Жаңалықтар жаңғырығыЭкономика

Сыр өңірінде әлеуметтік-экономикалық дамудың өсімі мөлшері айқындалды

ҚЫЗЫЛОРДА. 20 қараша. Қызылорда облысында экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасып отыр. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мұның жай-жапсарын бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің Қызылордада өткен көшпелі брифингінде баяндап берді.

Аймақ басшысы өңірде жыл басынан бергі 10 айда атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта қолға алынатын жобалар турасында сөз қозғады.

«Бүгінгі күні Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында облысымыздың бюджеті 744 млрд теңгеден асты. Осыдан екі жыл бұрын 364 млрд теңге болатын. Өсім 204,4 пайызды құрады. Бюджетіміздің 55,4 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Оның айтуынша, облыстың даму бюджеті соңғы 2 жылда 3,6 есеге артқан.

Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы негізінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өсім мөлшері айқындалды.

«Өңірлер арасында көшбасшылар қатарынан көріндік. Атап айтсақ, өнеркәсіп өндірісі-0,8, өңдеу өнеркәсібі-22,8, ауыл шаруашылығы-3, құрылыс жұмыстарының көлемі-50, тұрғын үй-7,4, көлік-3,5, сауда-6,5 пайызға өсті. Биылға жоспарланған 517 млрд 500 млн теңге инвестицияның 478 млрд. 300 млн.теңгесін 10 айда тарттық. Оның 74 пайызы – жеке инвестициялар», – деді облыс әкімі осы сөздің орайында.

Соңғы 2 жылда құны 19 млрд 600 млн теңге болатын 22 инвестициялық жоба іске қосылған. Биыл өңдеу өнеркәсібінде 10 млрд 700 млн.теңгенің 13 жобасы жоспарланған. Қазірге дейін соның 9 жобасы қолданысқа берілген.

Арал шөгінді бассейнінің «Шығыс» және «Батыс» учаскелеріндегі геологиялық зерделеу жұмыстары осы жылдың соңында аяқталады. Биыл Сырдария бассейінін зерттеу жұмыстары басталуда.

Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының бастамасымен «Торғай Палеозой» кен орнында тереңдігі 5 мың 500 метр ұңғыманы бұрғылау басталып, қазір шамамен 3 мың 820 метрге жетті.

«Саутс Ойл» компаниясы «Құмкөл» кен орнындағы қиын өндірілетін тақтатас мұнайын дәстүрлі емес тәсілмен өндіру үшін жобалауды бастап, келер жылы іске кірісуді жоспарлауда.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы өңір экономикасын әртараптандыру жұмыстары қолға алынған. Осылайша мұнай қорының сарқылуы салдарынан соңғы 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі кейінгі жылдары қыркүйек айынан бастап оң динамикаға шықты.

Облыс әкімі бұдан кейін шыны зауытының жұмысына тоқталды.

«2022 жылы іске қосылған шыны зауыты тұрақты өнім шығарып, оның 70 пайызын ішкі нарыққа, 30 пайызын Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузияға және Ресейге экспорттауда. Зауыт іске қосылғаннан бері 37 млрд 100 млн теңгенің 28 млн 700 мың шаршы метр шынысын өндірді. Қазіргі таңда мұнда 400-ге жуық адам еңбек етеді. Биыл шыны зауыты жанынан шетелдік инвестордың 15 млн АҚШ доллар қаржысына жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндіру жобасы іске қосылды. «Өндіріс» индустриялық аймағында шыны зауытының айналасынан ілеспе кәсіпорындар ашу қолға алынды. Атап айтқанда, «Айна Гласс» серіктестігінің құны 1 млрд 500 млн теңге, жылдық қуаттылығы 720 мың шаршы метр айна өндіру жобасының құрылысы басталды. Сонымен қатар, «Horn glass» неміс технологиясымен жылына 220 млн бөтелке өндіру, жылдық қуаттылығы 22 мың 600 шаршы метр шыңдалған шыны (стеклопакет) өндірісін кеңейту жобаларына тиісті жер телімі бөлініп, жобалау жұмыстары басталды», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Металлургия саласында «Шалқия» қорғасын-мырыш және «Баласауысқандық» ванадий кеніштерін игеру жалғасп келеді. 2030 жылға қарай еліміз өзінің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ағымдағы 4,5 пайыздан 15 пайызға дейін арттыруды жоспарлаған. Облыс аумағында 89 мегаваттық 9 күн-электр станциясы жұмыс істейді. Оның үшеуі – шетелдік инвесторлар қатысуымен салынған ірі станция.

Биыл барлық қаржы көздерінен 63 млрд 523 млн теңгеге жеке кәсіпкерліктің 3 761 жобасы қаржыландырылды. Нәтижесінде кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21 пайызға жетеді.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button