Таным

Мұхтар Мағауин: Қазақ – Алтын Орданың тікелей мұрагері (видео)

Эсклюзив

Астана қаласында тұратын Дәулет Омаров (төмендегі суретте – жазушымен бірге) есімді азамат, белгілі кәсіпкер биылғы жылғы маусым айының басында Түркияның Алания қаласында болған сапары кезінде соңғы уақыттары сонау Атлант мұхитының арғы жағындағы Америка Құрама Штаттарынан қоныс аударып келіп, Анадолы жерінде тұрып жатқан қазақтың даңқты жазушысы, қазақ тарихын зерделеуші ғалым Мұхтар Мұқанұлы Мағауинмен арнайы жолығып, одан өздерін көптен бері толғандырып жүрген бірқатар сауалдарға жауап алады.

Бір жақсысы, Дәулет Ерғалиұлы халқын сүйген қаламгермен және оның өмірлік қосағы Бақытжамал апаймен болған қызықты да мазмұнды кездесуге қазір әртүрлі себептермен түрік елінде уақытша тұрып жатқан бір топ бауырларын – достары мен жерлестерін  ертіп барып қатыстырады.

Rast.kz  интернет-ресурсының редакциясына сол кездесу сәтінен түсірілген бірнеше үзік видеоматериалды да Дәулет Омаровтың өзі жіберді. Ал біз сұхбат түрінде жүргізілген әңгіме барысынан түсірілген сюжеттерден теріп алып, жазушы тұжырымдарының жиынтықтарын ой тамшылары секілді монолог сипатында жариялап отырмыз.

Мұхтар Мағауин, Дәулет Омаров

– Отар халықтың жағдайы, азаттық жолындағы күресі жөнінде Индонезияның 1945-1967 жылдар аралығындағы президенті Кусно Сукарно өзінің «Индонезия айыптайды» деген кітабында жақсы жазған. Ол студент кезінен бастап ұлт-азаттық күресіне қатысады да, оқу орнын бітіргесін заңгер-адвокат мамандығын алып шығып, Индонезияға оралып, өзі басшылық ететін партия құрады. 1933 жылы. Бұлардың бәрі біздің Алаш ордадан көп кейін қосылған. Сол кезде Индонезия – Голландияның отары, бұл әрекеті үшін Сукарно түрмеге де түседі. Дегенмен, бұл жақта қалай десе де, демократия бар ғой, ол сол жолы сотта өзін, жергілікті халықты қорғап сөйлеуге мүмкіндік алады. Сөзі өте өткір шығады. Кейін осы сөзі Сукарноның «Индонезия айыптайды» деген атпен жарық көрген мақалалар жинағына енеді. Ұмытпасам, кітап 1958 жылы орыс тілінде біздің елде де басылып шықты. Оның біреуі менің қолыма түсті. Мен оны Алматыдағы кітап дүкендерінің бірінен сатып алдым. Кітапта ұлтшылдық теориясы қозғалады. Онда Сукарно отарлаушы халықтың барлығы қашанда отарланушы ұлтты «сен төмен тектісің» деп миына сіңіретінін жазады. Бұл – бір, екіншісі – «сенде тарих болған жоқ» дегенге саяды. Тура дымнан-дымсыз көк аспаннан салбырап түсе салған сияқтысың. Олардың уағызынша, сендегі нәрсенің бәрі бұрын жаман болған. «Сен біз келіп, жеріңді алғаннан кейін ғана түзеле бастадың» дейді. Бізде бұрын мәдениет те болмапты, оны да басқыншы жұрттан үйреніппіз. Бұл үрдіс біздің жадымызға да жақсы таныс. Мұндай кепті біз де бастан кешіп келе жатқанбыз. Мен ол кезде небәрі 19 жастамын. Бірақ менің өзім де шын тарихымыздың бұрмаланып келе жатқанын білетін едім.

Орыс отарлағаннан кейін қазақтың сол кезге дейінгі тарихын түгел теріске шығарды. Олар «Қазақта тарих болған жоқ» деп бопсалады. «Надан болды, жаман болды, артта қалды, орыстың арқасында адам болдың, орыстың арқасында мәдениетке жеттіңдер» деуден бір танбады. Сол себепті бүкіл елде қазақтың тарихына тоқтау салынды, шын мәнінде тыйым салынды. Совет заманында одақтас республика болып тұрғаннан кейін Қазақстанның бес томдық тарихы жазылды. Бірақ оның ішінде қазақ қайраткерлері көп емес еді. Тіпті Абылай ханның өзінің аты әрең аталады.

