Алдан туар ауыр сын мен
жеңіл сын,
Жүрегіме жете алмаса, жеңілсін!
Түзеймін деп топастардың
әлемін,
Өзім топас боп кетпесем неғылсын?!
Меңдуана меңді гүлге
тең бе еді?
Тағдырыма тықпашы, дос, теңгені.
Сәмбі талдың бұтағындай
майыссам,
Сынғалы тұр деп ойлама сен мені.
Еңбектемей еңбек етсең,
сенім сын,
Егілетін жүрек сонда егілсін.
«Қараларды» ағартамын
деп жүріп,
Өзім «қара» боп кетпесем неғылсын?!
Бақыт ілмей балықшының
қармағы,
Қарап тұрып, кейде қайғы қармады.
Қараяды қара жолдың
басында,
Алданыштың ағармаған арманы.
Өрден төмен домалатса,
өмір сын!
Домалатсын! Төбемнен де төгілсін!
«Бүкірлерді» түзетемін
деп жүріп,
Өзім «бүкір» боп қалмасам неғылсын?!
Бір кезеңді қосқым кеп бір
кезеңге,
Ерте оянам елдің мұңын сезем де.
Мұхиттарға жету үшін
тезірек,
Бұлақ кейде қосылады өзенге.
Жалған деген жүрегі жоқ
жай мұнар,
Кедей күліп, кейде өкіріп бай жылар.
Қыран қонған құзға мен де
шығам деп,
Қарға кейде қанатынан қайрылар.
Не істе дейсің, өткінші өмір,
ей, маған?
Нанмен қолын сүртеді екен кей надан.
«Соқыр жанға» таяқ алып
берем деп,
Өзі «соқыр» боп қалады кейде адам.
Осындай ғой өмір, шіркін,
бүгінгі.
Айды алдаумен жарық қылам түнімді.
…Тас шайнасам – шайнайыншы,
тек құдай
Тексіз құлға каратпасын күнімді!..
Аманкүл ПІШЕНБАЙҚЫЗЫ