Белгілі жазушы-драматург, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлының екі романнан тұратын «Ащы да тәтті өмір» атты кітабы Мәскеудегі атақты «Художественная литература» баспасынан «Жизнь горькая и сладкая» деген атпен орыс тілінде 14 баспа табақ көлемінде басылып шықты. Кітапты орыс тіліне Ербол Дәулетов жолма-жол аударған. Ал орыс тілді башқұрт жазушысы Флюр Галимов оны әдеби көркемдігі жағынан қараған. Біз оның осы кітап жайлы жазған рецензиясын қазақшаға аударып, жариялап отырмыз.
Мәскеудің аса беделді «Художественная литература» баспасынан көрнекті қазақ жазушысы және драматургы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Қазіргі заманғы қысқа романдар» сериясымен «Жизнь горькая и сладкая» («Ащы да тәтті өмір») атты кітабы жарыққа шықты. Автор оған енген екі туындыны «мини-романдар» деп атап көрсетіп, оларға «Олигарх және Олимп», «Интерадам» деген қысқаша да қарапайым ғана атаулар берген. Мен олардың екеуін де етек-жеңі өте жинақы шығармалар дер едім, себебі, олар көлемі жағынан оншалықты үлкен емес, бірақ мазмұны жағынан барынша терең, сондай-ақ сапасы мен көркемдігі жағынан өте жоғары.
Егер көлем жайына мән берсек, онда оқырмандарға, мәселен, Александр Гриннің бар болғаны толық емес 4 авторлық парақтан тұратын «Алқызыл желкен» атты ғажайып романын еске түсіре кетудің артықтығы болмайды, ал Венедикт Ерофеевтің «Мәскеу – Петушки» деген шедеврінің ауқымы одан да аз. Олай болса, әдеби туындының мән-маңызы тіпті де оның көлемділігінен емес, жоғары көркемдігінен көрінеді. Иә, біздің атқан оқтай зуылдаған ғасырымызда туындылар тап осылай жинақы болуға тиіс, өйткені, компьютерлі техника үстемдік құрып, интернет адамзат баласының көп бөлігінің ақыл-есін жаулап алып жатқан қазіргі заманда жұрттың шұбатылған ұзын-сонар романдарды оқи қоюы қиын.
Жазушы «Олигарх және Олимп» романында қазіргі уақыттың ең бір өзекті тақырыбы – «олигарх» атанып жүрген бай адамдар жөнінде мәселе көтереді. Ол мұны өз шығармасының кіріспесінде: «Бүгінгінің байлыққа бөккен жұмыр бастысы – Олигарх ойды бөле берді» деп алып, бастап кетеді. Айтатыны жоқ, бізде бүгінде «түсі де, сұсы да бөлек», өздерін «олигарх» деп атайтын қара дәулер қаптап кетті. Және олар қандай олигархтар десейші! Біздің бәріміздің тірнектеп жиған мүкәмалдарымыз олардың қисапсыз байлықтарымен салыстыруға да келмейді, тіпті біздің басымыздағы шашымыз олардың ақшаларынан әлдеқайда аз шығар. Аттары аңызға айналған Қарынбай мен Шығайбай бабаларымыз олигархтардың жанында жай ғана алым-жұлым кедей кісілер секілді болып көрінер еді.
Романнан оқып білгеніміздей, біреулер өзінің қазақ ұлтынан шыққан олигархтарды мақтан тұтып, өз бай-бағландары «тірсегі тірсегіне соғысып жүрген жыртық шапан, сорлы жұртқа түптің түбінде шапағатын тигізетін шығар» деп үміттенеді.