Сондықтан мен «халқымыздың арғы замандардан басталатын тарихын әйгілеп, жарыққа шығару керек» деген түйінді қорытындыға келдім. Сөйтіп, сол студент кезімнің өзінде, 1-курстан бастап, қазақтың төл тарихын зерделеп, зерттей бастауға кірістім. Ол кезде Түрік қағанатынан басталатын тарихымыздың өзі жөнінде де біртұтас кітап жоқ. Сондықтан революциядан бұрын шыққан орыстың бірқатар оқымыстыларының еңбектерінен теріп-теріп жүріп, қажетті деректерді жинауға көштім. Сол 18-19-жастарымда-ақ өзіме қазақтың тарихы жөнінде белгілі бір ұғым қалыптастырып алдым. Бұған менің туып-өскен ортамның да өз әсері болды. Менің үлкен әкем жаңаша оқи қоймаған, бірақ ескіше, мұсылманша өте сауатты, кереметтей білімі бар кісі еді. Ол өз пайым-парасаты тұрғысынан қарағанда, қазақты бәрінен жоғары, биік қоятын. Ал орысты менсінген жоқ, оларды қазаққа ешбір тең көрмеді. Бұл менің де қазақ тарихына барынша мұқият қарауыма негіз салып берді. Сондықтан бала күнімізден Шыңғыс ханның тарихына, сол дәуірдің тарихына ерекше ден қойдық, қолға түскеннің бәрін оқи бердік. Сол себепті де студент кезімнің көп бөлігі осы зерттеуге арналды. Аспирант кезімде мен бұл саланы толық жеріне жеткізе зерттеп шыққан едім.

Соның алдында біздің жерімізде Түрік қағанаты деген мемлекет болды. Одан бұрын ғұн дәуірі өтті. Ғұндар өз кезегінде бүкіл Еуропаны еркін жаулады. Кейін ғұндармен жалғас Түрік қағанаты орнады. Ол қазіргі қазақ жерінен шығып, Еділден өтіп, күллі Еуразияны өзіне қаратты. Түрік қағанаты өз заманында теңдесі жоқ ұлы мемлекет-тін. Ал қағанат екіге бөлініп, ыдыраған кезде Батыс Түрік қағанаты Шығыс Түрік қағанатынан гөрі күштірек болды. Қазір бәріңіз де білесіздер, орхон-енесай жазуы, Күлтегін ескерткіші сол кездерде өмірге келді. Сол дәуірде даңқты бабаларымыз «Жоғарыда – көк аспан, төменде қоңыр жер жаралғанда, ортасында біздің түрік халқы пайда болған» деп жазды. Мұның өзі олардың Жер әлемімен бірге жасап келе жатырмыз дегенін білдіретін еді.

Бұдан кейінгі ғасырларда Шығыс Түрік қағанаты да, Батыс Түрік қағанаты да ыдырады. Сол торапта батыстағы қағанат орнындағылар, – бұлар қазіргі Қазақстан жерінің аумағы, – қыпшақ қауымы біртұтас мемлекет болмағынымен, экономикасы мен мәдениеті – бәрі жоғары өте күшті мемлекет болды. Ал қазіргі моңғол жеріндегі Шығыс Түрік қағанаты орнындағы түрік тайпалары Қытайға тәуелді болып қалды. Қытайменен жағаласты. Бұл соғыс 200-300 жылға созылды, көп уақыт жеңіліп жүрді, сондықтан салығын төлеп тұрды. Ақыры тарих сахнасына Шыңғыс хан келді. Кішкентайынан өресі ерекше болған оның әдепкі мақсаты Қытайдың экспансиясын, Қытайдың жаулап алушылығын тоқтату болды. Шыңғыстың бала жасында туыстары билікке таласып, оны 14 жасында Қытайға құлдыққа сатып жіберген. Құлдықта 10 жыл жүріп барып, еліне қайтып келген. Бұл үшін ең алдымен осы маңдағы барлық түрік рулары бірігулері керек. Сол заманда Шыңғыстың алдында бұл жерлерде Керей деген мемлекет бар, Найман деген мемлекет бар, Меркіт деген мемлекет бар, Татар деген мемлекет бар. Бірден айтып қояйын, татар деп отырғанымыз – мына Еділ бойындағы татарлар емес. Сосын бір ескерте кететін нәрсе, ғалымдардың сол замандағы жазбаларында шығыстағы бүкіл түрік халықтары «татар» деп аталған. Жоғарғы Азиядағы түркі халықтары сол заманда екі топқа бөлінген. Біреуі – Ертістен бастап, Дунай атырабына дейінгі аймақтағы түріктер «қыпшақ» деп аталса, екіншісі – Хинган тауларынан бастап, Қаражүдінге, яғни Ертіске дейінгі аралықтағы түріктер «татар» деген ат алған. Демек, керей де – татар, найман да – татар, меркіт те – татар, бәріне ортақ атау осы болған. Кейіннен «татар шапқыншылығы» деген ұғым содан шыққан. Сол халықтардың бәрі мықты, енді олардың басын біріктіру керек. Алдымен Керей патшалығында билікке жетеді, содан кейін Найманға қарсы жорық жасайды, содан соң Татарды бағындырады, соңынан Меркітті түгел қиратады. Бұлар – ірі рулар. Бұлардан басқа майда қырық ру бар. Соңынан соның бәрінің басын қосып, 1206 жылы «ұлы мемлекет» деп жариялады. Шыңғыс өзін сол кезде «қаған» деп жариялады. Тоғыз құйрықты ақ ту көтерілді.

