Қытай басшысы Ши Жиңпиң партия отырысы үстінде инсульт алды
БЕЙЖІҢ. 17 шілде. Қытай коммунистік партиясының тура отырысы үстінде ҚХР лидері Ши Жиңпиң инсульт алып қалған көрінеді. Бұл туралы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының деректеріне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Алайда Қытайдың өз мәтбұғаты түгелімен үнсіз, бұған қатысты ешқандай ақпар таратып отырған жоқ.
Деректі жалғанның жарығына алғашқы болып алып шыққан құқық қорғаушы Дженнифер Цзэн ханым қытайлық көшбасшының отырыс кезінде қатты ашуланып тұрып, құлап түскенін баяндады. Ол мұның жайын өзінің Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі жаңалықтар топтамасында айтып берді.
«Куә болу тарихы: Бір қытай әйелінің азаттық жолындағы күресі» кітабының авторы Ши Жиңпиңнің (орысша – Си Цзиньпин) дәл Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің үшінші пленарлық сессиясы жүріп жатқан кезде кенеттен инсульт алып, құлап түскенін атап өтті.
Лекін Қытайдың ресми билігі атап көрсетілген ақпарға әзірге түсіндірме бере қойған жоқ.
Ши Жиңпиң биылғы 15 маусымда ғана 71 жасқа толды. Бұдан алдын бүкіл әлем бұқаралық ақпарат құралдары Аспан асты елі басшысының денсаулығына қатысты ештеңені ләм-мим деп айта қойған жоқ-тын. Демек, олардың бәрі де оның кейінгі кездегі ахуалынан мүлде хабарсыз болса керек.
Осы ретте 2018 жылы Қытай Парламентінің төраға қызметінің өкілеттігіне шектеу қою тәртібін алып тастағанын еске ала кетейік. Мұның өзі Ши Жиңпиңнің енді елді өлгенше басқара алатынын білдіреті еді. Сол себепті де 2023 жылғы 10 наурызда оның үшінші сапар Қытай Коммунистік партиясының Бас хатшысы (бұрын лауазым «төраға» болып аталды) орынтағына отырып, ҚХР Орталық әскери кеңесінің төрағасы болып сайлануы заңдылық болатын.
Дженнифер Цзэн – Қытайда медитациялық практикалары мен Фалуньгун жаттығулары (адалдық пен азап шеге білуді насихаттайтын ілім, йоганың бір түрі) үшін қасақана қуғын-сүргінге ұшыраған құқық қорғаушы және жазушы. Кезінде Фалуньгун Қытайда кеңінен тараған-ды, 1999 жылға дейін онымен миллиондаған адам шұғылданды, ілімнің негізін қалаушы Ли Хунчжи бірнеше рет шенеуніктердің өздерінің шақыруымен Үкіметке келіп дәріс оқыған. Сосын Компартия Фалуньгуннің тым танымал болып кеткенінен қауіп алып, оны өз догмаларына қарсы келеді деп есептеп, тоқтатып тастады. Бұдан кейін Ли Хунчжи АҚШ-қа мұғажыр болып қашып кетті, ал Дженнифер Цзэн түрмеге түсіп, қорлықтың сан алуан түрін бастан кешті.