Астанадағы музейден Назарбаевтың балауыз мүсіні алынып тасталды
АСТАНА. 2 сәуір. Елордадағы Қазақстан Қарулы күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи музейінен Нұрсұлтан Назарбаевтың балауыздан жасалған мүсіні алынды. Бұл туралы Nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бірақ бұл «отыз жылдық ойранның» негізін қалаушы, оның бас қолбасшысы әрі дем берушісі – байырғы президенттің басынан бағы тайғанын әсте білдірмейді, ол әлі де бұрынғы асып-тасыған, болған-толған қалпында үріп-ішіп, шайқап төгіп, бұ дүниенің бар рахатын белшеден көріп отыр.
Сондығынан болар, музей өкілдері Nur.kz порталы тілшісіне мұны көрме залдардағы экспозициялардың әлемдік музей тәжірибесіне сәйкес ауық-ауық жаңартылып тұратын үрдісімен түсіндірді. Демек, бұған экс-президенттің ешқандай қатысы жоқ, яғни бұл оны шеттетуге жатпайды, жай ғана кезекті хаттамалық шара.
«2024 жылы еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақстан Республикасының Қарулы күштері» көрме залында Сағадат Қожахметұлының өмірі мен әскери қызметін толық қамту мақсатында оның экспозициясын кеңейту бағытында реэкспозиция жүргізілді», – деп хабарлады Қарулы күштер мемлекеттік әскери-тарихи музейінің өкілдері.
Олардың айтуларынша, қазіргі таңда бірінші президенттің мүсіні музей қорында тұр, онда экспонатты тазалау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың балауыз мүсіні ел байтағындағы музейге 2018 жылы бірінші президент күніне орай қойылған еді. Инсталляцияда президенттің кабинеті көрсетілген, онда Назарбаев үстел басында отыр, алдында генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетовті еліміздің қорғаныс министрі етіп тағайындау туралы қол қойылған бұйрық жатыр.