Сыр бойында 16 жаңа медициналық нысан ел игілігіне қызмет етеді
ҚЫЗЫЛОРДА. 20 қараша. Қызылорда облысында тағы 16 жаңа медициналық нысанның пайдалануға беріліп, ел иглігіне қызмет ете бастағаны белгілі болды. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен өңірде өткен жылы 15 дәрігерлік амбулатория мен 1 медициналық бекет пайдалануға беріліп, биыл 11 нысанның құрылысы жүруде», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің Қызылордада ұйымдастырған брифингінде сөйлеген сөзінде.
Соңғы 2 жылда 4,1 млрд теңгеге 13 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті. Облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көп бейінді аурухананың құрылысы жүруде.
«Денсаулық сақтау мекемелерінің автопарктері жыл сайын жаңартылуда. Өткен жылы 25, биыл 200 санитарлық автокөлік табысталды. Осы кезге дейін жеке ғимараты болмаған облыстық Қан орталығының жаңа ғимараты қолданысқа берілді. Алдағы уақытта Қызылорда қаласында 200 төсек-орынға арналған орталық құрылысы басталады», – деді облыс әкімі.