Руханият

ДҮНИЕ СУ БОП АҚПАЙ МА?

Жыр жауһары

Махамбет: «Өтемістен туған он едік!

Онымыз атқа қонғанда,

Жер қайысқан қол едік…»

Пішенбайдан туған төртеу ек!

Тобылғы түстес

көркем ек!

Сіңілім сырға

таққанда,

Екі інім маған еркелеп,

Екінді болса,

ерте кеп:

– Ат қайда? – дейтін, – ат қайда?

Атты да асыл

сүйекті,

Азамат еркек бақпай ма?

Мен шығар едім

бір шеттен,

Өлеңнің өршіл

шумағын,

Ойып бір жазып тақтайға!

Ойылып түскен

өлеңім,

Біреуге, қайдам, жақпай ма?

Алтыннан асыл

ардақты,

Ағайын қайда, жат қайда?

Алысқа кетті

кей қазақ,

Бөтеннен іздеп бас пайда!

Жер жайлы жетім

сөз айтсаң,

Бас шұлғып, БАҚ-тар баспайды, ә?!

Жақынға сөзің жақпай ма,

Жақын да сені

даттайды, ә?!

Қарындасың да, қызың да!

Түңіліп кетіп

түріңнен,

Қиылып кірпік қақпай ма?!

Кім ие

мынау жеріме?

Дүние

су боп ақпай ма?!

Опасыз өмір

тістесе,

Отыз екі тісің қақсай ма?

Жаңбыр да бекер

жаумайды,

Баспана қайда, бас қайда?

Арман да кейде

алдайды,

Асхана қайда, ас қайда?

Шығасы қайда, шай қайда?

Шайың да бекер

қайнай ма?

Шалқалап кейде

туатын,

Адасып жүрген Ай қайда?

Құйысқаны бар

күмістен,

Күрең ат қайда, тай қайда?

Шаршамай күнде

шайқайтын,

Сап-сары, шіркін, май қайда?

Құрағы қолдан

тігілген,

Көрпешем қайда, жай қайда?

Күн шықпай қырға

үңілген,

Мыңғырған мың-мың мал қайда?

Күйіс қайырған

қойыңа,

Көлеңке болар тал қайда?

Бесіктен белі

шықпаған,

Бала да бізді алдайды, ә?!

Бес тиын беріп

қоймасаң,

Дүкенге ол да бармайды, ә?!

Аңырап Ана

тұрғанда,

Қаңырап бәрі қалмай ма?!

Қазақтан ұшқан қаз едік!

Көп емес едік,

аз едік.

Қайрылып келген

жауға да,

Қайырымы бөлек жаз едік!

Осы ма жеткен

жеріміз?

Осы ма көктем еліміз?

Жазылып қойған

маңдайға,

Қазылып қойған көріміз?

Келіңіз, қолмен

ұстаңыз!

Ұстаңыз, көзбен көріңіз!..

Аманкүл ПІШЕНБАЙҚЫЗЫ

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button