Лукашенко Тихановскаяның Литваға кетуіне көмектескенін айтты
МИНСК. 9 қазан. Александр Лукашенко президенттікке экс-кандидат Светлана Тихановскаяның Литваға кетер кезінде биліктің оған «өмір сүру үшін» бір мемлекеттік кәсіпорыннан 15 мың доллар алдырып бергенін айтты. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
«Sputnik Беларусь» хабарлағандай, Лукашенко жұма күні «өзекті мәселелер бойынша» кеңес өткізген. Сонда ол жоғары мемлекеттік лауазым үшін сайлауға түскеннен кейін Тихановская ішкі істер министрі Юрий Караевтың қабылдауына сұранған, мұны ол бірден Лукашенкоға баяндаған.
«Мен оған екі адам жібердім. Біріншісі министрдің бірінші орынбасары болса, екіншісі жедел талдау орталығының басшысы еді. Тұтас алғанда, ол бізге «Мархабат, президентке жеткізіңіздер, менің Беларусьтен кеткім келеді, мұнда апат болады» деген бір ғана өтініш білдірді. Бір апаттың келе жатқанын біз де түсіндік. Сосын мен жарлық беріп, оны арнайы адамдардың қорғауымен Литваға, балаларына қарай шығарып жібердік. Сол кезде ол онда тұру үшін ақшасы жоқ екенін айтты. Мен сосын тапсырма беріп, бір мемлекеттік мекемеден 15 мың доллар алдырттым. Ол сол кезде мойнымнан құшақтап тұрып: «Үлкен рахмет» деп, жылап жіберді», – деді Лукашенко.
Оның айтуынша, сонымен бірге Литвадағы Беларусь елшілігіне Тихановскаяға көшуге, оның ішінде пәтер іздеуге көмектесу тапсырылған, бірақ ол барған бойда Литваның арнайы қызметтерінің бақылауына алынған.