Басты бағанЖаңалықтар жаңғырығы

Кремльдің ендігі нысанасы: Қазақстан мен Армения қарауылда тұр

УАШИНГТОН. 4 қараша. Ресей басқыншы мемлекеті жақын арадан бастап өзінің басты қарауылына Қазақстан мен Арменияны алуға кірісті. Бұл туралы The Washington Post ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Кремль Украинаға қарсы ұзаққа созылған соғыстың аясында жан-жаққа астыртын агрессияның жаңа толқынын жіберуді жалғастырып келеді, бұл жолы Қазақстан мен Армения оның басты нысанасына айналды. Қазір Мәскеу дезинформация мен арандату арқылы бұл елдерде түсіп кеткен немесе жоғалған позицияларын қайтарып алуға тырысып жатыр.

Ресейдің ұшақтары НАТО мен Еуропа одағы елдерінің әуе кеңістігін бұзуды жалғастырып, құрлықтағы қауырт шиеленісті еселеп күшейтіп жатқанда, Мәскеу тағы бір, одан кем емес қауіпті ұрыс – ақпараттық соғысын бел шеше  жүргізуді бастады.

Американың The Washington Post газетінің пайымынша, агрессор дәулеттің қазіргі жаңа нысаналары Қазақстан мен Армения болып тұр.

Украинаға толық ауқымды басып кіруден кейін Кремль басқа көршілеріне қарсы ашық агрессияның тым қымбатқа түсетінін түсінді. Қазір ол гибридті ықпал ету әдістеріне сүйеніп отыр. Осы арқылы ол елдерде тұрақсыздандыру, үгіт-насихат, адал элиталарды қаржыландыру және шіркеуді қысым құралы ретінде пайдалану әрекеттерін жасауды қолға алды.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Қазақстанда Ресей агенттері орыс тілді халықтың едәуір бөлігі тұратын солтүстік аймақтардағы жағдайды тұрақсыздандыруға ерекше күш салуда. Осының орайында Қазақстан мен қазақтарға қатысты лас мәлімдемелер жариялап, мемлекет құраушы титулды ұлтты қорлау фактілері тым жиілеп барады. Ресей парламентарийлері мен насихатшылар елдің аумақтық тұтастығына күмән келтірді, ал диктатор Владимир Путин бұған дейін бір кездері Қазақстанның «ешқашан өз мемлекеттілігі болмағанын» бірнеше рет мәлімдеген. Дәл осы мәлімдемелер бір кездері Қырымды аннексиялау және Донбасстағы соғысты ақтау үшін де қолданылған еді.

Сонымен қатар, Арменияда құқық қорғау органдарының қызметкерлері мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасады деп айыпталған бизнесменді ұстады. Тергеу оның ресейшіл құрылымдармен байланысы болғанын көрсетеді. Оппозиция бұрын Ресей барлау қызметтерімен ынтымақтастық жасады деп айыптаған Армян апостолдық шіркеуінің бір бөлігі де Мәскеудің жағына шықты. Ал Ереван сатқындық жасады деп айып тағып отырған Ресей және Жаңа Нахичеван епархиясы Армян Апостол шіркеуінің архиепископы Езрасты күні кеше Владимир Путин әдейі ерегіскендай Ресейдің Александр Невский орденімен марапаттады.

Сарапшылар Кремльдің сценариі Украинадағы ахуалды қайталайтынын атап өтеді: мұнда да сондағыдай этникалық және діни шиеленістерді қоздыру, ресейшіл БАҚ-қа ену және «достық» олигархтарды қолдау жүріп жатыр. Кезінде Молдова мен Донбаста да солай болған, ал қазір бұл тактика Орталық Азия мен Кавказда қолға алына бастады.

Бұл тұрғыда Қазақстанның осал жерлері көп: ел Ресеймен ең ұзын құрлық шекарасын бөліседі және мұнда Украинадан кейінгі ең көп мөлшерлі орыс диаспорасы бар. Сонымен қатар, Қазақстан армиясы жауынгерлік дайындық тұрғысынан Украина армиясымен мүлдем салыстыруға келмейді, ал мыңдаған шақырым шекара іс жүзінде қорғалмаған күйінде ашық қалып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, Уашингтон бұл аймақтарды қорғауда маңызды рөл атқара алады. Құрама Штаттар Орталық Азияның тұрақтылығына мүдделі: Қазақстанда Қытайдан келетін жеткізілімдерді алмастыра алатын әлемдегі ең ірі сирек кездесетін металдар қорларының бірі бар. Ақ үй үшін бұл стратегиялық ресурс, онсыз заманауи технологиялар мен қару-жарақ өндірісі мүмкін емес.

Американың Қазақстанда сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеуге инвестиция салуы оның тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, сонымен қатар Ресейдің араласуын тым қауіпті етуі мүмкін.

Арменияға да қолдау қажет. 2025 жылдың тамызында АҚШ президенті Дональд Трамптың делдалдығымен Әзербайжанмен бейбітшілік туралы келісімге қол қойылғаннан кейін Мәскеу жоғалған ықпалын қалпына келтіру үшін жан таласып жатыр. Ресейлік үгіт-насихат ұлтшылдық пен егемендікті жоғалту қорқынышын пайдаланып, қоғамды белсенді түрде тұрақсыздандыруда.

Премьер-министр Никол Пашинян әлі де қоғамның бір бөлігінің қолдауына ие, бірақ оның рейтингі біртіндеп төмендеп барады. Сарапшылардың бағалауынша, Кремль мұны өз билігіне адал саясаткерлерді тарту үшін пайдалануға тырысуы мүмкін.

Қазіргі уақытта Ресей посткеңестік кеңістікті бақылаудан шығарып алып жатыр, бірақ демократиялық елдер үшін мүмкіндіктер терезесі мәңгілікке ашық қалмайды. Мәскеу тікелей араласусыз тұрақтылықты қалай бұзуды біледі және мұны барған сайын күшейтіп келеді. Сондықтан, енді АҚШ, ЕО және олардың серіктестері үшін Кремльдің өз империясын жаңа ту астында қайта іске қосуына жол бермеу үшін аймақта экономикалық және дипломатиялық қатысуды орнатудың уақыты келді. Осы орайда ертең Уашингтонда өтетін Орталық Азия елдері басшыларының саммитінен мұндағы бес ел жұртының күтері көп болып отыр.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button