Тіршілік

КҮТУМЕН ӨТКЕН БІР ЖЫЛ

«Жақсы әйел теңдесі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» деп, дана қазағым көрегендікпен айтып кеткен екен. Отбасымның ұйтқысы, балаларымның анасы, адал жар, отанымның сыйлы да қадірменді келіні болған Тұрсынкүл Балтабайқызының келместің кемесіне мініп, бізден бөлектенгеніне де, міне, бір жылдың жүзі болыпты. Созылмалы науқасы болғанымен, осылай болады деген ойда жоқ еді. Қан қысымы мен ыстығы түспей, айға жуық ауруханада жатып, өткен жылдың 9 тамызында жүрек соғуы тоқтады. 11 тамызда, аптаның қасиетті күні жұмада мәңгілік мекеніне жайғастырдық.

Содан бері күтумен бір жыл уақыт өтіпті. Күтумен дейтінім, абыр-сабырмен жетілігі өтті. Қырқына дейін көңіл қосын білдіріп келіп жатқан ағайын-тума, жора-жолдас, құда-жегжаттар, Тұрсынкүлдің сыйластары, мені танитын, сыйлайтындардан қырық күннің қалай өткені байқалмай қалды. Мені жұбатып, «уақыт емші» деп, көңіл қосын білдірушілер болғанмен, уақыт алға озған сайын менің көңілім босай берді. Бір сәтте «папасы» деп үйге кіріп келетіндей күй кешіп жүрдім. Олай болуы мүмкін емес екенін білсем де, алаңдап отырамын. Қырық жылдың үстінде бірге өмір кешіп, бірлесіп өмірге ұрпақ әкеліп, ғұмыр кешкен жанның бір күнде жоқ болуы ауыр қайғыға ұрындырады екен. Барлық болған жайды сабырмен, болмысыммен қабылдағанмен, жұдырықтай жүрекке ауыр салмақ түсірді. Басына жиі барып, білетін дұғамды оқимын. Бейнесі салынған қара құлпытас мызғымастан қарсы алып, тіл қатпастан шығарып салады. Тәубама келгенмен, «өлдің, Мамай, қор болдың, мола болдың» деген осы екен» деп қайтамын.

Менің көңілімді аулап, дос-жолдастарым жиі үйге келіп, бірге шәй ішіп, өткен-кеткен қызықты оқиғаларды еске алдырып, басқа қалаларға да бірге алып барып жүрді. Қанша алаң болғанмен, бір сәт те жарым есімнен шыққан емес. Қайта әрбір көрген жан, ойға қалдырар оқиғалар, біреулердің жақсы ісі, мейірімділігі, қайырымдылығы, балажандығы, еріне деген құрметі Тұрсынкүлді еске салып, көңілімді босатады. «Неге бұлай болды» деген үлкен сұрақ көкейімде тұрады да қояды.

Көңіл қосын бірдірушілер айтқандай, «болған іске болаттай бекем бол» деп, бекем-ақ болып, сырт көзге жонымды қомпитып көрінгеніммен, ішім қан жылап тұрады. Күн артынан күндер өтіп, айлар жылжып, жыл да толды. Өмір-өзен өз арнасымен айнымастан  ағып, біреу бұл өмірден өтіп, жаңа ұрпақ өмірге келіп, жаңарып жатыр. Ықылым заманнан келе жатқан айнымас өмір заңдылығы. Жан-жағымдағы ағайын-тума, бауырлар, балаларым мен немерелерімнің амандығын күніге екі мезгіл тілеймін. Тәубама келемін, Алламның бергендеріне шүкіршілік жасаймын.

Мамасы өмірден озған соң біздің отбасымызға бір батыр қосылып, Бақытбек балам ұлды болды. Атын қызым Айнұр «Әлихан» деп қойды. Бір түйір қызымның шешіміне бәріміз келістік. «Ғұмырлы, үлкен азамат болсын, ата-анасының көзайымына айналсын» деп тілеуін тілеп отырмыз. Қолыңа алсаң, көзі түссе күлетін болды. Бала, одан өрбіген немере деген қандай тәтті.

Отбасымызда ұрпақ өмірге келетінін «мамасы» болжап айтқан. Түс көріп, келешекке болжам жасап отыратыны бар еді. Бір күні «Папасы, түс көрдім, келіндеріміздің біреуі екіқабат» дегені бар. Мен не дей қояйын, ұзамай болжам шындыққа айналып, Әлихан өмірге келді. Немерелі болатынын біліп кетті.

Әжесі өмірден өткен соң айға жетпей, Абдуләзиз немереміз мектепке мектепалды даярлық сыныбына барды. Мектепке дайындап, қолына гүл беріп, «ал қадамың құтты болсын» десек, Абдуләзидің жыламасы бар ма «Мен мектепке не деп барамын, дым білмеймін, мені неге ең соңынан туғансыңдар?» деп. Ал енлі оны жұбатып көр. Бәріміз айтқандары үшін күлкіге қарық болсақ та, немеремді жұбатып, мектепке алып бардық. Өзі ақкөңіл, ортасымен бірден тіл табысады, апайымен, қатарластарымен араласып кетті. Сыныбын жақсы бағамен аяқтады.

