АҚШ Ресейді тежеу үшін Украинаға ядролық мәртебені қайтармақшы
УАШИНГТОН. 22 қараша. Құрама Штаттағылар билік басына Дональд Трамп келгенге дейін Украинаға ядролық держава мәртебесін қайтару жайын ойлана бастады. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға бел буған республикашыл Дональд Трамптың Ақ үйге келуіне екі айдай уақыт бар. Осыған байланысты Батыста Киевтің бұдан арғы қауіпсіздігіне кепілдік беру турасында белсенді талқылаулар жүріп жатыр. Сондағы басты аргументтің бірі Украинаға ядролық мәртебені қайтарып беру болмақ.
Оның жайын New York Times газеті тарқатып жазды.
«Киев қалаған жалғыз қауіпсіздік кепілі – бұл НАТО-ға шақыру, бірақ украиндар оны Байден кезінде ала алған жоқ, сондықтан америкалы және еуропалық шенеуніктер Ресейді тежеудің басқа нұсқаларын талқылауда», – делінген мақалада.
Осы нұсқалардың бірі Украинаға атысты тоқтату режимін бұзған және жаңа агрессия жағдайында агрессорды басып тастауға мүмкіндік беретін кәдімгі қару-жарақ арсеналын құру болып табылады.
«Бірнеше шенеунік тіпті Байден КСРО ыдырағаннан кейін Украинадан тәркіленіп алынған ядролық қаруды оған қайтарып бере алады деп санайды», – деп жазады NYT.
Алайда мұның оңай емес екенін де көпшілік біледі.
Украина өткен ғасырдың 90-жылдары Будапешт меморандумының нәтижесінде КСРО-дан мұраға қалған ядролық қаруынан айырылған болатын. Сол кезде АҚШ, Ұлыбритания және Ресей ядролық қарусыз мәртебеге көшуіне орай Киевке толық қауіпсіздік пен шекаралардың мызғымастығына кепілдік берген еді. Осы келісім бойынша ядролық қарудың бір бөлігі жойылып, бір бөлігі Ресей Федерациясына берілді.
Өздеріңіз білесіздер, 20 жылдан кейін Мәскеу бұл келісімді бұзып, Украинаның Қырымы мен Донбассты басып алды. 2022 жылы Ресей үш жылға жуық уақыт бойы жалғасып келе жатқан Украинаға қарсы үлкен соғысты бастады.
Ал Украина осы күндері өзінің ядролық қаруын жасап шығуға жақын қалып отыр. Егер президент орынтағына отырғаннан кейін Дональд Трамп Украинаға беретін көмегін күрт қысқартып жіберетін болса, енді бірнеше айдың ішінде украин тарапы өз атом бомбасын өмірге әкеле алады.