Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

РФ соғысқа қарсы комитеті венгерлерді Ресейден сақ болуға шақырды

УАШИНГТОН. 9 сәуір. Ресейдің соғысқа қарсы комитеті 12 сәуірде өтетін Венгриядағы парламент сайлауына байланысты мәлімдеме жасап, онда ел халқын Кремль ықпалынан шығуға үндеді. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Ресей соғысқа қарсы комитеті хун елі тұрғындарын Ресейге бағынышты болмай, Еуропа шеңберінде қалуға, бұл үшін қазіргі премьер-министр Виктор Орбанның «Фиде» партиясының емес, оппозиционер Петер Мадьярдың «Тиса» партиясының парламентте көп орын алуы үшін дауыс беруге шақырады. Сонда ғана Кремльдің ықпалында отырған режим өзгеріп, мемлекет дамудың дұрыс жолына түседі.

Мәлімдемеде былай деп жазылған:

«Біз, Путин режимінің соғысына және қылмыстарына қарсы шыққан ресейліктер, осы тарихи сәтте сіздерге жүгінеміз. Біз мұның бәсін бостандықтан айырылумен, эмиграцияға кетумен және жақындарымыздың өмірімен төледік, сондықтан біз не туралы айтып отырғанымызды жақсы білеміз.

12 сәуірде сіздер өздеріңіз үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл Еуропа үшін таңдау жасайсыздар. Венгрия – Еуропаның рухы бар еуропалық ел. Сіздердің ата-бабаларыңыз басқыншының етігі қандай болатынын білген. 1956 жылы кеңес танктері бүгінгі Украинаның қалап отырғанын қалайтындарды аяусыз басып-жаншып тастап, оларды өз болашағын өздері таңдау құқығынан айырды. Бірақ бұл күрес әлі тоқтаған жоқ. Ол жалғасып жатыр және оның бағасы әлі де бұрынғысынша адам өмірімен өлшеніп отыр.

Мынаны есте сақтаңыздар: Кремльмен достық бейтараптық пен бейбітшілікке алып бармайды. Путин ешқашан одақтастарын қорғамайды, оларды тек пайдаланады. Өз азаматтарын қорғамайды, бірақ оларды қанды қасапқа апарып салады. Ширек ғасыр билікте отырған оның қолы жеткен жерлердің бәрінде қирандыға айналған елдер мен тәлкекке ұшыраған тағдырлар ғана қалды. Жалғандық пен қанға негізделген режим ақыры өзін-өзі жалмап құртады.

Міне, біз мұны ерекше ескерткіміз келеді: егер Орбан билікте қалса, Путин ерте ме, кеш пе, Венгрияны қатаң таңдаудың алдына қояды: оған бір күні не Еуропаның, не Ресейдің жағына шығуға тура келеді. Үшінші нұсқасы жоқ. Ол қашанда солай жасап келеді. Соңыра дүдәмалдылықтың құны бүгінгіден әлдеқайда жоғарылай түседі.

Бүгін Путиннің қолынан ұстағандар бір күні өзінің бос кеңістікті көсеп тұрғанын көреді.

Еуропаны таңдаңыздар. Демократияны таңдаңыздар. Болашақты таңдаңыздар. Біз Венгрияға даналық пен сәттілік тілейміз».

Мәлімдеме соңына Cергей Алексашенко, Дмитрий Быков, Марат Гельман,  Дмитрий Гудков, Борис Зимин, Евгений Киселев, Михаил Кокорич, Татьяна Лазарева, Елена Лукьянова, Андрей Пивоваров, Вадим Прохоров, Максим Резник, Михаил Ходорковский, Анастасия Шевченко, Виктор Шендерович қол қойған.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button