Абдуләзиз балабақшаға бармады, әжесінің қасында болды. Екеуі солай деп шешкесін біз де әжесі екеуінің арасына кіріспедік. Бірін-бірі «досым»деп отыратын. Бала көңіл әжесін күн сайын еске салып, іздеп жүр. Ата-анасы дүкенге баратын болса, «әжем жейтін конфеттен мол алыңдар, мандаринін ұмытпаңдар» деп тапсырып жатады. Мен басқа қалаларға бара қалсам, телефонмен: «Ата, әжем қасыңда ма, телефонды берші, сағындым, сөйлесейін» дейді. Сәби көңілі әжесіне бауыр басқаны сондай, іздеп жүр. Әр айтқан сөздері маған ауыр тигенмен, амал қанша, көніп, шыдап келемін.

Әжесінің қазасынан кейін үш-төрт ай өткенде, кешкілік ұйықтар алдында Абдуләзиз менің төсегімде жатып алыпты. «Ау, Әбон, не болды, аманшылық па?» десем, «Мен енді сенің қасыңа жатамын» дейді. Содан бері қасымда, «менің қарауылым» деп көтермелеп қоямын. Сәби болса да, менің көңілімді аулап жүр-ау деп ойлаймын.

Бірде Абдуләзизді әжесінің басына ертіп бардым. Бала көңілі суыр деген ойымда бар. Құлпытастағы әжесінің суретін көрді де: «Ата, әжем бұл жерде не істеп жатыр, үйге қайтпай ма?» деді жұлып алғандай етіп, жүзіме ұзақ қарап. Теріс айналып, көзімнің жасын сығып алдым, сәбиге қалай көрсетейін. Қайтуға жиналғанда артына қарай-қарай көлікке отырды. Көзі жыпылықтап, ештеңе деместен, маған қарай берді. Бала көңілі менің босағанымды сезіп тұр-ау деп ойға қалдым.

Ауладағы бақшалыққа көкөністермен қатар түрлі гүлдер өсіруді әдетке айналдырғанмын. Бірде жайқалып тұрған гүлдерді көріп, таңқалған қонағым: «Қазалыда да мынандай гүлдер өсе ме?» демесі бар ма! «Жер – ана жомарт, баптай білсең, барлық дақыл өседі» дедім. Сол гүлдердің алғашқысын жыл сайын «мамасына» сыйлаймын. Ол да қуанып, терезесінің алдына қойып, солғанша иіскеп жүреді. Биылғы жылдың алғашқы шыққан роза гүлін құлпытасының қасына апарып қойдым. Жыл сайынғы гүл сыйлау дәстүрін бұзған жоқпын. Екі күннен кейін барсам, гүл желмен ұшты ма, екі-үш метр жерде жатыр. Сол кезде менің сыйлаған гүлімді мәпелейтін адамның енді жоқтығын сезініп, көңілім босады.

Үстіміздегі жылы мектеп бітіргенімізге елу жыл. Екеуміз бір сыныпта оқығанбыз. «Кластастармен көптен басымызды қосқан жоқпыз, кездесейік» деп, елу жылдық кездесу жасауды өткен жылы есіме салған. Сол ұсыныс ойластырылып, сыныптастар ортасында қабылданды. Қазір кездесу өткізуге дайындық жүріп жатыр. Өкініштісі, өзі ортамызда жоқ. Менің қандай сезімде жүргенім, ішкі дүниемде не болып жатқаны тек қана өзіме мәлім. Сырт көзге бәрі жақсы, тамаша көрінеді. Жүрекке түскен «мәңгілік» тыртық өзімен кететін шығар.

Балаларым, қызым аяулы аналарын іздеп, сағынып жүр. Мен әкесімін, олардың көңіл күйлерін көзқарастарынан біліп отырамын. Сырттарына шығарып айтпағандарымен, жүздерінде сайрап тұр. Маған білдірмейді, көңілін түсірмейікші десе керек. Балаларым мен келіндерім қолдарынан келген қызметтерін жасап жүр. «Ішкенім алдымда, ішпегенім артымда» дегендей. Атам қазақ «келінім адал болсын»деп тілеген, келіндеріме мың алғыс. Аллаға мыңда бір шүкір, олардың амандығын күніге мың мәрте тілеп отырамын. Дегенмен бәрібір маған бір нәрсе жетпейтіндей болады да тұрады.

Тұрсынкүлдің келместің кемесіне мініп, рухтар ауылының тұрғыны болғанына бір жыл болса да, мен асыл жарды іздеумен, күтумен алаңдап жүрмін…

Қасқырбек МӘМБЕТЖАН,

Қызылорда облысы,

Әйтеке би кенті

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button