Прокурор Бишімбаевтың шімірікпей айтқан өтірігін бетіне басты
АСТАНА. 2 сәуір. Астанада өтіп жатқан сот отырысында прокурор сотталушы Қуандық Бишімбаевтың тамам жұрттың көзінше көпе-көрнеу айтқан өтірігін паш етті. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Әйелін асқан қатыгездікпен ұрып өлтірді деген айыппен сотты болып отырған бұрынғы Ұлттық экономика министрі алдымен куәлік беру кезінде марқұм жұбайы Салтанат Нүкенованың әкесін психикалық ауытқуы бар деп көрсетуге тарысты. Ол осы арқылы дәл сондай тұрақсыз психикалық ахуал белгілері Салтанаттың мінез-құлқында да болған дегенді меңземек болды.
Осы кезде прокурор Айжан Аймағанова іле-шала бұл тұжырымға келіспейтінін білдірді. Бұған шамданып қалған Бишімбаев адвокаттарының бірі оған қарсы сөз айтты.
«Сотталушыға куәлік беруге мүмкіндік беріңіз», – деді қорғаушы мемлекеттік айыптаушыға.
«Біз кедергі болып тұрған жоқпыз, куәлік бере беріңіз», – деп жауап қатты прокурор.
Сөз таласқа қалалық соттың төрағасы, судья Айжан Құлбаева араласып, процеске қатысушыларға ескерту жасады.
«Бір минут! Сот залында сабыр сақтаңыздар. Мен 345, 346-баптардың талабын тағы бір рет атап өткім келеді және сот отырысының тәртібін барлық тараптар қамтамасыз етуі тиіс екенін сот отырысына қатысқандардың бәріне ескертемін. Сотқа ғана емес, процестің басқа қатысушыларына да құрмет көрсету қажет. Сондықтан бір-біріңіздің сөздеріңізді бөліп, қарсы тараптың уәжін үзудің қажеті жоқ», – деді судья.
Кейін прокурор соталды тергеу барысында Бишімбаевтың бес рет куәлік беруден бас тартқанын еске салып өтті.
«Құрметті сот, алқабилер түсінуі үшін айтып өтейінші. Бишімбаев сотқа дейінгі кезеңде бұл туралы айттым дейді. Ол бұл туралы қашан айтты? Сіз (Бишімбаев – ред.) 5 рет куәлік беруден бас тарттыңыз. Бес рет, құрметті сот! Ол бұл туралы қашан айтты? Құрметті алқабилерді адастырмасын. Оның қазір айтып жатқан түсініктемелеріне тағы да қарсылық білдіремін. Істің мән-жайы бойынша куәлік берсін», – деді Айжан Аймағанова.
Сот процесінде Қуандық Бишімбаев сондай-ақ Салтанаттың әкесіне қатысты берген айғақтары «соталды тергеу материалдарында бар» деп сендірді.
Бұған жауап ретінде зардап шеккен тараптың адвокаттары сотқа Салтанат Нүкенованың әкесінің психикалық жағдайы туралы анықтама берді. Құжатқа сәйкес, Бишімбаевтың сөзі расталмады: ол кісі ешқашан психиатрда есепте тұрмаған. Қорғаушылар анықтаманы іс материалдарына тіркеп, алқабилерге көрсетуді сұрады.
Бұл ретте судья Айжан Құлбаева қатты сөйлегені үшін прокурорға ескерту жасады.
«Сот айыпталушымен сөзге келіп, бап талабын ұмытып кеткені үшін айыптаушы тарапқа ескерту жасайды. Прокурор іс бойынша төрағалық етушіге өтініш білдіруі керек, содан кейін сот тиісті шараларды қолданады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, сот дауыс көтеруге қатысты ескерту жасайды. Бұл – сот залы. Сіз айғайға көшіп барасыз. Сабыр сақтаңыздар, айыптаушы тарап», – деді Құлбаева.