Академия студенттері «Қыз Жібекті» Мәскеуде қазақ тілінде қойды (видео)
МӘСКЕУ. 21 қараша. Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері Мәскеуде «Қыз Жібек» опереттасын қазақ тілінде сахнаға шығарды. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 3 курс студенттері Мәскеуде «ГИТИС – шеберлік сыныбы» атты ТМД елдерінің VII театр фестиваліне қатысты. Біздің жастар «Қыз Жібек» қойылымын ұсынды. Фестиваль Әзербайжан, Армения, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен жеті театр мектебін бір сахнаға жинады.
Театр фестивалі аясында студенттік қойылымдар, дөңгелек үстелдер және ГИТИС оқытушыларының шеберлік сабақтары өтті. Ұстаздар актер мен режиссерді оқытудың жаңа әдістері туралы пікір алмасты.
«Көрерменге барлығы түсінікті болады деп ойлаймын. Өйткені, бұл оперетта болғаннан кейін ән айтылады. Қойылымда болатын оқиға кез келген көрерменге түсінікті болады деп ойлаймын», – дейді Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы Асан Мәжит.