Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Еуро-2023: Испания құрамасы 1/2 финалда Украинаны ірі есеппен ұтты

БУХАРЕСТ. 6 шілде. Кеше түнде Еуропаның жастар (U-21) арасындағы чемпионатының жартылай финалында Испания Украинаны 5:1 етіп күйрете жеңді. Бұл туралы УНИАН ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Чемпионат Грузия және Румыния елдерінде екі бөлініп өтіп жатыр.

A және C топтары – Грузияда, B және D топтары Румынияда бас қосты.

Испания және Украина құрамалары B тобында күш сынасты. Испандар топта Румынияны 3:0, Хорватияны 1:0 етіп ұтса, украиндар Хоратияны 2:0, Румынияны 1:0 етіп тізе бүктірді. Ал ең соңынан екі команда – Испания мен Украина өзара ұшырасып, 2:2 болып тең тарқасты. Испандар таразы басын матчтың 90-минутында ғана теңестіріп үлгерді. Нәтижесінде доп айырмашылығы +4 болған Испания топта бірінші орынға орналасса, бұл көрсеткіші +3 мөлшерін көрсеткен Украина екінші орынға табан тіреді.

Бұдан кейін Испания ширек финалда D тобында екінші болған Швейцариямен кездесіп, 2:1 етіп жеңсе, Украина өз D тобында бәрін бет қаратпай жеңіп келген Францияны 3:1 етіп ұтып шықты.

Ал Испания мен Украина арасындағы екінші кездесу, жартылай финалдық жекпе-жек Бухарест қаласының Орталық стадионында өтті. Матч тартысты басталды. Онда бірінші болып украиндар (Бондаренко) есеп ашты. Алайда арада он минут өткенде испандар алға шығып үлгерді. Екінші таймда олар жауапсыз тағы үш гол салып кетті.

Испания – Украина 5:1 (2:1)

Испания: Тенас Гомес, Паредес, Пачеко, Миранда, Бланко (Бернабе, 75), Баэна (Вейга, 75), Сансет (Орос, 58), Родри (Барренечеа, 58), Руис, Серхио Гомес (Рикельме, 80);

Украина: Трубин, Сыч, Батагов, Таловеров, Вивчаренко (Брагару, 61), Бондаренко (Очеретько, 76), Бражко (Желизко, 61), Судаков, Мудрик, Назаренко (Кащук, 46), Сикан (Ванат, 61).

Голдар: Руис (17), Сансет (23), Бланко (54), Орос (68), Гомес (77) – Бондаренко (13)

Ескерту: Бланко (36) – Сыч (44).

Айта кетейік, содан бір күн бұрын жартылай финалдың алғашқы жұбында Англия Израильді 3:0 етіп ұтқан болатын. Ағылшындар сапынань Гиббс-Уайт, Палмер және Арчер гол салды.

Финалдық матч енді 8 шілде күні түнде Англия және Испания құрамалары арасында ойналады.

Тағы бір айтатын жайт, жартылай финалда күш сынасқан Англия, Испания, Украина және Израиль командалары 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиялық ойындарға жолдама алып үлгерді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button