Басты баған

ПРОВИНЦИАЛИЗМ ПАҢДЫҒЫ

Астанадан провинцияға ауысқаныма бес жыл болып қалды. Кей-кейде «есер көңілі құрғырың» астананы аңсағанымен енді осында мәңгілікке қалармыз дегенге көніп қойғанбыз. «Ақындар провинцияда туып Парижде өледі» деген қанатты сөзге ұзақ жылдар қағаз шимайлап, 15 кітап шығарсақ та, біз лайық бола алмадық.

Алайда, мен провинцияда жүрмін дегеніммен, мұндағы жұрттың көбі өзін провинциялдықпыз деп санамайды, кеуделері көтеріңкі,  әлі де астананың бізден несі артық деген пиғылда екенін көріп жүремін. Тіпті «астананың мектептерінің беретін білімі бізден төмен, оқушыларының білімі тайыз» деген сияқты кекірттік сөздер де айтылып қалып жатады. Бірнеше шетел тілін білетін бір қартаң журналистке сіз туралы «провинциядағы полиглот» деген мақала жазайын деп едім, біз провинциял емеспіз кекірейіп қалды…

Туған жер, әрине өзіме де ыстық, бірақ провинциялдық сананың сезіліп, көрініп тұратыны жиі кездесіп, осы екеуінің ежелгі айырмасы қалмапты-ау деп ойланып қаламын.

«Театр киімілгіштен басталады» демекші қаланың басталуы ежелден вокзалдан ғой. Қайта құрылып, жаңғыртылса да Қызылжардың вокзалы жаңа заманның талабына сай болмаған күйінде қалған. Сервистік қызмет сол баяғы кеңестік бұйығы күйінде. Іші де тар, эскалатор бірде істеп, бірде істемей жатады. Құрылыс материалдарының барынша көп, әрі әртүрлі болған осы заманда келісті, айшықты, жарқыраған дүние жасай алмаған. Теміржолдың өзі Ресейдің Оңтүстік-Орал теміржол басқармасына қарайтындықтан вокзал да солардікі, ескі вокзалды жергілікті биліктің талабымен солар жаңғыртқан. Ал жаңғыртқаны әлгі – сыртын сәл ғана жылтыратып, сапасыз күйінде қалдырған. Теміржол Ресейдікі болғанымен біздің елдің аумағында болғандықтан вокзалды бізге берсе керек еді, бірақ шекараны нақтылаған екіжақты келісім кезінде біздің дипломаттар ол үшін күресе алмаған сияқты, қатты ұтылып теміржолды вокзалымен қоса жат елге беріп жіберіпті. Оған әрине мемлекеттің бұрынғы басшысы мойын салып соңына түспегендігі көрініп тұр, әйтпесе оның Қызылжардың, яғни қазақтың тарихымен тығыз байланысты вокзалын өзімізге алып қаларлық беделі бар сияқты еді. Әлімхан Ермековтер сияқты жанашыр қайраткер болу қайда?..

Кейбір жерлестерім мені өз қағынан жеріген құлан ба бұл, өз қаласын провинция деп жерігені несі деп жазғыруы да мүмкін. Мен Қызылжарымды сүйемін әрине, осы қалада 13 жасымнан пенде болып, жарты ғасырдай өмірім өтіп келеді. Астанада тұрған 16 жылымда да бұл қаладан кіндігімді үзбей, жиі келіп тұратынмын. Қызылжардың көптеген жетістіктіктеріне, қызығы мен шыжығына белсене араластым. Қаланың атауы Петропавлдан Қызылжарға өзгеруіне де өзіндік үлесімді қосып келемін. Оған да қол жеткізуге көп қалмағанын жүрегім сезеді. Биылғы тасқында қаланың ежелгі ордасы, «Петропавл» қорғанында қызмет етіп, отставкаға шыққан, аурулығы, жаралылығы бойынша саптан босатылған солдаттар мен казактар салған үйлер, тұрғын болып шаңырақ көтерген ежелгі орындары – Ойқала түбірімен қопарылды. Қаланың орыс тұрғындарының негізгі қордасы осында қаланған еді. Ал қазақтар дөңдегі «Абылайдың ақ үйінің» маңына қоныстана бастаған. Мұнда орыс мұжықтары емес, қазақ, татар, орыс, шалақазақ, Бұхар, Хиуа көпестері, қаланың «көп шенділер» атанған шенеуніктері үйлер салған… Бір кезде қаланың барлық халқының 46 пайызы мұсылмандар болса, солардың бәрі дерлік Дөңқалада тұрып, мұндағы халықтың 60-70 пайызы сол кездерде қазақша сөйлеген…

Биыл Ойқала және оған көршілес Тері зауыты сияқты шеткі аудандардың көптеген тұрғындарына «Бірлік» атты жаңа ауданнан 700 үй берілгелі жатыр. Оның 100-не тұрғындар түсіп те алды. Енді жаңа аудан, жаңғырған жер ақырын-ақырын Қызылжар атанбайтын несі бар… Әрине, оған тек ең жоғарғы жақтың иегін көтергені ғана керек. Ал мындағылар қазір оны сөзсіз орындай алады. Өйткені, тасқынға қарсы күрес арқылы қадірлері артып, беделдері өсіп тұр. Сөздерін өткізе алады. Қазақтың «темірді қызуында соқ» дейтіні нақ осы сәт.

