Париж Олимпиадасының жарыстарына Ресейдің 15 спортшысы жіберілді
ПАРИЖ. 25 шілде. Парижде ертең ашылу салтанаты өткеоі тұрған XXXIII жазғы Олимпиялық ойындарға Ресейдің 15 спортшысы жіберіліп отыр. Бұл туралы ХОК мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Халықаралық олимпиялық комитет Ресейдің 15 спортшысының Ойындарда спорттың бес түрі бойынша сайыстарға қатысатынын, бірақ бейтарап тудың астында өнер көрсетінін атап өтті. Осы орайда олардың бірі Олимпиаданың чемпионы атанып жатса да, Ресейдің гимні ойналмайды.
Теннисте ресейлік Роман Сафиуллин, Даниил Медведев, Екатерина Александрова, Павел Котов, Мирра Андреева, Диана Шнайдер және Елена Веснина номылы атлеттер өнер көрсетсе, Алексей Коровашков, Захар Петров және Олеся Ромасенко байдарка мен каноэде ескек есіп жарысады. Тағы үш спортшы – Алена Иванченко, Тамара Дронова және Глеб Сырица велоспорт сайысына қатысса, Евгений Сомов пен Анжела Бладцева суда жүзу мен батутта секіру додасына атсалысады.
Париж Олимпиадасында сондай-ақ бейтарап ту астында Беларусьтің 17 спортшысы өнер көрсетіп, жарыстың 9 түрі бойынша күш сынасады.
Бұдан бұрын Ресейдің спорт күресі федерациясы өзінің 10 палуанын Олимпиялық ойындарға жіберуден бас тартқан болатын.
Бұған дейін Ресей мемлекеттік думасының бір топ депутаты РФ спортшыларының Ойындарда бейтарап ту аясында өнер көрсетулеріне қарсылық білдірген еді.