүгедек жəрдемақы тағайындалды. Яғни, қолдан жем жейтін кіріптарлық.
Қайткенде, Жазушылар одағы өзінің руханият саласындағы əдепкі, бейбіт жұмысын одан əрмен жалғастыра берді. Мəскеуден бастап, бұрнағы барлық республикаларда қалыпқа түскен – бір Одақ ішінен əлденеше жаңа Одақ құрылған алауыздық жағдайға жол бермедік. Жазушылар одағы бұрнағыдай қуатты болмаса да, бірегей, біртұтас рухани ұжым есебінде жұмыс жасап жатты. Осы ретте Қалдарбектің жалпы жұрттың көңілін таба білетін жайсаң мінезі мен өзіндік епті саясаты да елеулі қызмет атқарса керек.
Сонымен бірге, Қалдарбек бірінші қатардағы, кешегі С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сияқты, жалпы жұртқа даңқты жəне өкіметке де беделді тұлға болмаған себепті, жоғарыдан ғана емес, төменнен, тақау төңіректен ақыл айтып, нұсқау берушілер көбейіп кеткендей. Бірінші басшымыз жүре тыңдағанымен, бəрінің бірдей бетін қайтара алмайтын еді. Оның ішінде өкіметім мен партияға жақын, мына заманда төтенше бедел тапқан жаңа бір тұлғаларды.
Бұл кезде Халық жазушысы деген абыройлы атақ шыққан. Бірінші кезекте – Ғабит Мүсірепов бастап, Тұрсынхан Əбдірахмановамен шектелген төрт-бес дырау. Əлбетте, мұнымен тоқтап қалуға тиіс емес. Əркім-ақ үміткер болса керек. Ақыры, бір күні, кезекті секретариат мəжілісінде Қалдарбек төтенше ұсыныс айтты. Анау ақсақалдардан соң іркіліп қалдық, енді Халық жазушысы атағына жаңа бір кісілерді ұсыну қажет болып тұр, деді. Сөздің аяғын күттік. Бірақ лебіз мүлде басқаша шықты. Бүгінгі жиынымызда Одақ атынан Халық жазушысы мəртебесіне Шерхан Мұртазаевты ұсынсақ, деді. Секретариатқа кейіннен тіркелген Б.Нұржекеев, Д.Исабеков, тағы біреулер ешбір бөгеліссіз, мақұлдап шыға келді. Лайықты, одан артық кіміміз бар, десті. Енді күмəнді іске менің араласуыма тура келген. Орта жолдан, төбеден түскен бұл Шерхан Мұртазаев қандай құдірет? Қанша мақтасақ та, шамалы ғана жазушы. Сонда шын əйдіктер қайда қалады. Неге осы Шерхан Мұртазаев бəрінің алдына түсуге тиіс? Бұл – бүгінде он үшінші, он бесінші қатарда тұрған кісі. Сөз жоқ, ең алда – Олжас Сүлейменов. Жалғыз-ақ адам керек болса, осы Олжас. Мына Мұртазаев, жаңа айтқанымдай, екінші де емес. Олжасқа жалғас тағы қаншама таңдама қаламгеріміз тұр. Сайын Мұратбеков, Əкім Тарази, Қабдеш Жұмаділов… Мұхтар Мағауинді айтпай-ақ қояйын. Ең аяғы Оралхан Бөкеев. Шерханға содан кейін ғана кезек келуге мүмкін. Тəрізі, жоғарыдан нақты нұқсау түскен сияқты. Жазушылар одағы, жазарман қауым ешкімнің ойыншығы емес. Ұят болады. Шерхандарыңды қоя тұрыңдар. Ең алдымен Олжас Сүлейменовті ұсынуымыз керек, дедім.
Бұл кезде, Мұхтар Əуезовтің өзі тіріліп келсе де, менен басқа ешкім үшін бедел емес. Өкіметім мен партияның шексіз қолдауы арқасында Шерханның аспанға шығып, дəуірлеп тұрған кезі. Оған жетпегенмен, тайталас, ізбасар, ұлттың рухани көсемі ретінде М.Шаханов көтеріліп келе жатыр. Н.Назарбаевтың өзінен бастап, осындай қырқылжың, орташалар заманы. Менің сөзім аз-маз əсер еткенімен, ешкімді тоқтата алмады. Ашық дауысқа салғанда жалғыз қалдым. Шерхан Мұртазаев Қазақстанның Халық жазушысы атағына ұсынылды. Бірақ дара емес, екінші болып Олжас өткен. Біреу емес, екі-үш дауыс қарсылықпен. Қайткенде, бар сөзіміз жерде қалмады, жоғарыдан атау түспесе де, Олжас қатардан озды.