***

Осыдан кейін Шыңғыс Қытаймен соғысқа дайындала бастады. Сөйтіп, 1211 жылы Қытайға басып кіріп, 1215 жылы Пекинді алды. Ол кезде Қытайда үш мемлекет болды: бірі – Солтүстік Қытай, Сөжен (Чунджу), екіншісі – Оңтүстік Қытай, Сұң, үшіншісі – Батыс-түстік Қытай, оны «Қытай» деп айтуға да келмейді, – Таңғұт.

Қазіргі Қытай жеріндегі осы үш мемлекет ұдайы бір-бірімен соғысып отырды. Бірақ бұлардың үшеуі де біздің түрік халықтарына қарсы болды. Содан Шыңғыс хан алдымен орталығы Пекин болған Сөженнің біраз жерін қиратып, басып алды. Оның мұндағы мақсаты батыстағы түрік тайпаларын бағындыру үшін сапарға аттанған кезінде арт жағын өзіне залалсыз етіп қою еді.

Шыңғыс хан сосын Жошы ханды, Сүбедей бахадүр мен Жебе ноянды батысқа аттандырып, қазіргі Қазақстан территориясын жаулады. Соның ішінде Жебе ноянға Жетісу өңірін қарату тапсырылды. Бұл оқиға 1219 жылдар шамасында орын алды. Бұдан кейін Шыңғыс хан армиясының алдында Еділден өтіп, сонау Дунай алабына дейінгі ен апат аумақты жайлап жатқан қалың қыпшақты бір тудың астына топтастыру міндеті тұрды. Ал ұлы қағанның өзінің руы қият болатын. Қият – Керей хандығындағы бір кісінің атынан пайда болған ру атауы. Сөйтіп, зор мақсатпен Жайықтан өтіп, Еділге қарай беттеген Шыңғыс хан армиясына жосықты жорықты кенет кілт тоқтата тұруға тура келді. Себебі, артта қалған Хорезм мемлекеті жақтан бір қайшылық туды. Шынында айтқанда, біреулер күстана етіп жамандап жүргендей, хорезмшах Ал ад-Дин Мұхаммед нашар, қорқақ адам емес, өте керемет қолбасшы еді. Ол соған дейін бүкіл Ауғанстанды, Иранды өзіне қаратып алған, сол уақта тек Сыр мен Әмудің шегінде ғана кемінде 500 мың сарбазы сап түзеп тұрған, жалпы 1 миллион әскері болған, қарауында 20 миллионнан астам халқы бар іргелі дәулетті басқарды. Сондықтан ол шығыстан Жебе ноян келіп, Қарақытай мемлекетін қиратып, Жетісуды алған кезде мұны неге өзінің бұған дейін жасап алмағанына қатты өкінеді. Алдында Шыңғыс ханмен келісім бар, керуен туралы, Жібек жолын жауып тастаған, сосын Шыңғыс хан елші жіберіп, Жібек жолын аштырып, сауда-саттық қатынасын орнатуға келісім жасасады. Шыңғыс хан жазады «сен – батыстың әміршісісің, мен – шығыстың әмірімін, енді екеуміз тату тұрайық, ынтымақты болайық» деп. Сөйтіп, қағаз жүзіндегі келісімнен кейін барып, елшілерімен бірге 450 қосшысы бар 500 түйе керуен жібереді.

