Талдықорғанда Назарбаев ескерткішінің тас тұғыры да сүрілді
ТАЛДЫҚОРҒАН. 7 ақпан. Жетісу облысының орталығында байырғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінен қалған тастұғыр кеше түнде алынып тасталды. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Талдықорғанда 2022 жылға дейін Назарбаев ескерткіші тұрған тұғыр қиратылды. Іргетасты бөлшектеп бұзып алу тәуліктің түн мезгілінде жүргізілді», – делінген агенттік хабарламасында.
Негізі, Талдықорғандағы Назарбаев ескерткіші 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде қиратылған еді. Оны шеруге шыққан қала халқы құлатып тастады. Кейін осы үшін Серік Күдебаев бастаған облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қолға түскен шерушілерді аяусыз ұрып-соғып, сұмдық азар берді. Олардың құдайларын ұмытып, бұйрыққа беріліп кеткендері сондай, кейбірі тіпті тұтқындардың арқасына қыздырылған үтік те басты.
Бірақ сырты жезбен қапталған, ортасы қуыс, қауақтай қауқиған ескерткіш алынып тасталғанымен, оның табан тіреп тұрған тұғыры мызғымай қалып қойған еді. Кейін қала тұрғындары оны бөлшектеп алу жайын бірнеше рет көтерді. Алайда жергілікті биліктің бұған тәуекел етуіне екі жылдан астам уақыт кетті.
Сол уақыттары талдықорғандықтар бұл жерге Абай ескерткішін орнатуды да ұсынды. Себебі, алаң Абай атындағы көшеге жақын орналасқан екен. Бірақ бұған да билік өзінің кесімді ойын айта алмады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның экс-президенті құрметіне қаптап қойылған ескерткіштер соңғы уақыттары шеттерінен біртіндеп алынуда. Мәселен, «отыз жылғы ойран» бас дирижерінің Астанадағы Ұлттық қорғаныс университеті аумағындағы ескерткіші 2023 жылдың соңына қарай тұғырынан тайды. Содан кейін Алматы метросының Алмалы станциясындағы панносы құртылды. Ал 2024 жылдың 1 ақпанында оның тас мүсіні Ұлттық музейдің атриумынан шығарылды. Сол сияқты 2 ақпанда Алматыда Назарбаевтың құлдырау динамикасы суреттелген инсталляция көрсетілді.
Өзінің көзі тірісінде өзіне ескерткіш қойғыздырған бұрынғы диктаторлардың бірде-бірінің тарихта жақсы аты жоқ. Сонау антикалық дәуірден бері қарай Сталинге дейін түгел елдің есінде жауыз тиран есебінде сақталып қалды.