Руханият

АССАЛАУМАҒАЛӘЙКҮМ!

Қария көрсе өтеді қарамай кім?

Сәлем күтіп тұрғаның маған айқын.

Жүрісіңді сәл тежеп жөткіріндің,

Уа, қария, ассалаумағаләйкүм!

 

Ассалаумағаләйкүм, ақ қариям!

Ассалаумағаләйкүм, бақ дариям!

Аман ба өзің еккен қара орманың,

Бақуатты шығар-ау баққан ұяң?!

Алматының көшесі аққан ағын,

Сәлемімді бердім де тоқтамадым.

«Қай баласың, қарағым?» дегендейін,

Көлегейлеп көзіңді көп қарадың.

 

Көп қарадың, көңілді қажай ма мұң?

Кетті тарап ілезде жаз ойларым.

Азғанына заманның балайсың-ау,

«Ассалаумағаләйкүм!» азайғанын.

 

Сәлем сөздің киесін ұға алмаған,

Ұрпақтан ұлағатты шығар ма адам?

Қарсы алдында өзіңдей қария боп,

Тірі тарих тұрғанын кім аңдаған.

 

Болайықшы күпірлік ойларға абай,

Қарттар барда тартылар қайнар қалай?

Ата сәлем – Ассалаумағаләйкүм! –

Музейдегі мүлікке айналмағай…

Қорғанбек АМАНЖОЛ

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button