Мен Шерханның аяқ астынан шырқап шығуы жəне бұған жалғас тағы қаншама жарлық, нұсқауды бөгетсіз қабылданғаны үшін Қалдарбекті кінəламас едім. Өкімет түсінігінде қатардағы шенеунік жəне мінезі жұмсақ кісінің ағымға қарсы жүзуі мүмкін емес. Бұған жалғас əрқилы, мен үшін ұсақ-түйек жағдаяттарды тізбелемей-ақ қояйын. Көбі ұмытылды, есте тұрғанның мəн-мағнасы кем. Тек анық байқалған кілтипан – арынды, адуынды Олжас заманындағы орным ояз тартып, беделім мүлде дерлік төмендеген екен. Төңірегім түгел жат, жападан-жалғыз қалыппын. Өкіметтік Исабековтердің жалы күдірейді. Бұл ахуал əдепкі секретариат мəжілістерінде айқын аңдалатын. Менің ұсақ-түйек ұсыныстарым мен ағымдағы əдеби үдеріс туралы бейкүнə сөздерімнің өзі көпшілікке ұнамас еді. Осы шамада Қалдарбекпен арамыз ашылмаса да, салқындаған. Маған қашанда қауіптене қарайды, бірдеңені бүлдіре ме деп. Жəне мені ашық жақтаса, анау ағайындарға ұнамай қалуы мүмкін. Сондықтан, аз-маз пікірталастың өзінде бейтарап тұруға тырысады. Əйтсе де, бір қалыптан таймаған едім. Жəне ұсақтан ұтылсам да, іріден есемді жібермеппін. Мұның нақты көрінісі – Оралхан марқұмнан соң «Қазақ əдебиеті» газетінің жаңа бас редакторын сайлау кезінде айқын аңғарылды.
Бұл кезде бəрі өз еркімізге көшкен. Басылымдар басшысын сайлау – Жазушылар одағы секретариатының ғұзырында. Нақты есімде жоқ, төрт, бəлкім, бес адам түсті. Бірінші реткі, жабық дауыс кезінде екеуі озып шығып еді: мен ұсынған Ахат Жақсыбаев жəне тағы біраз жұрт мақұлдап отырған жас жігіт. Жаңа бастаған, тəуір аталып жүрген прозаик, алғашқы қадамынан менің назарыма ілінген, бұрнада ақыл, кеңес, əлде жұмысқа шақырмақ кездесуден тартынып қалған жəне ешбір себепсіз, менен қашқалақтап жүретін. Ол ғана емес, ішінара мақалаларынан əдебиет, қоғамдық өмір тарабындағы келте танымы мен нақты істе шалағайлығы аңдалып қалған. Ал Ахат классик жазушы болмаса да, тұғыры берік қаламгер жəне əділ, турашыл азамат. Енді осы екеуін. Тағы да жасырын дауыс. Ешқайсы басым түспей, бес те бес болып шықты. Азғана талқыдан соң қайыра салдық. Қаз-қалпы – бес те бес. Сонда мен айттым: «Бұл – өзгермес, ең соңғы нəтиже сияқты. Ал əдеби газетіміз бас редакторсыз қалмаса керек. Осындай тепе-тең тайталаста төрағаның дауысы шешуші деп саналатын рəсім бар. Яғни, бір емес, екі дауыс есебінде. Қалдарбек кімге дауыс берсе, соған тоқтаймыз ба?» Бəрі де мақұл көрді. «Ендеше, Қалаға, шыныңды айт, кімді таңдадың?» Қалдарбек аз-маз қысылыңқы жағдайда: «Мен Ахатқа дауыс беріп едім…» – дегені. Бұдан соң мен, төраға болмасам да, төтенше ұсыныстың иесі ретінде жалпыға сауал салдым: «Енді, Ахат Жақсыбаевтың жеңіске жеткенін бəріміз де мойындаймыз ғой!? Күмəн қалмас үшін қол көтерейік», – дедім. Біліп отырмын, əуелден қарсы топ ішінде Ахаттың өзінің бірге оқып, бірге өсіп келе жатқан достары Бексұлтан мен Дулат бар. Енді, бар түйін шешілген сəтте осы екеуі де, басқалар да түгел қол көтерді. Сөйтіп, менің жақын серігім, «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы Ахат Жақсыбаев «Қазақ əдебиеті» газетінің бас редакторы болып сайланған еді. Бес-алты жыл отырды, бар шаруасын, қылдан таймай, абыроймен атқарды.
