Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығын тойлау басталды

АЛМАТЫ. 28 қаңтар. ЮНЕСКО аясында атап өтілетін болып белгіленген қазақтың классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойын тойлау қолға алынды. Бұл туралы Zakon.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Қазақта дүние жүзілік деңгейдегі классик жазушы ретінде танылған екі қаламгер бар. Оның бірі Мұхтар Әуезов болса, екіншісі – Бердібек Соқпақбаев.

«Биыл қазақ және балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Қаламгердің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек», – делінген Zakon.kz хабарламасында.

Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысының Нарынқол ауданындағы «Қостөбе» ауылында туған. 1991 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.

Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітірген (1949). Нарынқол ауданында мұғалім болды. «Жұлдыз», «Балдырған» журналдарында жұмыс істеген. 1952-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында түрлі қызмет атқарды.

Шоқтығы биік қаламгер балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман жазды. Солардың ішінде «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты туындылары қаламгерді даңққа бөлеп, өшпес атын қалдырды. Оқырманға бұлардан басқа тағы «Он алты жасар чемпион», «Бақыт жолы», «Дала жұлдызы», «Аяжан», «Гауһар» секілді поэзиялық және прозалық жинақтар  ұсынды.

Жазушының 1957 жылы жарыққа шыққан «Менің атым Қожа» повесі балалардың сүйіп оқитын шығармасына айналып, орыс, украин, француз, литва, латыш, өзбек тілдеріне аударылды. 1963 жылы «Қазақфильм» студиясы сол кітап бойынша кино шығарды. Фильм  француздың Канн қаласындағы жастар мен балаларға арналған кинофильмдердің халықаралық фестивалінде (1967) арнайы сыйлыққа ие болды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарына қарағанда, Бердібек Соқпақбаевтың туған ауылы – Нарынқолда оның еңселі ескерткіші бой көтереді. Сондай-ақ жазушының есімі бірқатар саябаққа, білім ошағы мен облыстық кітапханаға берілмекші.

Қазақ әдебиеті классигінің мерейтойы өткен аптада Алматы облысында басталды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button