Қуаныш пен бақыттан мүсінделген
Белгілі журналист, жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің 75 жылдығына орай Тараз қаласында өтетін «Қарымды қаламгер, тағылымды тарихшы, өрелі өлкетанушы» атты еске алу конференциясы қарсаңында
Біз КазГУ-дің журналистика факультетінің бірінші курсына оқуға түскен жылы атақты «Қыз Жібек» көркем фильмін түсіру басталып, етжеңді жігіттерді соған алып кетті. Ойымызда ештеңе жоқ, бір күні сабақта отырсақ, бұрынғы қазақ батырларының киімін киген, ыстық күнде терге «шомылған» бір топ сарбаз кіріп келсін. Үстерінде – сыңғырлаған сауыт-саймандары. Қолдарында – найза, қылыштары. Дәліз тола студенттер. Бәрі қызық көріп, тамашалауда. Алғашқыда танымай қалдық. Сөйтсек, олар өздеріміздің жігіттер – Абдол Сермағанбетов, Бағдат Мекеев, Асқанбай Ерғожаев және Мақұлбек Рысдәулетов екен. Бірақ бұл батырлар курстас жігіттерді іздеп келді ме десек, қателесіппіз. Сарбаздар өздерінің «Қыз Жібектерін» сағынып, соларға келген екен. Олар көп ұзамай тағдыр қосып, бір-бір шаңырақ көтерді. Біз болсақ, ұлан ғайыр тойдың дәурені басталғасын, Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап кеттік.
Мақұлбек курстағы ең сұлу, талдырмаш қыз Дәметкен Ахметовамен өмірде де, журналистикада соқпақтарында қатар жүрді. Олардың қуаныштары да, өмірлік салтанаттары да бірге болды.
Журналистика факультетінің деканы, профессор Тауман Амандосов бізбен алғашқы кездесуінде: «Сендер республикалық, облыстық газеттерге жұмысқа орналасамын деп дәмеленбеңдер. Оларда орын жоқ. Бәрің аудандық газетке барасыңдар» деген. Ал біз оқуға түскенімізге мәзбіз. Бағымызға орай, оқу бітіру қарсаңында Маңғыстау мен Жезқазған облыстары ашылып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті насихат және үгіт бөлімінің жолдамасымен көбіміз сонда кеттік. Мақұлбек, Дәметкен, Бағдат, Гүлниса, Нұрмахан, Мәриям және маған Сарыарқаның дархан даласы, өндірісі өркендеген жезді қала – Жезқазған бұйырды.
Сарыарқаның ыстығы Шымкенттің бет қарытар аптабынан қалыспайды екен. Қаладағы жалғыз қонақ үйге орналасып, бесінші қабаттан айналаны тамашалап тұрғанмын. Бір кезде алыстан Мақұлбек пен Дәметкеннің серуендеп жүргенін байқап қалдым. Жұмысқа курстастарымнан бұрын келдім бе десем, екі ғашық менен бұрын келіп үлгеріпті. Дәметкен осы облыстың қызы болатын. Ал Мақаң осы өңірдің күйеу баласы еді.
Жалғызсырап тұрғанмын. Екі курстасымды көріп, қуанып кеттім. Бесінші қабаттан бар даусыммен Мақаңның атын айтып, айқай салдым да жасырынып қалдым. Олар менің даусымды естігендерімен, қай жақтан шыққанын білмей аң-таң. Шыдамым жетпей, терезеден қол бұлғадым. Екеуі қатарласа қонақ үйге қарай жүгірді. Мен текпішектерді секіре сыртқа шықтым. Үшеуміз құшақтаса, мауқымызды баса алмай ұзақ тұрдық. Бір-бірімізді көрмегелі екі-ақ ай болған, сонда да сағынып қалыппыз.
Мақаң, Дәметкен, Мариям, Бағдат және мен облыстық «Жезқазған туы» газетіне орналастық. Нұрмахан Өзбеков теледидарға, Гүлниса Әлімбаева радиоға жұмысқа тұрды. Күндіз қызметтік мекемедеміз, кешке бірге бас қосамыз. Қалада бір қонақ үй, жалғыз мейрамхана, екі-үш дәмхана бар. Жаңа облысқа жұмысқа келген мамандар осы жерде бас қосып, мәре-сәре болып қаламыз.
Бес жыл бірге оқыған курстастар енді бір анадан туғандай тату-тәтті өмір кештік. Арамызда ең алғашқы болып Мақаң мен Дәметкен пәтер алды. Бұл шаңырақ бәріміздің ортақ үйіміздей ыстық, шуақты баспана болды. Оған, әрине, пәтер иелерінің кең дастарханы, ашық-жарқын көңілдері себепші еді. Достарымыздың алғашқы қуанышы – Ботагөз есімді қыздары, одан соң Нұрқуат, Нұрбек атты ұлдары дүниеге келді. Қуанышты күндеріміз жалғаса берді. Жезқазған біздің бәрімізді бауырына басты, өркендетті, есейтті. Журналистік шеберлігімізді шыңдап, елімізге танымал қаламгер болуға ұмтылдырды.
Қазір бірақ Қыз Жібек пен Төлегендей бір-біріне деген ғашық сезімін қастерлеп өткен Мақаң мен Дәметкен арамызда жоқ. Мақұлбек аты жаман аурумен арпаласып, берілмей, өмірінің соңғы сәтіне дейін жұмыс орнында болды. Ол «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, облыстық газеттің бас редакторы қызметтерін атқарып, мұрағат мекемесін басқарды. Қай салада жүрсе де, қолынан қаламын тастаған жоқ. Жамбыл облысының тарихы мен мәдениетін, шығармашылық өкілдерінің еңбектерін зерттеумен айналысты. Әдеби, тарихи кітаптар жазды. Облыстың құрылғанына 85 жыл толуына орай, жамбылдық ақын-жазушылардың көп томдық шығармалар жинағын әзірлеп, жарыққа шығарды.
Батыр кескінді, палуан тұлғалы курстас досымыз Мақаң өмірден сол аңқылдаған ақжүрек қалпында, мәрт кейпінде кетті.
Ал осындай іскер де белсенді еркектің қасында көзге кейде көріне, кейде байқалмай жақсы әйел тұратыны аян қашаннан. Дәметкен сондай асыл да ардақты жан болды. Ол бар өмірін Мақаңның болашағына, шығармашылық-іскерлік қызметіне, ұрпақтарын тәрбиелеуге арнады. Курстасымыз Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы, облыс әкімі жанындағы әйелдер және отбасы жөніндегі комиссияның төрайымы қызметтерін атқарды. Қаншама үлкен лауазымдық қызметте жүрсе де, жолдасының алдын кес-кестемей, жетістігіне алаңдап, қуанып, қасында бірге болды. Бұл – шындық. Талант пен талап, бақыт пен татулық салтанат құрған шаңырақта береке болары сөзсіз. «Қуаныш пен бақыттан мүсінделген» менің аяулы курстастарым Мақұлбек пен Дәметкен сондай ғажайып жандар еді!
Өте өкініштісі, бірінің соңынан бірі көп ұзамай кетіп қалды. Алдымен Дәметкен бақиға аттанды, артынша Мақаң жоғын іздеп кетті. Екеуінің де жатқан жерлері пейіштің төрі болсын.
Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», публицист, жазушы
АЛМАТЫ