Париж-2024: садақ атудан Қазақстан командасы плей-офф кезеңіне өтті
ПАРИЖ. 26 шілде. Кеше Қазақстанның садақ атушылар командасы Олимпиялық ойындардағы іріктеу сайысына қатысып, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Бұл туралы Massaget.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
25 шілде күні садақ атудан Қазақстан командасы Олимпиаданың іріктеу кезеңіне қатысып, ұпай жинады. Осының өзі оның келесі кезеңге өтуіне мүмкіндік әперді. Бүгін спортшылардың келесі кезеңдегі қарсыластары анықталды.
Іріктеу айналымынан соң Қазақстан командасы жалпы есепте 10-орында тұр.
Садақ ату, 1/32 айналым:
Ильфат Абдуллин – Эрик Петерс (Канада)
Александр Еременко – Аддис Баптиста (Франция)
Дәулеткелді Жаңбырбай – Хорхе Энрикс (Колумбия)
Еске сала кетейік, іріктеу айналымында Қазақстан сапынан ең көп ұпайды Дәулеткелді Жаңбырбай жинады. Ол 668 ұпаймен 22-орыннан көрінген. Ал Ильфат Абдуллин 29, Александр Еременко 59-орындарда.
Команданың бас жаттықтырушысы Артем Кичкин спортшылардың аяқ алысына қатысты пікір білдірді.
«Алғашқы қашықтық айтарлықтай оңай болған жоқ. Жігіттер алаңның орталығынан атқан болатын. Кішкене жел соққаны да бар. Соңына қарай бәрі реттеле бастады. Ал екінші қашықтықта спортшыларымыз жақсы өнер көрсетті. Әзірге, медаль туралы болжам айтпаймын. Біздің спорт түрінде болжам жасау өте қиын. Дайындалдық. Медаль аламыз деген үмітіміз жоқ емес. Екінші мүмкіндікте жігіттер сенімді түрде ата бастады. Жалпы алғанда, іріктеу кезеңі сәтті өткізді. Команда мүшелері жақсы топқа түсті. Енді әрі қарайғы нәтижелерді күтеміз», – деді жаттықтырушы.