Украина Шотландияны жеңді! Енді Уэльспен таласқа түседі (видео)
ГЛАЗГО. 2 маусым. Футболдан Украина құрамасы сырт алаңда Шотландия терме жамағатын 3:1 етіп ұтып, әлем чемпионатына баратын жолды жақындата түсті. Бұл туралы sport.ua хабарлады.
«Бүгін түнде Альбион жерінде Украина құрамасы Шотландия командасын 3:1 етіп тізе бүктірді», – делінген хабарламада.
Плей-оффтың жартылай финалынан осылай сүрінбей шыққан украин футболшылары енді Уэльс командасымен финалда кездеседі. Олардың қай жеңгендері биыл желтоқсан айында Катарда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.
Ресей басқыншыларының Украинаға толық ауқымда шабуыл бастап кетуі Александр Петраков басқаратын құраманың плей-офф ойындарын уақытында өткізуіне мүмкіндік бермеді. Сондықтан оның Шотландиямен ерте көктемде өтуге тиіс кездесуі жазға қалдырылып еді.
Әлбетте, «сары-жасылдар» бұл уақытты құр жібермеді, осы матчқа дейін үш жолдастық кездесу өткізіп үлгерді. Атап айтқанда, мамырдың ортасында Германияда Менхенгладбахтың «Боруссиясымен» ұшырасып, оны 2:1 етіп ұтса, Италияда «Эмполиді» 3:1 есебімен тізе бүктірді, соңында хорваттың «Риекасынан» басым түсті. Осы факторлар украин футболшыларына айтарлықтай жігер берді, ойын өрнегінің жоғалмауына сеп болды. Ал Стив Кларктың жетекшілігіндегі шотланд командасы соңғы екі айдан бері алаңға шықпаған екен.
Бірақ украиндар матчты сенімсіздеу бастады. Олар қайта-қайта қателесіп, соған жүйкелерін жұқарта берді. Осы мезгілде алаң иелері оларға алаңдағы ойынның кез келген сәтінде қатты қысым жасап бақты. Мұның бәрі Георгий Бушан қақпасы алдындағы қарбаласты күшейте түсті.
Абырой болғанда, украинның қақпашыдан бастап барлық ойыншылары бұл сынақтан сәтті шыға білді. Соның салдарынан шотландтардың қыл бұрауы да босай берді. Осыдан кейін алғашқы пәйттерде екі «сары қағаз» алып қалған Александр Петраковтың жігіттері біртіндеп қарсы шабуылға шыға бастады.
Қарсыластар алаңы аумағында комбинациялы ойнауға кіріскен украиндар қауіпті сәттер де туғызуға көшті. Ақырында 33-минутта жартылай қорғаушы Руслан Малиновскийден керемет пас алған форвард Андрей Ярмоленко допты қақпашының үстінен асыра тастап, торда бір-ақ шығарды. Бұдан кейін екі жақтың да шабуылдарының қарқыны айтарлықтай басылып қалды.
Украина құрамасы үшін екінщі таймның бас жағында тез гол соғып, есепті еселей түсу үлкен сәттілік болды. Матчтың 49-минутында қорғаушы Александр Караваев жөнелткен допты форвард Роман Яремчук әп-сәтте голға айналдырып жіберді.
Бұдан кейін меймандардың допты ұдайы алысқа тебуге тырысып, қорғанысқа көшіп кеткенін де айтуымыз керек. Соны пайдаланып, алаң иелері қайтадан «атқа қонды». Қысым барған сайын күшейе берді. Мұның нәтижесі – шотландтар 79-минутта Георгий Бушан қорғаған дарбазадан саңылау таба білді. Голкипердің өрескіл қатесін жақсы пайдаланған шабуылшы Каллум МакГрегор допты қақпаға қарай бұрып жіберді.
Ойынның соңғы минуттары екі жақтың бір-бірімен арбасқан күйінде өтті. Шотландтар көлбеу стильде бұрынғысынша шабуылдаумен болды, ал украиндар қарсыластарын қарсы шабуыл барысында ұтып кетпекке ұмтылды. Осындай қауырт жорықтар кезінде тек шабуылшы Артем Довбиктің өзі үш рет есепті ұлғайтатын мүмкіндікті жіберіп алды. Ол матчқа қосылған қосымша уақыттың 5-минутында голкипермен жекпе-жек шыққан сәтінде ғана соңғы нүктені қойып үлгерді.
Осымен Шотландия құрамасы іріктеу циклын аяқтады. Ал Украинаны алда тағы бір матч күтіп тұр.
ЧМ-2022 іріктеу плей-оффы.
Шотландия – Украина 1:3
«Хэмпден Парк» стадионы (Глазго, Шотландия).
Арбитр: Данни Маккели (Нидерланды).
Шотландия: Гордон, Купер (Хендри, 68), Хенли, Мактоминай, Робертсон, Хики, Макгрегор, Гилмор (Армстронг, 68), Макгинн, Дайкс (Кристи, 46), Адамс;
Украина: Бущан, Миколенко, Матвиенко, Забарный, Караваев, Степаненко, Цыганков (Мудрик, 72), Зинченко, Малиновский (Шапаренко, 72), Ярмоленко (Зубков, 78), Яремчук (Довбик, 78).
Голдар: Макгрегор (79) – Ярмоленко (33), Яремчук (49), Довбик (90+5).
Ескертулер: Дайкс (44), Макгинн (59) – Яремчук (5), Малиновский (11), Шапаренко (84).