Сол кезде Мұхаммед хорезмшахты аяқ астынан шайтан азғырып, Жетісуға қалың қолмен басып кіреді. Келсе, Жетісуда ешкім жоқ, Жебе ноян кетіп қалған, халық бағыныш білдірген, бірақ жаңа үкімет әлі орнамаған. Содан қайта қайтып келіп барып, 60 мың әскермен қыпшаққа қарсы аттанады. Қыпшақ – біздің қазіргі Қазақстан жерінде. «Желкеде жау қалмасын» деп. Олар, негізі, тату отырған. Өзінің шешесі – қыпшақ қызы. Сөйтіп, 60 мың әскерменен шығып, қыпшақтарды жусатып, қиратып, Ырғыз өзенінен өтіп, Мұғаджарға барады. Сол жерде Жошы хан әскерлері мұның алдында Шыңғыс ханнан жеңіліп кеткен меркіттердің бір тобын күйретіп кеткен екен. Осы тұста 60 мың қолмен қыпшақты қиратып жүрген хорезмшах майдан алаңына келеді. Сонда бір жаралы меркітті тауып алып сөйлесіп, Жошының бұл маңнан 20 мың сарбазымен түстен кейін ғана кеткенін естіп-біледі. Сосын Мұхаммед оның ізіне түседі. Түнімен жүріп отырып, күн шыға қуып жетеді. Ал алды-артында барлауы бар Жошы хан сол кезде оларға елші жіберіп, «Сендер кімсіңдер? Неге соңымыздан қалмай келесіңдер?» деген сауалдар жолдайды. Сонда Мұхаммед оларға: «Мен хорезмшахпын. Сендерді қирату үшін қуып келе жатырмын», – деп жауап береді. Мұның алдында, 1219 жылы хорезмшах Шыңғыс хан жіберген керуенді қиратып тастап еді ғой. Бұл оған Шыңғыс ханның соғыс жариялауына сылтау болу үшін ғана керек-тін. Тарихшылар мұны «дүниеге қызығып істеді» дейді. Бұл – бос сөз. Әйтпесе, 500 түйе тоғанақ қазына оған түк те емес. Бүкіл Ауғанстанды, Иранды, бүкіл Орта Азияны, Түстік Капқазды билеп отырған хорезмшах үшін оның құны бес тиын. Ол тегінде жанжал іздеген, соғыс іздеген. Ал елден ертерек шығып кеткен Жошы хан ол жөнінде білмейді. Сондықтан ол хорезмшахқа: «Менің әкем Шыңғыс хан маған Хорезммен соғысуға жарлық берген жоқ» деп жауап қайтарады. Сонда хорезмшах: «Егер сенің әкең саған соғысуға жарлық бермесе, маған Алла тағаланың өзі сендер сияқты кәпірлерді қиратуға жарлық берген» дейді. Сөйтіп, ол 60 мың әскерімен шабуыл жасайды ғой. Бірақ күні бойы жүрген соғыстың нәтижесінде Хорезм армиясы қирай жеңіледі, тек кеш батқасын ғана қалғандары аман қалады. Хорезмшах Мұхаммедтің өзі тұтқынға түседі, 20 мың жауынгері жер жастанады. Түн ішінде Жошы хан бар жағдайды көріп, кері шегініп кетеді. Соны пайдаланған хорезмшах қашады. Қашып келе жатып, Шыңғыс әскерлеріне қатты таң қалады. «Мынау қандай ер халық? Қылышты қалай шабады, садақты қалай атады, найзаны қалай жұмсайды? Сұмдық екен!» деп жағасын ұстайды. Еліне қайтып келген кезінде Шыңғыс ханның елшілері де жетеді. «Тілегенің соғыс болса, күтіп ал?» дейді елшілер. Содан кейін Шыңғыс хан батысты жаулап алуды кейінге қалдырып, Хорезмға қарсы қырғын сұрапыл соғысты бастайды…

