Қызылорда облысында 20 жастағы әйелін өлтірді деген күдікті ұсталды
ҚЫЗЫЛОРДА. 22 шілде. Қызылорда облысында өзінің 20 жастағы әйелін өлтірді деген күдікпен 25 жастағы ер адам қамауға алынды. Бұл туралы Adyrna.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды
«Қызылорда облысында 25 жастағы ер адам әйелін өлтірді деген күдікке ілінді. Бұл оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті түсініктеме берді», – делінген ресурс хабарламасында.
Дерекке сай, 21 шілде күні таңғы сағат 6.00-де Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданының «Майлытоғай» ауылы аумағындағы шопан қонысында 20 жастағы келіншектің мәйіті табылған. Марқұмның денесінде жарақаттар болған. Жергілікті полиция күдіктіге алдымен іздеу жариялап, кейін оны қолға түсіргенін хабарлады.
Полиция жариялаған іздеу ақпарына қарағанда, күдіктінің аты-жөні Біржан Жаңабай болып шықты. Ол марқұмның күйеуі екен.
«Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеп-тексеру жүріп жатыр. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Өзге мәліметтер тергеу құпиясын сақтау мақсатында жарияланбайды», – деді облыстық полициядағылар.