Заманбек Нұрқаділовке туған жері – Кеген ауданында ескерткіш орнатылады
АЛМАТЫ. 14 қаңтар. Кісі қолынан қапияда қаза тапқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке туған жері – Алматы облысы Кеген ауданында ескерткіш орнатылатын болды. Бұл туралы Global News ақпарына сүйенген rast.ks хабарлайды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі осыған бастамашылық етіп, тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берді.
Заманбек Нұрқаділов аман тұрғанда осы күндері 80 жасқа толған болар еді. Ол 1944 жылы 15 қаңтарда туған. 2005 жылдың 12 қаңтарында өз үйінен денесі табылды: кеудесіне екі рет, басына бір рет оқ атылған. Дегенмен «отыз жылдық ойран» кезеңінің нағыз оспадар да жүгенсіз әрі күлкілі ресми тұжырымы бойынша ол өз-өзіне қол жұмсады делінді, яғни өлімші болып жатып өзін өзі «үш рет атқан» болып шықты.
Заманбек Нұрқаділовті көпшілік 90-жылдардағы танымал саяси тұлғалардың бірі, Алматы қаласы еліміздің бас қаласы болып тұрған шаһарды басқарған айтулы да азулы азамат ретінде біледі.
Қазақтың біртуар ұлының отбасы сенбі күні Алматыда әкелерінің рухына арнап ас берді. Жиналғандар саясаткер жайлы естелік айтып, оның атын жаңғыртты.
Жиында сондай-ақ Мемлекет басшысы Қысым-Жомарт Тоқаев пен Сенат басшысы Мәулен Әшімбаевтың хаттары да оқылды.
Президенттің хатын оның баспасөз хатшысы Берік Уәли оқып берді.
«Құрметті қауым! Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың туғанына 80 жыл толды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар аз емес. Заманбек Қалабайұлы – осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекеттігімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз. Ұлт перзенттерінің есімін ел жадында жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру – ұрпақ парызы. Осы орайда, Зәкеңнің туған жері – Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын. «Тарих – таразы» деп бекер айтылмаған. Халқымыздың кесек тұлғалы азаматының елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», делінген хатта.
Саяси тұлғаның қызы Құралай Нұрқаділова бастапқыда бұл отбасылық іс-шара болады деп жоспарлағанын айтады. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатының арқасында әкесінің аты қайта жаңғыратын болды деп отыр.
«Іс-шара осындай ауқымды болады деп ойлаған жоқпыз. Әрине, үкіметке, әкімдіктер мен Парламент депутаттарына, танымал саяси тұлғаларға ресми хат жібергенбіз. Көпшілік келетінін растады. Қуанып қалдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың хаттары оқылды. Президенттің хатының арқасында әкеміздің есімі жаңғырды. Енді бәрі жақсы болады деп үміттенемін», – деді Құралай.
Осындай ойды қайраткердің ұлы Қайрат та айтты.