Бірақ жұрттың басым көпшілігі, шынтуайтына келгенде, байшыкештерді өте жек көреді. Айтқандай, жаңа байсымақтарға деген мұндай көзқарас тек Қазақстанда емес, бүкіл кеңес кеңістігінде бар екені байқалады. «Жаңа элита» атанып жүрген бұл алқалы топты ұнатпаудың себептері жетіп-артылады. Соның ең бастысы: өкінішке қарай, қазіргі заманғы ресейлік элита болсын, башқұрт пен қазақ элиталары болсын, – бәрінің тек жеке бастарын байыту қамында жүргендерінде. Белгілі жазушы, сценарист және кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың бір сұхбатында: «Біздің элитамызды тарих та, мәдениет те, әлденеге ұқсап бағу да мүлде қызықтырмайды. Олар тек қана өз елдерін тонаумен шұғылданады. Біздің элита елге рухани құбылыс ретінде, мәдени құбылыс ретінде қарауға жай түкіріп қоя салғандай әсер қалдырады», – деп айтып тастайтыны бар.
Жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы да өзінің «Олигарх және Олимп» романында осы жайында ой қозғайды. Романның бас кейіпкері олигарх Аспан басында Отанына, туған жеріне және өзінің ұлтына қамқор болуды білмейді, ол тек жеке басының байи түсуін ғана күйттейді. Сондықтан барған сайын түп-тамырынан алыстай береді.
Әдепкі қарағанда, автор «бай-кедей» деп аталатын таптаурын тақырыпты қайтадан шиырлап отырғандай болып көрініп кетеді. Бірақ бұл тіпті де олай емес. Бұлай дейтініміз, жазушы бұл тақырыпты «тереңірек» қазады, қазақ олигархы Аспанды бұрынғының ақкөңіл де жомарт байларымен салыстырып, сөз арасында атақты билеушілер – ұлы қолбасшы Әмір Темірдің, Сайд ад-Дуал Хамданидің, орта ғасырларда өмір сүрген данышпан ойшылдар Әбу Насыр әл-Фарабидің, Ахмет Яссауидің даңқты істерін еске ала отырып, оның образын жан-жақты жасап шығады. Сосын, әрине, олигарх Аспанға ұлттың рухани көсемдерінің қазіргі заманғы жолын жалғастырушы – жергілікті жазушы Жасхан Жұрқабайұлын қарама-қарсы қоя келіп, бас кейіпкердің келбетін кеңінен ашады.
Басында осы екі антагонист бір-бірімен жауласып жүреді, сөйтіп, жазушы газетте өзінің жерлесі – олигарх туралы келеңсіз мақала жариялайды. Сосын супер бай Аспан өзі іс жүзінде жиіркенішпен «шалғайдағы жазарман» деп атайтын бақталасымен қолма-қол есеп айырысу үшін Америкадан ұшып келеді.
Ал бұлар кездесулері кезінде өмір мен өлім туралы, байлық пен кедейлік туралы, билік пен халық туралы, Қазақстанның тарихы туралы, туған жер мен қазақ ұлты туралы ұзақ дауласады. Әлбетте, жазушы Жасхан Жұрқабайұлы әңгірлеген олигархты сабасына түсіру үшін қызу талас пен әңгіменің ауанын қажетті арнаға бейімдеп бұрып отырады. Бірақ Аспан да оңай адам емес-тін, әйтпесе, ол бүгінде байлықтың Олимп-шыңына шығып отырмас еді.
Осы жерде жазушы «ел мен халық үшін не маңызды: байлықтың шыңы ма, әлде рухтың шыңы ма?» деген тағы бір мәселе көтереді.
Жазушы Жасхан Жұрқабайұлы алтын бұзауды ерттеп мініп алған олигарх Аспанды рухани жағынан қайта жаңғыруға жетелеп қана қоймайды. Ол ол көзге көрінбес байлықты ес-түссіз қуалап жүріп, өзін рухани жағынан сөзсіз күйреуге алып баратын туған жер мен туған халқынан алшақтап кетуден сақтандырады. Жазушы тұжырымдары түйінді, соның бірі «Алеппо қаласының билеушісі әрі бай Сайд ад-Дуаль Хамдани тек оның сарайында ұлы Әбу Насыр әл-Фараби бірқатар уақыт тұрғаннан кейін ғана тарихта қалды» дегенге саяды.