Менің Қызылжарды провинция атауыма себеп болған негізгі мәселе – қоғамдық сананың астанаға қарағанда артта қалғандығы. Қызмет көрсетуде бәсекелестік төмен. Өзгелерден озып, жақсы көрінейін деуге бизнес өкілдері ұмтылмайды. Керісінше артта қалған біреудің жолымен жүріп, соқыр тиыннан пайда тауып, озғысы келеді. Мысалы, өркениетті елдердің дүкендерінде ешқашан ақы алынбайтын пакет, жылтыр қалташа дегендерді біреулері сата бастап еді, қалғандары да сонымен байыйтындай 10-15 теңгеден сататын болды. Жанар-жағар май стансаларының иелері бұрын құйып беруші ұстайтын. Мұндайлар жүргіншіге ыңғайлы, қолына бензин тамып кете ме деп сақтанбауға жақсы дүние еді. Қазір «жұмыртқадан жүн қырыққан» байлар құйып берушіге ақы төлеуді үлкен шығын көріп, ондайды қысқартып тастаған. Жолаушы кеңестік кеңкелестік кездегідей бензиннің пистолетін өзі ұстап, өзі құюға мәжбүр. Бұл әсіресе сылаңдаған, қымбат бояулы, қымбат киімді бойжеткендерге қиын. Маникюріне зиян келіп қалмасыншы, бензиннің иісі қолыма сіңіп кетпесінші деп «пистолетті» қолының ұшымен қысып, қиналып жатқан оларды көріп, өзің қысыласың. Бірақ клиентке ыңғайлы қылуды кедейден байыған байшікештер ойланып жатқан жоқ. «Тышқанға түк біткен сайын қалтырауық келеді» дегендей байыған сайын ұсақталып барады. Осындайдың бәрі: «мен осы халықтың арқасында байып бара жатырмын-ау, ендеше оларға да бір жақсылықтар қылайыншы» деп ойлануды білмегендіктен. Ал өркениетті елдер клиентке қайтсем жағамын, қайтсем оның бабын табамын дегенді естен бір сәт те шығармайды.

Сонымен бірге жақсы көрінген жанға, жақсы киінген адамға баяғыша, кеңестік көзқараспен қарайтын қызғаншақтық та қалмаған. Өзінің артта қалғанын өзгеден көретін ішін тырнаған «қызыл ит» кейде орашолақ қимылдарға да апарады. Мысалы, менің машинамның нөмірі Астанада жүргенде алғандықтан «01» сериялы. Бірінші деген қай күнде де озық дүние деп танылған ғой. Соны қызғанып, озып кетуге тырысып, жанталасатын іштарларға не дерсің?  Ал шыныдан жасалып, жолаушыларға сәнді болсын деп жасалған аялдамаларды шаққысы келетін топастарды қалай сананың артта қалғандығы демессің? Бір жылдың ішінде ғана Петропалда бірнеше шыны аялдамалар сындырылды.

Бәрін айт та бірін айт, клиенттінің келгеніне қуануға тиісті қызмет көрсету орындарының өзі мобильді телефондарының нөмірін қызғыштай қорып, бермейтінін қайтерсің. Кезекке жазылуға, сұрап білуге тек қалалық телефондарын ғана береді, ал оның құлағын көтеруге өздері асықпайды немесе үнемі қолдары бос болмай жатады. Сөйтіп ешкім алмайды.  Шаштараз, су, жылу т.б. бәрінің қызметін алу үшін тек қалалық телефонға ғана хабарласуға мәжбүрсің. Жұмыс тиімділігі үшін қосымша мобильді телефон ұстау дегенді білмейді. Осындайды мемлекеттік қызмет көрсету орындарынан, салық органдарынан да көресің. ХХІ ғасырда провинцияның көрген күні осы. Жеделдікке (мобилділікке) жете алмай, әлі де сол, өгіз аяңмен келеміз. Апырау, мобильді телефондарыңыздың нөмірін неге бермейсіздер, бірліктің ақшасы сізден емес хабарласқан соң менен кетеді ғой десең – түсінбейді ғой. Оларға мобильді телефонның нөмірін құпияда ұстауды біреу сыбырлап қойғандай, жаны қалмай қорқады. Осындайды провинциялдық сана емес деп қалай айтпассың?..

Кеңес заманында адамды қоғамның бір винтигі ретінде санап, жеке адамдық қасиетін аяққа таптап, оған тек өктем сөйлеу қалыптасқан. Соның өзін «біз қарапайымбыз, шетелдіктердей шікіреймейміз, сәнқойланбаймыз» деген қағидамен мақтан көретін. Сол үрдіспен түрлі ескертулердің өзін бұйрық түрінде беретін. Мысалы, «Не курить», «Не сорить», «Не бросать» дегендер сияқты. Өркениетті елдерде мұндай ескертулер бұйрық түрінде емес, «Темекі шекпегеніңіз үшін сізге рахмет» немесе «Артыңызды жинап кеткеніңіз үшін алғыс айтамыз» деген сияқты сыпайы, әдепті сөздермен айтылады.  Астанада да сондай қалыптасып келе жатқан. Ал провинцияда әлі күнге бұйрық түрінде қалған. Қымбат деген мейрамханаларыңыздың өзінде өктемсіп, бұйырып тұрады.

Осындайларды біреулер ұсақ-түйекке балар. Бірақ ірінің бәрі ұсақтан басталатынын ұмытпайық. Мен өзім тұратын қаламды «провинция» деп кемсітіп сынасам, оның жақсаруына ілкім себім тиер деген оймен жаздым.

Жақсыбай САМРАТ

ҚЫЗЫЛЖАР

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button