Башқұртстан Жазушылар одағы қазақ жазушысын марапаттады
ӨФӨ. 7 желтоқсан. Башкортостан Жазушылар одағы белгілі қазақ жазушысы Жолтай Жұмат-Әлмашұлын бірінші дәрежелі дипломмен марапаттады. Бұл туралы ras.kz хабарлады.
«Көрнекі қазақ жазушысы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы «Ащы да тәтті өмір» (Мәскеу, 2020 ж. «Художественная литература») кітабы үшін Башкортостан Жазушылар одағының бірінші дәрежелі дипломымен марапатталады», – делінген марапат қағазында.
Дипломның соңына Башкортостан Жазушылар одағының төрағасы Заки Алибаев қол қойған.
Башкортостан Жазушылар одағы биылғы 3 желтоқсан күні Одақтың құрылғанының 85 жылдығы мен «Китап» баспасы ашылуының 100 жылдығын атап өтті.
Еске сала кетейік, қазақ жазушысы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Жизнь горькая и сладкая» атты кітабы өткен жылдың соңында Мәскеуде орыс тілінде кітап болып басылып шыққан болатын. Жазушының бұл жинағы алдымен 2018 жылы Астанада «Ащы да тәтті өмір» деген атпен қазақ тілінде жарық көргені мәлім. Ол «Олигарх және Олимп» атты роман-элегия мен «Интерадам» деген роман-әфсанадан тұрады. Сол кітап Ресей астанасында 14 баспа табақ болып басылып шықты. Оған баспа мамандары өте жоғары баға берді. Бұл туынды туралы «Литературная газетада» рецензия жарияланды.