Халық үшін кім ұлырақ, маңыздырақ және пайдалырақ – падиша немесе ақын ба, король немесе ойшыл ма, тек өзінің ақша қалтасын ойлайтын сараң бай ма немесе ұлттың рухани қазынасын сақтап, ұлғайтушы жартылай жарлы жазушы ма? Бұл талас есте жоқ ескі кездерден бері көтеріліп келе жатыр, олар және қай кезде де дерлік билеушілердің пайдасына шешіліп көрген емес. Сондықтан олардың көпшілігінің аты-жөндері тарих шаңының астында қалып қойған, ал есте сақталғандарының көпшілігінің өз замандастары – ұлы ақындармен, жазушылармен және философтармен қарым-қатынастары болған…
Жазушы күллі әлемге әйгілі әмір Темірдің өмірдегі ең үлкен жетістігі оның жорық жолдарында жеткен жеңістері емес, жаулап алған елдері мен бағындырған халықтары да емес, түркі әлеміндегі софылық мистиканы алғашқы қалыптастырушы ұлы ойшыл-ақын, Ясауия тариқатының негізін қалаушы Ахмет Ясауидің мавзолейін салуы екенін атап өтіп, көнеден келе жатқан бұл сұраққа нақты жауап қайтарады.
Ең соңында жазушы Жасхан Жасқабайұлы мен олигарх ортақ мәмілеге келіп, олардың арасындағы қырғи-қабақ қатынастар біртіндеп достыққа ұласады. Ең бастысы, олар бірлесіп ел мен бүкіл халықтың мүдделерін сақтауға бағытталған ортақ позиция мен стратегия жасап шығады.
Бірақ… сол кезде патриот жазушы Жасхан Жұрқабайұлының өмірі қайғылы хәлде үзіледі – ол жергілікті есірткі мафиясымен бітіспес күресте қаза табады. Себебі, жазушы ар-ұяты көп қиыншылық көрген халықтың басына төнген жаңа бәлекеттің жанынан түк болмағандай қаннен-қаперсіз өтіп кете алмайды. Сөйтсе, елдің қол жеткізген егемендігінің өзі мемлекеттің бар проблемаларын өздігінен шешіп бермейді, олай болатыны, қоғамның жазылмас жаралары сол қалпында қалып қоя салмай, оған жаңа бәлелер қосылады екен…
Бұл, бәлки, жазушының қазіргі заманның жаңа байлары мен шығармашылық зиялы қауым арасында интеллектуал + капитал + гүлденген халық форматындағы өзара жемісті әріптестік қызметін орнататын көпір салуға ұмтылған идеалистік арманы да шығар. Біздің заманымызда супер бай Аспан мен жазушы Жасхан арасындағыдай қарым-қатынасты өзге олигарх пен жазушының арасынан кездестіру тіпті де қиын. Тегі, бұлар дүниеге екі түрлі көзқарастың өкілдері: бір жағы – тек материалдық құндылыққа құлдық ұрады, екіншісі рухани бастауларды бәрінен жоғары қояды. Иә, қазір бола қоймаған меценаттық әрекеттер Қазан төңкерісіне дейін Ресейде де, Қазақстанда да, Башқұртстанда да қанат жайып еді. Соның арқасында байлардың ауруханалар, сурет галереяларын, халық ағарту орындарын сондай-ақ газеттер мен журналдарды, баспалар мен баспаханаларды ашулары, ақындар мен жазушылардың кітаптарын шығарулары кеңге тараған құбылыс болды.
Мысалы, XIX ғасырдың соңында қазақ капиталистері Ғалиасқар және Сыздық Қапысұлылар (Халфиндер), Нүркен Зәбирұлы, Қосшығұл (Қосшығұловтар) әулеті 1898 жылы «Бастауыш білім беру қамқорлық қоғамын» құрды.
Маман байдың ұрпақтары – Тұрысбек, Сайдбаттал, Есенғұл, олардың ұлдары Құдайберген мен Тәңірберген қазақ даласына белгілі болған «Мамания» мектебін салып, ұстап тұрды, оның мұғалімдерін жалақымен, ал оқушыларын түгел стипендиямен және интернатпен қамтамасыз етті.
