Түркістан облысында бір ауылды полицейлер күндіз-түні күзетіп тұр
ТҮРКІСТАН. 20 шілде. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы «Жібек жолы» ауылын полиция қызметкерлері аптаға жуық уақыттан бері күзетіп тұруға мәжбүр болды. Бұл туралы Nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұған себеп: әлеуметтік желі арқылы жастар арасында «Жібек жолы» ауылында «11-сынып оқушысы 14 жасар қызды зорламақ болды» деген сыбыс тараған. Осыдан кейін елді мекен тұрғындары арасындағы ашулы топ күдіктіні іздеп, оның және туыстарының үйіне басып кіруге әрекет жасаған.
Полиция оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Дүрбелең 14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні орын алған. Содан кейінші үш күн бойына ауыл байланыс пен интернеттен ажыратылып қалған.
Ауыл тұрғындарының айтуларынша, ондағы жастар арасында 11-сынып оқушысы 9-сынып оқитын қызды зорламақ болды деген сыбыс тараған. Осыған байланысты көтерілген ашулы топ күдіктіні іздеп, үйіне және туысының үйіне тас атып, «шабуыл жасаған». Осы оқиғадан бірнеше адам зардап шеккен, екі үйге зақым келген.
«Жібек жолы» ауылындағы оқиға туралы әкімдік өкілдері де пікір білдірді. Жергілікті билік мәліметінше, тараптар түсініспеушілігі 15 минутта шешілген. Қазір құзырлы орган өкілдері жан-жақты бақылап жүр деген жауаптылар дүрбелеңде бірде-бір адам зардап шекпегенін айтты.
«Жібек жолы ауылдық округінде жастар тарапынан түсінбеушілік болған. Жастар арасында әлеуметтік желіде 14 жастағы қызды зорламақшы болды деген ақпарат тараған. Содан кейін жастар дүрбелеңге түскен. Дегенмен ауыл үлкендері дер кезінде алдын алып, келеңсіз оқиға болған жоқ. Қылмыстық іс қозғалды. Жалған ақпарат тарату бойынша бірнеше азамат тергеліп жатыр», – дейді Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев.
Сарыағаш аудандық сотының мәліметінше, «Зорлау», «Қылмысқа оқталу» күдігімен 16 жасар жасөспірім қамалған. Одан бөлек, «Бұзақылық» бабымен 19 жастағы жігіт қамауға алынған. Сот ол екеуін 10 күнге қамауға санкция берген.
Айта кетейік, Сарыағаш ауданының «Жібек жолы» ауылы – Өзбекстанмен шекаралас аумақта. Оның іргесі 1864 жылы «Черняевка» ауылы болып құрылды (Жұрт әлі күнге дейін ауыз-екі тілде осылай атайды). Ол 1930 жылға дейін «Полторацкое» болып та аталған. 1958 жылдан мақта өсірумен айналысатын «Красный Восток» колхозының орталығы болды. Ал 1993 жылдан «Жібек жолы» деген жаңа ат алды. Ауыл халқының саны 8 мыңнан асады. Ауылдық округ бойынша 18 мың адам тұрады. Олар 17 ұлтты құрайды. Ауылда 2 орта мектеп бар.