Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Әуелгі президенттің «екінші әйелі» өзі жайлы жазған тілшіге аккаунттан тіл қатты

АСТАНА. 9 желтоқсан. Әдепкі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «екінші әйелі» атанып жүрген Гүлнар Рақышева өзі жайында жазған «Азаттық» тілшісіне жауап қайтарды. Бұл туралы «Азаттық радиосының» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Дәсәуілгі елбасы (бұл «атақ» қазір ресми түрде алынып тасталды – ред.) жақында жарық көрген «Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа» деген мемуарында отбасылық жағдайы хақында айта келіп, бүгінде Әсел Құрманбаева есімді әйелден мұрагерлер сүйіп отырғанын жазады, алайда одан бұрын көңіл жарастырған, тіпті одан туған екі қыздың әкесі деп айтылатын Гүлнар Рақышева турасында ләм-мим деп жақ ашпайды.

Сондықтан «Азаттықтың» тілшісі Манас Қайыртайұлы «Экс-президенттің «бейресми әйелі» Гүлнара Рақышева деген кім?» атты зерттеу материал жариялады. Міне, осыған байланысты тілшіге Рақышеваның аккаунтынан жауап келіпті. Ол журналист сұрақтарына «ашумен жауап берген».

«Тағы бір көре алмас егеуқұйрық пайда болды. Бизнес аш, жұмыс істе де табыс тап. Кім кедергі? Әлде басың жетпей ме? Әрине, андағы жақта «дотацияда» отыру ыңғайлы, шамасы тапсырыс көп сияқты», – деп біраз ширатылыпты хат егесі. Құдды бизнесті өз күшімен жасап алған кәдуілгі коммерсант сияқты…

Ал Манас Қайыртайұлы сұрақтарды аталған аккаунтқа зерттеу жарияланбай тұрып жіберген. Журналист оған бірнеше дерек келтіріп, «Қалай табысты кәсіпкерге айналдыңыз?» деп сұраған. Бірақ ол кезде Рақышева үн-түнсіз қалған.

Жауап зерттеу жарияланғаннан кейін бірнеше күннен соң келеді. Сонымен бірге бұл тұста әлгіндегі аккаунт жабылып, оның жазбаларын тек достары ғана көре алатын болған.

Алғаш рет Гүлнара Рақышева туралы Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, марқұм Рахат Әлиев билікпен шекісіп кеткен кезінде жариялаған «Өкіл қайын ата» («Крестный тесть») деген кітабында жазған. Әдетте Рақышева туралы пікір айтатындар сол мәнбеге иек артады. Әлиев «Стюардесса мен мемлекет басшысының қарым-қатынасы жақындаса түскен 1996 жылы Гүлнара 26 жасқа толған» деп бұрқыратып өтеді. Ол кезде Назарбаев 56 жаста болған. Әлиевтің жазуынша, Рақышеваның Назарбаевтан екі қызы бар.

Осы мазмұндағы мәліметтерді кейін қазір Швейцарияда тұрып жатқан бұрынғы қазақстандық шенеунік, өзі де жемқорлықтың өркенін жайдырып кеткен Виктор Храпунов бірнеше рет таратты.

Ал сөз етіліп отырған Гүлнар Рақышева кейін стюардессалықтан күрт «өсіп». республикадағы ірі әуе компаниясы – «Эйр Астананың»  вице-президенті болады. Сосын сауда және қызмет салаларындағы бірнеше жеке компанияның құрылтайшысы болып шыға келеді.

Еске сала кетейік, биылғы 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев жаңа кітап шығарып, онда Әсел деген әйелмен мұсылманша некеге отырғанын, араларында екі ұлы барын жария еткен. Назарбаев қазір мойындағанымен, Әсел Құрманбаева жайлы ақпарат ел ішінде бұрыннан бар. Бірақ ол үшінші әйелі ретінде айтылатын. Ал екінші әйелі болған деп көрсетіліп жүрген Гүлнар Рақышева жайлы және онымен арақатынасы төңірегінде экс-президент ештеңе демеген.

Назарбаевтың ресми өмірбаянында оның әйелі Сара Назарбаева деп жазылып, олардың Дариға, Динара және Әлия деген үш қызы бар екені атап көрсетілген.

Назарбаев 2019 жылы президент қызметінен кеткенімен, бірнеше жыл саяси ықпалын сақтап, елді басқарып тұрды. Тек Қанды қаңтардан кейін ғана біраз жуасып, қаһарынан қайтып, өзін тек«қарапайым зейнеткермін» деп атады. Әлбетте, бұған қазіргі президенттің тікелей ықпалы мен пәрмені болғаны белгілі. Ал кейінгі екі жылда байырғы президент жұрт алдына сирек шығатын болып жүр. Жә, жай жыртақай жандайшаптар болмаса, оны сағынып бара жатқан да ешкім жоқ. Ақыл-естері түзік кісілердің бәрі оның отыз жылдыөқ ойранында елді қалай тонап, талан-таражға салып, жұртты қайтіп қайыршылық деңгейге жеткізгенін түсініп болды.

Тағы бір жайт, Былтыр «Қазақстанның тұңғыш президенті- Елбасы туралы» заңның күші жойылып, экс-президент «елбасы» мәртебесінен айырылды. Үш жыл бұрын Нұр-Сұлтан деп аталған астананың бұрынғы аты қайтарылды.

Иә, Оноре де Бальзактың «Шегірен былғарысындағыдай» секілді Назарбаевтың үлесіндегі активтер мен атаулардың бәрі біртіндеп қысқарып келеді.

Дегенмен оның атындағы өзгертілуге тиісті нысандар әлі де аз емес.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button