Сыр бойының үш таңдаулы мектебі елдегі 100 үздіктің қатарынан көрінді
ҚЫЗЫЛОРДА. 6 шілде. Қызылорда облысының үш мектебі республикалық олимпиада қорытындысы бойынша үздік 100 білім ордасы қатарынан табылды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы биылғы оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңіне қатысушы мектептер арасында еліміздің 100 олимпиадалық мектептері рейтингісін жариялады.
«Нәтижесінде Сыр өңірінен «Қазақстанның 100 үздік олимпиада мектептері» қатарына 3 білім беру ұйымдары енді», – деп жазды облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбет өзініі Facebook-тағы парақшасында.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы оқу жылында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша олимпиада 20-25 наурыз аралығында Шымкентте 891 оқушының, оның ішінде ғылым негіздері бойынша 88 олимпиадалық резерв мүшелерінің қатысуымен өткен.
Сөйтіп, олимпиада қорытындысы бойынша, «Қазақстанның 100 үздік олимпиада мектептері» қатарына Қызылорда қаласындағы №9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты (13 орын), №10 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты (15 орын) және Абай атындағы №138 орта мектеп (101 орын) енген.
Үздік олимпиадалық мектеп атағын алу жолында республиканың 314 мектебі сайысқа түскен.
Олимпиада қорытындысымен бірінші орынды 4 мектеп жеңіп алса, екінші орынды 9 мектеп өзара бөліскен, ал үшінші орынға 14 мектеп лайықты деп табылған.
Еске сала кетейік, Қызылорда облысында 295 мемлекеттік, 24 жеке мектеп мектеп бар.