***

Бату хан Алтын Орданың негізін қалады. Қазір оның іргесі көтерілгеніне пәлен жыл болды десіп жатыр. Дұрыс емес бәрі. Оның құрылғанына 2000 жылы 800 жыл толып кетті. «Орда тұрғындары қазақ болды» дейтіндер де шықты. Бұл да дұрыс емес. Ол кезде қазақ, яғни қазақ атауы болған жоқ. Бірақ бәрі қазақтың қазіргі руларынан құралған еді. Бұл рулар бүгінгі басқа түрік халықтарында да бар. Мысалы, қарашайлар мен малқарларда, ноғайлар мен қырым татарларында. Өзбектерге кейіннен барып қосылды. Ал татарларда рулық құрылым сақталмай қалған. Дегенмен, оның негізі – біздің қазақтарда. Қазақ – Алтын Орданың бірден-бір мұрагері. Өйткені, Алтын Орданың жері Ертістің бойынан басталып, сонау Дунай жағалауына дейін баратын болса, соның тура тең жарымы қазіргі Қазақстан аумағында жатыр. Жайықтан өтіп барып, Еділдің етегіне дейін қарайды. Оның алдында Алтын Орданың орнында Көк орда деген болған. Батысы – Ақ орда ғой, ал біз Көк орда болдық. Жошы ханның ұрпақтары, кейінгі Орыс ханның тұқымы Қазақ хандарының аталары атанды. Бұрын мұның бәрі жасырын, жабық тарих болып келіп еді біз үшін. Ал қазір соның өзін әрі тартып, бері тартып, бойымызға сіңіре алмай келе жатырмыз.

***

Осы ретте «Шыңғыс хан деген кім?» дегенге келсек, ол түріктің қият руынан ғой. Батыс пен орыстың тарихшылары қызық, соны анық біле тұрып, Шыңғыс ханды түрік жұрты деуге қимайды. Бұл маңайдың бәрі кезінде түгел Түрік қағанаты болды, Түрік қағанатына қарады. Кейін мұндағы ұлыстар Шығыс Түрік қағанатын түзді. Ондағы керей, найман, жалайыр, қоңырат, күрлеуіт, оймауыт, қоралас деген рулардың бәрі кейін қазақ халқының діңін құрады. Тарихшылардың жойдасыздығы «кейін Қидан мемлекеті құрылғанда, мына айтылған рулардың бәрі моңғол болып кетті» дейді. Ал ондағы қидандар саны небәрі 700 мың болса, түріктер 2 миллионнан асатын. Бұлар «Шыңғыс ханнан кейін Орта Азия халықтарымен қосылып, қайтадан түрік болды» дейді. Қисынға келмейді. Олай өзгермейді ғой. Олар қашаннан түрік текті болды. Ол заманда «қазақ» атауы жоқ. Сондықтан, әлгінде айтқанымдай, оларды топтап, «татар» және «қыпшақ» деп атап жүрді.

Мен Шыңғыс ханның өзін төрт кітап етіп жазғанмын. Шын мәнінде ол үш кітап, себебі, бірінші томы екі кітап болып шықты. Енді аудармасын қарап отырсаңыз, ондағылардың бәрі біздің түріктің сөздері. Жер атаулары мен адам аттарының барлығы. Мұны «қазақтар өз тарихын білмесін» деп, орыстар әдейі бұрмалап жіберген. Содан соң өмір бойы Шыңғыс ханды жер-жебіріне жетіп жамандады. Ал орыстың өзі Шыңғыс ханның арқасында ел болды. Оған дейін мұндағы славян тайпалары оннан аса кінәздікке бөлініп жатқан жұрт еді.

Қазір орыстар «Қазаққа жер бердік» деп даурығып жүр ғой. Керісінше, оларға жерді біз бердік, оларды біз ел қылдық. Олар соған дейін бір-бірімен қырық пышақ болып соғысып жатыр еді, орыстың кінәздіктері екі жүз жыл бойы бір-бірімен соғысып жүрді. Шыңғыс ханның немересі – Бату хан бұлардың бәрін біртіндеп басып алып, жуасытып, бір тудың астына топтастырып, бодан етіп, ел қылды. Сол Шыңғыс ханды төрт кітап етіп жазып шықтым.

