Белгілі жазушы, публицист Бейсенбай Сүлейменовтің «Сырлы әлем» атты кітабынан үзінді естеліктер жариялауды жалғастырып отырмыз.
«ЖҰРТТЫҢ ҚАТЫНЫ»
Жеңгелеріміздің бірі көкеміздің миын күніге шағады екен.
– Жұрттың қатыны норковый шуба киеді. Мәшина мінеді. Ал мен өткен жылғы пальтомен әлі жүрмін.
Ағамыз үндемейді.
– Жұрттың қатыны жыл сайын демалып қайтады. Анталья дейсің бе, Майами дейсің бе…
Көкеміз үйде қонақтар болған соң әрең шыдап бағады.
Ағамыздың үндемегенін пайдаланып, жеңгей бұрынғы әуенін үдете түседі.
– Ол, ол ма, мен мынау тұрған Сарыағашқа да жете алмаймын.
Сол сәтте әбден шыдамы таусылған тағы бір көкеміз:
– Олар – жұрттың қатыны. Ал сен Әбекеңнің қатынысың! – деген екен.
«БІЗГЕ КОРРЕСПОНДЕНТ КЕЛЕ ЖАТЫР…»
Жетісайға белгілі кәсіпкер Батырхан Төлебаевтың Өзбекстанда тұратын Айтуған деген учаскелік милиционер досы бар. Лейтенант. Өзі қу тілді жігіт.
Бір күні аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Айтуған тұратын кеңшарға келеді.
Айекеңнің сақал-мұрты ұстараның жүзін сағыныңқырап, шаштары толқынданып қалған екен.
«Мен бұл қазаққа көкесін көрсетейін», депті милиция бастығы ашу-ызаға булығып. Оны желкелеп, аудан орталығына алып келіп, көпшіліктің алдында жас балаша ұрысып, күндіз-түні жұмысқа жегіп қояды.
Айтуған өзбек ағайындардың қорлығына әрең шыдап жүреді. Бір күні кезекшілікте тұрса, телефон безек қағады. Көтерсе, аудандық байланыс бөлімшесінен екен. Корреспонденция келіпті. «Соны тез алып кетіңдер» деген хабарды айтады.
Милиция бастығы үйіне кетіп бара жатып, кім телефон соққанын сұрайды.
– Уртоқ начальник, баяндауға рұқсат етіңіз, аудандық байланыс бөлімшесінен хабарласты. Облыстан бір корреспондент келіпті. Соны тез алып кетіңдер деп жатыр деді, – дейді кезекші лейтенант Айтуған.
– Тез арада барлық личный составты жинаңдар. Мерекелік формаларын кисін. Ауланы жақсылап тазалаңдар. Ұят болмасын.
Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы өрт сөндіретін машинаны шақыртып, аулаға су сепкізеді. Газетке шыққанды жақсы көретін өзбек ағайындар әбден әбігерге түседі.
Барлығы дайын болған соң, байланыс бөлімшесіне адам жіберіп, әлгі корреспондентті алдыртады. Сөйтсе, әлгісі – корреспондент емес, корреспонденция екен.
Айтуғанның орысшасы шамалы-тын. Шамасы, байланыс бөлімінің хабарын дұрыс түсінбесе керек.
Осы оқиғадан соң әбден жынданған милиция бастығы:
– Бұ қозоқ енді менің көзіме көрінбейтін болсын. Совхозында жүре берсін. Қозғамаңдар. Ешбір жиналысқа шақырмаңдар. Тіпті, айлығын да өздерің апарып беріңдер! – деген екен бұйырып.