Осы заман, 1992 жылы Қалдарбек «Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының» орынбасар төрағасы болып тағайындалды. Бас төраға Нұрсұлтан Назарбаев деп есептеледі. Шын мəнісінде, шет жұрт қазақтары үшін құрылған қоғамдық ұйымның толық ғұзырлы басшысы Қалдарбек болып шықты.
Бұл тарапта Қалдарбек сыртқы көзге көріне бермейтін қыруар жұмыс атқарып еді. Қазақтар біршама жиын тұратын Түркия, одан соң Германия, Франция, Англия, Норвегия, Австрия, Швеция, Дания, Нидерланды жəне азды-көпті жұрнағы бар тағы біраз ел. Қайткенде жері жақын, өрісі үйлес Ресей федерациясы мен Өзбекстанды айтпағанда. Қалдарбек осы, алыс шет елдерді еркін аралап, ондағы бауырлас жұртымызбен тығыз байланыс орнатты. Тек Қазақстанмен аралық қана емес, бұрнада бөлек-бөлек жатқан, ішінара қатынасы жоққа жақын əрқилы диаспораларымызды өзара жалғастырды. Шетте қоныстанған қазақ атаулының түпкі Отаны барын, онымен жалғастық тек қана игілікке бастарын кеңінен насихаттады. Жекелеген кездесулер мен топтама жиындар өз алдына, əрбір алыс аймақта шет елдік қазақтардың Кіші құрылтайларын ұйымдастырды. Тұрғылықты ағайындардың отаншылдығы мен ұйымшылдығы қаншама зор десек те, бұл – нақты мақсатты, қыруар дайындық қажет ететін аса ірі, мəдени, рухани, ұлттық шаралар болатын. Жəне атаулы бір ғана елдегі қазақ диаспорасы емес, іргелес бірнеше жұрттағы қазақ бас қосатын ұлттық мереке деңгейінде өткерілетін. Мен өзім 1997 жылы Түркияда ұйымдастырылған Кіші құрылтайға куəгер болып едім. Тек қорамы біршама Түркия қазақтары ғана емес, Германия, Франция, Швеция жəне басқа да Еуропа елдері қазақтарының арнайы өкілдері келіп еді. Ал туысқан Түркиядан, өкімет өкілі ретінде сол кездегі орынбасар-премьер Тансу Чиллер жəне қоғам қайраткері, белгілі оқымысты ғалымдар: Тұран Язған, Невзат Алчынташ, Мехмет Сарай, Əбдулқадыр Донық, Ахат Андижан сияқты, қазаққа айрықша тілектес, тұлғалы азаматтар қатынасты. Біз Қазақстаннан, қауымдастық өкілдеріне селбесіп, үш адам барып едік, менен басқа екеу – тарихшы Манаш Қозыбаев пен драматург Қалтай Мұхаметжанов. Мен өзіміздің жұртқа жəне түрік зиялылары үшін арнайы сөз сөйледім. (Прагадағы «Азаттық» радиосынан барған арнайы тілші таспаға жазып алып, эфирге шығарды, жəне кейінде «Қазақстан – Түрік дүниесінің тірегі» деген тақырыппен, менің кітаптарымда басылды.)
Айтқанымыздай, бұл Кіші құрылтайлар жай ғана бас қосу емес, сырттағы қазақтарды Үлкен Отанға орайластыратын, шалғайдағы жұртшылық, əсіресе кейінгі буынның түп тамырын негіздей түсетін, əлеуметтік қана емес, мəдени, рухани аса маңызды шаралар екен. Қалдарбектен соң жалғасқанымен, мүлде басқаша сыпат алып еді. Мəселен, Берлинде өткен, ең соңғы бір шара. Мен Прагада тұрам, үйішіміз, осында туған немерелерімізбен баруға дайындалдық. Осы кезде бұл, кезекті Кіші құрылтайдың программасы қолымызға түскен еді. Тек аты ғана, əйтпесе бастан-аяқ бүткіл əлемге əйгілі күн көсем Нұрсұлтан Назарбаевтың данагөй саясатын сырттағы қазақ қауымына насихаттау науқаны екен. Əрине, қынжыла отырып бас тартуға тура келді.
Тек осы атаулы жиындар ғана емес, Қалдарбектің тұсында, қауымдастық аталатын ұйым, тікелей ғұзыр, өкімді билігі болмаса да, шет жұрттық барлық қазақтың сырттан хабарласар, өзара жалғасып, іштей тыныс тауып, үміт арқалар, ерекше бір орталығы міндетін атқарып еді. Кейінгі, менмен, дөкір Т.Мамашев, мүлде бейсауат З.Тұрысбековтер кезеңінде біржола жоққа айналды. Қалдарбектің «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» аталатын, сəулелі мекеменің бар жұмысын қалай ұйымдастырып отырғанын сонда ғана аңдағандай едік. Ақыры қазір жоққа есепті.
