Жалағаш: Жаңа нысандар халыққа қалтқысыз қызмет етуде

ЖАЛАҒАШ. 8 сәуір. Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Жалағаш ауданында жаңадан салынған нысандардың қазіргі жайын барып көрді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Бүгін аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, елді мекендердегі жол құрылысы, пайдалануға берілген және қайта жаңғыртудан өткен ғимараттардың қазіргі жай-күйімен танысты», – делінген хабарламада.

Ол алдымен Аққұм ауылдық округіне аялдап, жол құрылысы жұмыстарының нәтижесіне көз салды. Мұнда 2023-2024 жылдары 457,1 млн теңгеге 10 көше күрделі жөндеуден өткен болатын.
«Ауыл – ел бесігі» жобасымен 2022 жылы 140,0 млн теңгеге салынған Таң ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен өткен жылы пайдалануға берілген Қаракеткен ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жұмыстары да назардан тыс қалмады.
Ал Жалағаш кентіндегі Мемлекет басшысының тапсырмасымен және аймақ басшысының қолдауымен бой көтерген «Руханият орталығына» бүгінде музей, кітапхана, архив, неке қию залы, сондай-ақ ардагерлер мен аналар кеңесі, жастар орталығы, азаматтық қоғам өкілдері, тарихи-мәдени ұйымдар біріккен.
Былтыр Жалағаш ауданында әлеуметтік жағынан осал топ санатындағы 111 отбасыға жаңа баспана кілті табысталған болатын. Облыс әкімінің бірінші орынбасары осы тұрғын үйлерді де көріп шықты.