Мен қазақ тарихынан 8-9 роман жазамын деп жоспарлап жүруші едім, одан біреуі ғана жазылды. Қалғандары жазылмай қалды. Мен айтам, оның есесіне, жазылмайтын «Шыңғыс хан» жазылып кетті деп. Рұқсат жоқ қой бұрын. Мен алғашында Шыңғыс хан тақырыбын «Көк мұнар» деген романымда жаздым. 1971 жылы жазылды, совет заманында. Бүркемелеп. Ал тәуелсіздік келгеннен кейін көп қол тимей жүрді. 2009 жылы кірістім де, 7 жылда 4 кітапты жазып бітірдім. Олар түгелдей Алматыда басылды. Кейін Америкада бастырдық. Бүкіл Шыңғыс ханның тарихын. Енді бұл ешқандай астамшылық мақтан емес, Шыңғыс ханның тарихын дәл мен сияқты жазған адам болған емес. Қытай да, жапон да, орыс та, американ да, неміс те, француз да жаза алған жоқ. Мен Шыңғыс ханның тарихын жазғанда, оған сырттан, түңдіктен қарап тұрғам жоқ, мен киіз үйдің ішінде отырып жаздым. Өзімнің жерімді көріп, біліп, танып отырып. Содан кейін оның жалғасы Алтын Орда болуы керек болатын. Алтын Орданы Жошы құрды. Тарихшылар оны «70-ші жылдары құрылды» дейді. Жоқ, олай емес, Алтын Орда 1220 жылдан бері бар. Жошы келіп, 1219 жылы жаулап алды Қазақстан жерін. 1220 жылы Шыңғыс хан империясы бой көтерді.

Алтын Орданың тарихын екі кітап етіп жазам деп ем, «қазір сексенге келіп қалдым, Алла тағала алда тағы қанша өмір береді, соны енді бір кітапқа сыйғызайын» деп, 2021 жылы 6 қыркүйекте бастадым да, 2023 жылы 6 қыркүйекте біттім. Екі кітап болып басылып шықты. Журналда басылды, кітапқа шықты. Енді бұрынғы жиырма бес томдық жаңағы «Алтын Ордамен» қосылып, 26 том болып, Қазақстанда басылды. Кітапханадан алып оқуларыңызға болады. Сонда бәрі айтылған. Алтын Орда түрік мемлекеті болды. Батыстың тарихшылары айтады, «Алтын Орданы жаулап алған татарлар еді» деп. Қыпшақтың жерін. Олардың татар деп отырғандары – керей, найман, жалайыр, қоңырат, қият, содан кейін барып күрлеуіт, дулаттың құрамындағы оймауыт және басқалар… Содан кейін барып айтады, «олар жергілікті қыпшақтардың әсерімен бәрі түгелдей қыпшақ тілді болып кетті» деп… Мен айтам, «түрік рулары содан үш жүз жыл бұрын айырылысқан, содан қайта келіп қосылды» деп. Бәрі бір ұлт. Тілдерінде ешбір айырмашылық жоқ. Мұның бәрінің деректері бар, бәрі айтылған.

***

Ана Сүбітай баһадүр мен Жебе ноян Қапқаздан асады ғой. Жұрт осы орайда Сүбітайды алға қояды, бұл дұрыс емес, басшысы Жебе ноян болған, Жебе ноян – Шыңғыс ханның нөмірі бірінші ұлы қолбасшысы. Сүбітай кейін Батыстағы жорықтарында ірі болды, ондағы ұрыстарда атағы көбірек шықты. Сонда Шыңғыс хан Қапқаздан асуға жарлық береді ғой. Шыңғыс хан Хорезмге жорық жасады, сөйтіп, Самарқандтың түбіне келді. Мұхаммедтің 500 мың әскері бар. Әлі не болатыны белгісіз. Ал Шыңғыс ханның өз күшіне сенгені соншалық, Жебе ноян мен Сүбітай баһадүрді алдымен хорезмшахты ұста деп, қуғындатады, содан соң ол өлгесін, «батысты жаулап ал» деп, Еділдің арғы жағына жұмсайды. Ол үшін Қапқаздан асып түсу керек. Екеуі 20 мың әскерменен Қапказдан аспақ болады. Содан бергі беттегі Дағыстанға келеді. Сондағы Дербент қамалына баратын жолдың ені 500 метрдей ғана екен, бір жағында тау тұр, бір жағында – теңіз. Қамал «Темір қақпа» деп те аталады. Бұл баяғы V ғасырдан, Иранның Саманид дәуірінен бар…

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button