АҚШ-тан соң Франция мен Британия Украинаға алыстан атуға рұқсат етті
КИЕВ. 18 қараша. АҚШ-тың соңын ала Франция мен Британия да Украина Қарулы күштеріне Ресей территориясын өздерінің алыстан ұратын ракеталарымен соққы жасауға келісім берді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Енді нағыз топалаң басталғалы тұр. Француздың Le Figaro газеті Франция мен Ұлыбританияның Украинаға өздері берген алыстан атқылайтын SCALP/Storm Shadow зымырандарымен Ресей территориясын оңды-солды атқылауға болатынын жеткізгенін атап өтті. Бұдан алдын Американың The New York Times басылымы АҚШ президенті Джо Байденнің РФ аумағын өзі берген ракеталармен соққы жасауға салған тыйымын алып тастағанын жазған еді. Ақ үйдің қазіргі егесі сөйтіп жаңадан сайланған президент Дональд Трамп таққа отырғанға дейін екі ай қалған уақытта осындай батыл шешімге келді. Себебі, жаңа билік Украинаны қолдауды қысқартатынын баяндап қойған болатын. Оның үстіне, Трамптың Кремльді қандай жағдайда соғысты тоқтатып, бейбіт келісімге келуді мәжбүрлегелі отырғаны да белгісіз. Егер ол Украинаны осы кезге дейін айырылып қалған жерлерінсіз қалдыруға негіз қалайтын болса, оған Володимир Зеленьскийдің келіспейтіні аян.
Бұған сондай-ақ Германия канцлері Олаф Шольцпен телефон арқылы сөйлескеннен кейін РФ диктаторы Владимир Путиннің өз қару-жарақтарының барлық түрін бір мезгілде іске қосып, Украинаны бұрын-соңды болмаған соққының қатты астына алғаны да бір себеп болған сияқты. Екінші себеп РФ басқыншы армиясы жағында Солтүстік Корея солдаттарының соғыса бастағанын жатқызуға болады.
Қазір күллі әлемнің соғыс сарапшылары түгел осы мәселені талқылап жатыр. Олардың кейбірінің пікірінше, аталмыш ракеталардың негізгі нысанасы «Курск облысында украин әскерлеріне қауіп төндіріп жатқан» орыс және корей сарбаздары болуға тиіс. Алайда Байден Киевке тек бұл аумақты ғана емес, сонымен қатар басқа маңызды жерлерді де зымырандармен соққылауға рұқсат етуі мүмкін. «АҚШ-тың мұндай шұғыл шешім қабылдауына Курск облысында Солтүстік Корея жауынгерлерінің пайда болуы тікелей әсер етіп отыр», – деп жазады шолушылар.
Нағыз топалаң енді ғана басталмақшы. Мәтбұғат Reuters агенттігінің мәнбесіне сілтеме жасай отырып, АҚШ-тың атақты ATACMS ракетасының өте таяу күндерде Ресей территориясын атқылай бастайтынын атап өтеді. Агенттік әңгімешілерінің айтуларына қарағанда, мұнда 300 шақырымға дейінгі модификациялы ракеталар «сөйлеуі» керек.
Украина президенті Володимир Зеленьский осыған орай соққылардың сөзбен беріліп қойыла салмайтынын, сондай-ақ мұндай нәрсенің алдын ала ашып айтылмайтынын мәлімдеді. «Ракеталар өздерін өздері көрсетеді. Міндетті түрде», – деді ол. Сонымен бірге алыстан соғатын ракеталарды іске қосу украин армиясының «жеңіс жоспарының» басты тармақтарының бірі екенін атап өтті.
Кеше Олаф Шольцпен әңгімеден кейін шолтаңдап кеткеніне енді Кремльдің узурпаторы да өкініп отырған шығар.