Қазақстанның бокстан әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы өзгерді
АСТАНА. 1 сәуір. Қазақстанның бокстан әйелдер арасындағы құрамасына Елдос Сайдалин бас жаттықтырушы болып тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан Бокс федерациясы баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осыған орай құраманың бас жаттықтырушысы Шамиль Нұрғалиұлы Сафиуллин қызметінен алынды. Ол 2021 жылдың қыркүйегінен бері бас команда тізгінін ұстап келген еді. Қазақстан Бокс федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, терме жамағаттың бас жаттықтырушысын алмастыру жөніндегі ұсыныс Туризм және спорт министрлігінен түскен. Бұған ұлттық жасақтың таяудағы Бакы турнирінен бос қайтуы мен соңғы кездері командаға қатысты туып жатқан әртүрлі дау-жанжалдар нақты себеп болса керек.
Елдос Жәнібекұлы Сайдалин 1985 жылғы 23 қазанда Қарағанды қаласында туған. Қазақстан Республикасының спорт шебері. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Жоғары дәрежелі жаттықтырушы. Ол – боксшы ретінде әлемнің жасөспірімдер арасындағы 2004 жылғы чемпионатының қола жүлдегері (51 кг), Азияның ересектер арасындағы 2007 жылғы чемпионатының күміс жүлдегері (57 кг), Қазақстанның ересектер арасындағы 2004 жылғы (54 кг) және 2005 жылғы (57 кг) чемпионы.
Елдос Сайдалин жаттықтырушылық мансабын 2008 жылы Қарағанды облысы балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінде жаттықтырушылықтан бастаған. Ол Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында әйелдерді жаттықтырған. 2020 жылдан бері әйелдер боксынан Қазақстанның жастар және жасөспірімдер құрамаларының аға жаттықтырушысы болып келді. Оның жетекшілігімен 2021 жылғы әлем чемпионатында жасөспірімдер командасы 2 күміс, 3 қола медаль еншіледі, 2022 жылы әлем чемпионатында жастар құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медальге қол жеткізді, 2023 жылы Астанада өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 8 алтын, 4 күміс және 9 қола медаль алды. Сондай-ақ, 2023 жылы Арменияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан 3 алтын, 5 қола медаль алып қайтты.
Іске сәт, жаңа жаттықтырушы!