Нұрсұлтан Назарбаев өзіне үйлеспейтін «академик» атағынан да айырылды
АСТАНА. 24 шілде. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан Қазақстан Ғылым академиясының академигі мәртебесі алынды. Бұл Massaget.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұның жайын бүгін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзі берген брифингте айтты.
Ғылым және жоғары білім министрі академик мәртебесін беруге қатысты өзгерістер орын алғанын алға тартты. Оның айтуынша, Қазақстан Ғылым академиясын қайта ретке келтіру кезеңінен жүріп жатқанға ұқсайды.
«Қазір бізде РПО (Республикалық қоғамдық бірлестік – ред.) жұмыс істеуде. Былтыр Президент шешімімен жаңадан Ғылым академиясы құрылды. Ол біріншіден, Президент жанында, мемлекет тарапынан қаржыландырылады», – деді министр онлайн брифингіде.
Ведомство басшысының айтуынша, көп академиктің мәртебесі жойылған. Ол «той генералы» секілді академик атағын алып алғандардың енді болмайтынын меңзеді.
«Ғылым академиясына бірте-бірте мықты ғалымдарды жинаймыз. Бұрын Академияда болған адамдардың статустары жойылды. Жаңадан сайланған академиктер – өте мықты, мойындалған ғалымдар. Олар Қазақ нейрохирургия қауымдастығының президенті Серік Ақшолақов, Қазақстандағы репродуктологияның негізін салушылардың бірі Вячеслав Локшин, Назарбаев университетінің профессоры Дурвудхан Сураган, Ядролық физика институтының жетекшісі Максим Здоровец, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, атақты физик Тілекқабыл Рамазанов», – деді министр.
«Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев енді Ғылым академиясының мүшесі емес пе?» – деп сұрады журналистер министрден.
«Дәл солай, қазір Ұлттық ғылым академиясында небәрі 9 мүшесі бар, тізімді береміз», – деді Саясат Нұрбек.
Ал Massaget.kz порталына анықтауы бойынша, Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Ғылым академиясының академигі статусы 1995 жылы берілген екен. Ал 2011 жылы президенттің қатысуымен Академия ғимаратында ғалымдар форумы өтіп, оған «Ғасыр ғалымы» атағы да берілген көрінеді.