Жусан да жусан, жусан-ай!
Жусанды жерде
тұрсам-ай!
Жүрегі жусан аңсаған,
Жүректі қазақ тусам-ай!
Жанымды жеген кеміріп,
Жақсы бір арман
мың сан-ай!
Еліктей ойнап емініп,
Құралай бота қусам-ай!
Жусан-ай, шіркін, жусан-ай!
Тобылғы түбі —
тұрымтай,
Тұрымтай, ол да, қалады!
Кешегі құнан —
бүгін тай,
Бүгіліп кетіп барады!
Кешегі дөнен —
ол да әне,
Құнан боп құртты сананы!
Мұнысы несі, мұңлық-ау?!
Тұлпар боп шығар тай қайда?
Тындың-ау тағы,
тындың-ау!
Аспанға шабам, Ай қайда?
Тереңге тартса тамыры,
Теректің жаны
мәңгілік!
Мазасыз ойдың мамыры,
Маусымға кетті қаңғырып.
Шілденің миы айналып,
Шөңгенің жанын
қуырды.
Қаңтардың қолы байланып,
Ақпаннан найза суырды.
Не пәле мынау —
жын ойнақ?
Кім ойлап тапты, кім ойлап?
Төбеде әне,
теке емес
Текешік қана тұр ойнап!
Ешкінің еті тым арзан,
Түбіті қымбат,
неге екен?
Күн шықпай жатып қызарған,
Қазақтың қаны кең екен!
Бетеге қайда, бел қайда?
Белге де жетті-ау
бетеге!
Жусансыз қалған жер қайда,
Жұтылып ол да кете ме?
Сәмбі тал қатты иілді,
Сәскеге сәл-сәл
қалғанда.
Жусанның жаны сыйынды,
Шөңгеден шошып қалған ба?
Жусан да жусан, жусан-ай!
Жусанды жерде
тұрсам-ай!
Жүрегі жусан аңсаған,
Жүректі қазақ тусам-ай!
Жанымды жеген кеміріп,
Жақсы бір арман
мың сан-ай!
Еліктей ойнап емініп,
Құралай бота қусам-ай!..
Жусан-ай, шіркін, жусан-ай!..
Аманкүл ПІШЕНБАЙҚЫЗЫ