Хайастан темір жолын басқаруды Ресейден алып, Қазақстанға береді

ЕРЕВАН. Хайастан (Армения) премьер-министрі Никол Пашинян армян темір жолындағы Ресей концессиясы Қазақстанға сатылуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы «Ведомости» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Ереван өзінің темір жол желісін Ресейден алып, үшінші елге өткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, бұл Мәскеумен арадағы қарым-қатынастың салқындауы қалпына берілген тағы бір дабыл бола алады», – деп жазды «Неміс толқыны» (DW) радиосы.
Белгілі болғаны, қазір армян темір жолдарын Ресейдің концессиялық басқаруынан алып, басқа елге сату мәселесі Ереванға келген Қазақстан делегациясымен талқыланбақшы. Мұның жайын Армения премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді.
Саясаткер Мәскеудің де келіссөздерге қатысатынын атап өтті. «Ресейдің бұл келіссөзден сырт қалуы ешбір мүмкін емес», – деді ол.
Ақпан айында армян премьер-министрі Ресей тарапына республика темір жолын концессиялық басқару құқығын екі елге де қолайлы үшінші тарапқа сату мүмкіндігін қарастыруды ұсынғанын баяндаған болатын.
Ықтимал үміткерлер туралы сұраққа премьер нақты сатып алушының әлі толық анықталмағанын атап өтті.
«Мен мұны қарастыру керек деп ойлаймын. Мысалға ол Қазақстан не БАӘ, Катар не басқа ел болып қалуы ықтимал», – деді Пашинян.
Оның пікірінше, Ресей қолданысындағы концессия Армения үшін «белгілі бір мөлшерде бәсекелестік шығынын» тудырады.