1915 жылы Есенғұл қажы Маманұлы үздік қазақ романы үшін ірі сомалы ақшалай сыйлық тағайындайды, бұл қазақ ұлттық әдебиетін дамытуға айтарлықтай серпін береді. Сыйлықты Сұлтанмахмұт Торығайғыров алады. Кейін «Мамания» мектебінен белгілі тұлғалар: жазушылар, ақындар, қоғам және мемлекет қайраткерлері аз шыққан жоқ.
Бай меценаттар «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысын толық қаржыландырып тұрды, бір кездергі ұлттық мемлекетті қалпына келтіру үшін қаражаттарын аяған жоқ. Қазақстаның тәуелсіздігі үшін күрескен Алашорда көсемдері қамалған кезде, оларды көп ақшамен түрмеден шығарып алды.
Мұндай дала меценаттары Қазан төңкерісіне дейін өте көп болды. Өкінішке қарай, нағыз элита есебіндегі осы қазақ байлары мен капиталистері, ізгі ниетті меценаттар Қазақстанға отаршылдық тәртіп күштеп ендірілгеннен кейін аяусыз құртып жіберілді.
Бірақ олардың есімдері Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылып қалды. Ал тек өзінің қарақан басының баюларын ғана көздеген азын-аулақ байлар халық жадынан мәңгіге өшті.
Романдағы америкалық ірі бизнесмен Томас Трамстың образы қызғылықты. Ол «О, әлем» деп аталатын тарауда суреттеледі. Орысша нұсқасында «Добрый американец» деген атаумен берілген бұл желі бізді әлем әдебиетінде ағылшын жазушысы Грэм Гриннің 1955 жылы жарыққа шыққан «Тихий американец» романы арқылы пайда болған осы аттас аса танымал клишеге сілтейді. Айтпақшы, сол айтылып отырған романның бас кейіпкері – ағылшын журналисінің есімі де Томас еді…
«Өңі түгілі, түсінде де көрмеген алыстағы, тіпті жер түбіндегі Америкадан бір танымал бизнес адамы шағын қала – Шерқалаға ат басын тіремесі бар ма! Мақсаты – бизнесті дамыту емес, мүлде басқа. Не дейсіз бе? Ол өзі қанша бай болса да, бір ұл балаға зар екен. Баяғының Байбөрісіндей күй кешіп, қазақ жеріне ат салған түрі… Іздегені – ұрпақ. Артында қалар өмір жалғасы…
Америкалық өзінің жердегі ісін жалғастыруға қабілетті мұрагерді неге дәл қазақ даласынан іздеді, дейтін шығарсыз. Мұның да дәлелді себептері бар. Өйткені, Томас Трамс Ресейдегі 1917 жылғы төңкерістен кейін Түркияға қоныс аударуға мәжбүр болған, сосын тағдырдың айдауымен Отанынан айырылып, Америкаға тап келген бақытсыз адамсның шөбересі болатын…»
Романдағы терең символдық мағына бұл күнде қазақ байының тіпті атының өзін жоғалтып алғанында еді… Оның әрең тірі қалған ұлы тегі ирланд америкалық әйелге үйленеді, ал немересі өз тағдырын африкалық қызбен қосып, одан дүрдиген ерінді қара торы, кейін ұрпақсыз қалатын Томас Трамс туады. Олар көп қаржы жинай алмаса да, жат жерде жүріп, ұрпақ жалғастырып келе жатыр еді..
Романдағы орталық тұлғалардың бірі – ақылгөй ақсақал Қабыш – оны автор «дала академигі» деп құрметтейды. Болашақ олигарх Аспанды ол Америкаға мынадай баталы сөздермен шығарып салады: «Қайда жүрсең де бір Аллаға тапсырдым, жолың ақ болсын құлыным! – деген еді Қабыш қария. – Тағдырың осылай қиюласты, қайтейін… Жар басындағы жантақты жанынан безген нар ғана жейді… Сен сол Нар түйе сияқтысың».