Қалдарбек мен алпыс жасқа толғанда, Драма театрында өткен мерейкешіне, ертеңіне дос-жар, тілектес ағайындар бас қосқан тойға да келмеді. Əлденендей жол-сапарда жүрсе керек. Арада апта өткенде, Қауымдастыққа арнайы шақырып еді. Мəнді, шағын дастархан, өзі бастап, Жəркен, тағы бір жігіттер жалғастырған құттықтау, мадақ сөздерден соң, қосар, қымбат қалам, тағы бір сувенир мен өздері бастырған шет елдік қазақтардың кітаптары салынған əдемі дипломат сыйлап еді. Бұл – біздің ақырғы емес, əйтсе де, соңғы, сирек кездесуіміздің бірі болып шықты.
Қалдарбек күтпеген жағдайда, 2004 – алпыс бес жасында дүниеден озыпты. Бұл тұста мен Еуропада жүр едім, топырақ сала алмадым. Сырлас, мұңдас болмасақ та, риясыз қатынасқан, дос-жар кісілер едік. Күні бүгінгеше ұмыта алмаймын. Оның жарқын жүзі. Ақ пейілі. Еркін, етене мінезі. Адам атаулыға жақсылық жасауға ұмтылып тұратын дарқан көңілі…
Алпыс бес – ер-азаматтың жасы десек те, бүгінгі заман үшін тым келте ғұмыр. Əйтсе де, тоқсан жылға парапар, қызғылықты дəурен сүріп өтті. Кең ауқымды, жүйрік журналист еді. Өз тұсындағы жаппай үдеріс орайымен, жазушылық жолына ниет қылды. Шығандап шықпағанымен, жұрт қатарлы еңбек етіп, біршама нəтижеге жетті. Ең бастысы – артында із қалдырған қоғамдық, əлеуметтік қызметі дер едім. Баспагерлік жəне Одақ пен Қауымдастық орайында. Бедерлі, андағай сорап. Жəне… екі аяқты пенде ретінде бар мұратын тапқан сияқты. Мəрт қана емес, ақжолтай болатын. Көп хикаяттың түйінді нəтижесі – жігіт ағасы жасында аса дарынды, инабатты жəне əдемі ақын қызбен көңіл қосыпты. Аппақ ұл туған. Қалдарбек үшін бəрі де кешірімді, жəне жалпы жұртқа жария жағдай. Бұл бала өсті, жетті. Біз Прагада тұрған кезде осы ғажайып шаһардағы əлдебір жоғарғы оқу орнында оқыды. Анасы жанын үзіп тұрады екен. Баласы үшін жəне сейіл-серуенмен арнайы келген бір сапарында жақын ағайындардың басын қосып, қонақасыға шақырып еді. Баламыз Қалдарбектің өзіне тартқан, ашаң жүзді, аққұба, жəне бітімі ұзынырақ екен. Кейінірек естігенім, анасының сойына жазылған, бірақ Қалдарбекұлы. Ауылдас, тілектес қарындасымның көңілі үшін жəне баламызды демдеп, Қалдарбек туралы жалпы жұртқа айтқан естелік əңгімелерімді елбірей тыңдап отырды. Адам болар, жақсы бала. Кейінде оқуын бітіріп, елге қайтты деп естідім.
Ал Қалдарбек… біз жасаған өтпелі, қиғылық заманда ғұмыр кешкен өзгеше бір тұлға екен. Айттым, ертерек туып қалған. Сонда да мүмкіндігінше ұтымды қызмет атқарып кетті. Қазақ жұртынан шыққан, ескі мен жаңаның ортасындағы рухани қайраткердің төтенше бір көрінісі. Жалпы жұрт түсінігі тұрғысынан. Ал мен үшін… Арада жиырма жыл өткен, сексенді орталадық, осы ұзақ ғұмырда қаншама жанмен таныс, біліс қана емес, істес, аралас болдық, көпшілігі ұмытылған, естеліктері көмескі тартқан. Ал Қалдарбектің жарқын жүзі ешқашан ұмытылмас еді. Соның нақты белгісі ретінде осы шағын жазбаны қағаз бетіне түсірдім. Өткендер алдындағы міндетті парыздың бір ұштығы есепті.
Кемер, Түркия
1-7.ІІІ.2024.