«Ауыл аманаты»: биыл Қызылорда облысында 575 жоба жүзеге асырылды
ҚЫЗЫЛОРДА. 20 қараша. Биыл Сыр өңірінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 575 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Орталық коммуникациялар қызметі бүгін Қызылордада өткізген брифингте облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осындай деректі алға тартты.
Аймақ басшысының айтуынша, ауылдардың мамандануын ескере келе, несие қаржысын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы және түрлі жобалар секілді төрт бағытқа бұру нәтижесінде 2023 жылы 3 млрд теңгеге 406 жоба іске қосылып, 713 жұмыс орны ашылған
«Биыл 4 млрд 596 млн теңгеге 575 жобаны жүзеге асырып, 610 жаңа жұмыс орнын ашу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 1 млрд теңгеге 150 жоба қаржыландырылды», – деді өз сөзінде Нұрлыбек Нәлібаев.
Сырдария ауданының «Бесарық» ауылындағы «Абай Дәулет» ЖШС құрған өндірістік алаңда тұрғындардың 13 бизнес-бастамасы істеп тұр. Мұнда жартылай фабрикат, пластикалық ыдыстар, ағаш бұйымдар, тоқыма, сабын, кондитерлік өнімдер өндіретін цехтар ашылған. Озық тәжірибені кеңінен тарату үшін облыстың әр ауданындағы 3-4 ауылда осындай бизнес-инкубаторлар ашу жұмыстары жүргізілуде.
«Kaz Fries» зауытының қуаты сағатына 150 келіге дейін қуырылған картоп таяқшаларын өндіруге жетеді, дайын өнім мұздатылып, ішкі нарықта сатылады. Өсімдік, құс, мал шаруашылықтарымен, құрылыс тауарларын шығарумен айналысатын көпсалалы компанияның өндірістік қуатын одан әрі кеңейту жоспары бар.
Қазір дәл осындай жобаны облыстың барлық аудандарында жүргізу көзделіп отыр.