Шешімді де мақсаткер бизнесмендердің бейнелерін сомдайтын тәуекелшіл Нар түйенің образы бүкіл романның желісіне еріп жүріп отырады.
Шағын қала Шерқала да жай ғана шалғайда жатқан елді мекен емес. «Олигарх және Олимп» романындағы Шерқала – бүкіл Қазақстанның жиынтық образы, онда мемлекет көлемінде болып тұратын буырқанысты оқиғалар қайнап жатады. Шерқала, бәлкім, XX ғасырдағы ең танымал туынды – Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романындағы Макондо көтеретін жүкті еңсеріп тұрған да шығар.
Аспан – жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының идеалы, арманы, олигархтарға мәңгілік құндылықтар туралы, мысалы, шын мәнінде нағыз элита қандай болуы керектігі жөніндегі ескертпесі…
Олай болса, енді мынадай үміт бар: «Олигарх пен Олимп» романы қазіргі заманғы аяқ астынан байып кеткен байшыкештерді ешқашан айнымас мәңгі құндылықтар жайлы ойлануға итермелеп, өздерінің күш-жігерлерін жеке бастарының байи түсуіне жұмсай бермей, ел мен халық үшін пайдалы нәрселерді жаратуға бағыттайтын болуы тиіс.
Романда сондай-ақ билеуші мен халық, билік пен жазушы, халық пен зиялы қауым, бай мен халық, интеллектуал мен олигарх секілді орасан зор ауқымдағы тақырыптар кең қозғалады.
Романның бүкіл өне-бойы Отанға – Қазақстанға деген сүйіспеншілікке, өткеннің мақтан тұтар жақтары мен жан ауыртар жайттарына, бүгінгі күн үшін алаңдаушылық пен қамқорлыққа, елдің болашағына деген үркердей үміт пен сенімге, қазақ ұлтының өркен жаюы туралы жүрекжарды армандарға толы.
«Интерадам» романы – интернеттің пайдасы хақындағы, адамдардың күллі әлемді және өз ақыл-ойын жаулап алған дүниежүзілік торға психологиялық жағынан тәуелділігі туралы терең толғаныстарға құралған туынды». Кітаптың аннотациясында осылай деп жазылған. Бірақ осы бір жұтаң сөздерге өз тарапымыздан мынадай ой қосқымыз келеді: жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы бұл романда үлкен жаңалық аша білген – ол интернет пен «Интерадам» атауының сыртында кім тұрғанын түсінген… Рас, ол мұны оқырманға турасынан айтып жеткізбейді, тек оның бәрінің мәнін түсінетін жолды ұсынады…
Ашығын айтайын: мен жазушының батылдығына тәнті тұрдым. Ол бұл туындының оңайлықпен жазыла салмағанын өзі де мойындайды (жұмсартып айтқанда…).
Іс жүзінде «Интерадам» романы – жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының нағыз шығармашылық ерлігі.
Газет мақаласының көлемі үлкен жазушының бұл кітабы туралы кеңінен көсіліп жазуға мүмкіндік бермейді, сондықтан мен бір ауыз сөзбен оны «қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Жолтай Жұмат-Әлмашұлы» деп бағалай аламын. Мен осы романдар бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар, әдеби монографиялар жазуға болады деп есептеймін, себебі, «Ащы да тәтті өмір» қазақ әдебиетіндегі мүлдем жаңа сөз болып табылады.
Көрнекті жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы өзінің «Олигарх және Олимп», «Интерадам» романдарымен қазақ әдебиетіне мүлде жаңа тақырыптар мен жаңа кейіпкерлер әкеліп, туған тілінің сөз өнерін айтарлықтай байытты. Ең қымбат нәрсе – осы. Мұндай қадамға жаңашыл да талантты жазушылар ғана бара алады. Жолтай Жұмат-Әлмашұлы осындай биікке көтеріліпті.
Флюр ГАЛИМОВ,
Ресей Федерациясы мен Башқұртстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты