Аймақ

«Аралдың ендігі бренді түйе сүті болады»

Бізде қонақта - Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев

Арал – Сыр бойының халқы ғана емес, күллі қазақ жұрты қашаннан қастер тұтатын киелі топырақ. Бір кездері экологиялық апатқа ұшыраған осы қасиетті өңірді қайта жаңғырту жолында атқарылып жатқан жұмыстар текке кетпепті. Бұған аймақта келеге келтірілген көптеген көрікті істер куә бола алады. Расында теңіз аттас ауданда бүгінде мақтана көрсетуге тұрарлық біраз шаралар бар. Осыған орай біз өмір бойы осы өлкеде қызмет етіп, осындағы әкімшілік құрылымының барлық сатысынан өтіп келіп, аудан басшысы деңгейіне дейін жеткен Мұхтар Оразбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Мұхтар Әуесұлы, Арал атауын естіген жанның көз алдына шалқыған теңізді елестетері хақ. Олай болса, сөзіміздің кіріспесін теңіздің қазіргі ахуалынан, әлем назарын ерекше аударған «САРАТС» жобасынан бастасақ.

– Елбасының тікелей бастамасымен табаны құрғаған теңізді қайтару мақсатында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы 2003 жылы басталып, 2005 жылы жүзеге асырылды. Жалпы, «САРАТС» жобасының I кезеңіне 85,79 миллион АҚШ доллары жұмсалды.

Халықаралық сарапшылар «Ғасыр жобасы» деп атаған «САРАТС»-тың бірінші кезеңі сәтті аяқталды, Арал теңізін сақтап қалу, суды Арал қаласына дейін жеткізу мақсатында Көкарал бөгеті салынып, Кіші Арал теңізі кемеріне келе бастады. Көкарал бөгеті пайдалануға берілгелі Арал жұртшылығының тіршілігі қайта жанданып, ата кәсібіміз түлеп, теңіз төскейінде орналасқан халықтың тірлігіне береке кірді.

Сондықтан да «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау», яғни «САРАТС» жобасының Арал өңірі үшін өмірлік маңызы зор. Қазіргі таңда, халық осы жобаның екінші кезеңінен үлкен үміт күтіп отырған жайы бар. «САРАТС» жобасының ІІ кезеңінде жергілікті халық теңіздің бір деңгейлі Балтық теңізі деңгейімен 48-50 метр болғанын қалайды. Бұл бағытта тиісті жұмыстар қолға алынып, «САРАТС» жобасының екінші фазасына 8 компонент енгізіліп отыр, оның бірінші кезеңінде 6 компонент жүзеге асырылады. Теңіз деңгейі 48-50 метрге көтерілгенде, оның ауданы 3280 шаршы шақырымнан 4645 шаршы шақырымға дейін, яғни 1,5 есе көбейеді. Теңіздің су көлемі 28,2 текше шақырымнан 51,17 текше шақырымға дейін, яғни 1,8 есеге көбейеді.

Бүгінде қоғамда көп балалы аналар мәселесі өткір көтеріліп жатыр. Ауданда көп балалы отбасы­ларға қандай қолдау жасалуда?

– Қай қоғамда болсын, қайырымдылық пен қолдауды қажетсінетін жандар болмай тұрмайды. Әсіресе, мұндай көмекке көп балалы тұрмысы төмен отбасылар, қамқоршысынан айырылған көп балалы аналар зәру екені айтпаса да белгілі.

Бүгінде мемлекеттік саясаттың басты ұстанымдарының бірі – көп балалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға барынша қолдау білдіру. Өздеріңізге белгілі, осы бағытта өткен жылдың сәуір айынан бастап көп балалы және аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек берілсе, биыл көп балалы аналардың мәртебесін көтеріп, әл-ауқатын жақсарту мақсатында отбасы табысына қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақының жаңа түрі енгізілді.

Ауданымызда жыл басынан бері көп балалы және аз қамтылған 410 отбасынан атаулы әлеуметтік көмекке құжаттар қабылданып, қазіргі таңда 391 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұдан бөлек, тұрмыстары төмен және көп балалы отбасыларға жұмыс орындары, кәсіп бастауға мемлекеттік субсидиялар, шағын несиелер және қайтарымсыз гранттар ұсынылады. Бұл бағытта өткен жылы ауданымызда «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты» аясында қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды сатып алуға 13 көп балалы отбасыға және аз қамтылған 4 отбасына мемлекеттік гранттар берілді.

Мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдаулардан бөлек, ауданымызда «Арал мейірімі» қоғамдық қоры ашылып, бірнеше жылдардан бері қайырымдылық шараларына белсенді араласып келеді. Сонымен қатар, аудан кәсіпкерлері мен аудандық орталық мешіт тарапынан да үлкен қолдаулар жетерлік. Мәселен, осындай қолдаулардың арқасында екі отбасы үйлі болды, көпшілігінің қажеттілігіне қарай қаржы жағынан көмектер көрсетіліп, көп балалы отбасы балаларына киім-кешек, қажетті құрал-жабдық сынды заттар алып беру үрдіске айналды. Мұнан өзге, «Мектепке жол» акциясы да дәстүрлі түде өткізіліп, мереке қарсаңында осы топтағы отбасыларға қолдаулар жасалып келеді. Дегенмен, көп балалы отбасылар үнемі басты назарымызда болады әрі олардың мәслесін шешуді бірінші кезекте қарастыра береміз.

– Сіздердегі негізгі кәсіп балық шаруашылығы десек те, ауданның егін шаруашылығынан да құр алақан еместігін білеміз. Бұл бағытта нендей қарекеттер бар?

– Арал ауданында аяқ су мәселесі қиын жағдайда екендігі белгілі. Дегенмен, Сыр бойында орналасқан Ақирек, Жаңақұрылыс ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары жыл сайын, бақша, көкөніс, картоп дақылдарын егіп келеді. Өткен жылы аудан бойынша барлығы 203,4 гектар жерге егін орналастырылды. Атап айтқанда, 15 гектар жерге жаңа жоңышқа, 2 гектар жерге картоп, 84,1 гектар жерге бақша, 14,3 гектар жерге көкөніс, 83 гектар ескі жоңышқа дақылдары және 5 гектар алма көшеттері егілді. Осы егілген егіс 100 пайыз жиналып алынды.

Алма көшетін Ақирек ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Санат Нұрманов екті. Келешек алма көшеті жерсініп жатқан жағдайда, бұдан басқа да қызығушылық танытып отырған кәсіпкерлер бар.

2018 жылы егіс көлемі 182,2 гектар болса, 2019 жылы 203,4 гектар болып, өткен жылмен салыстырғанда 21,2 гектарға көп егілді. Сонымен бірге, егіннен алынған өнім өткен жылдан артық болып отыр.

– Сізді әкім ретінде не үшін сынауға болады? Ауданда қандай түйткілді мәселелер бар?

– Жалпы, сын айту адамзатқа тән нәрсе болғандықтан, дұрыс қабылдаймын. Абай атамыз «Сын түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» демекші, орынды сын айтылып жатса, оны жөндеуді дер кезінде қолға аламын. Бүгінде жеткен жетістіктеріміздің бір парасы алдымыздағы аға буын өкілдері мен халықтың ақылы мен сын айтуының арқасы деп білемін. Әрине, мінсіз нәрсе болмайтыны белгілі. Дегенмен, қай істе де қателіктердің орын алмауына жұмыс жасап отырамын.

Сынды дұрыс қабылдай білудің өзі мемлекеттік қызметшінің жеке қасиеттерінің бірі болып табылады, өйткені стресске төзімділік сынға сабырлылық танытып, негізді болған жағдайда кемшіліктерді жою үшін шаралар қабылдауға міндетті дегенді білдіреді.

Осы орайда ауданның әкімі ретінде мені көбіне көп өңірдің түйіткілді мәселелері үшін сынауы заңдылық деп білемін. Мәселен, бүгінде аралдықтар үшін аудан орталығындағы темір жол өткелі, тұрғынүй мәселесі, шалғай елді мекендердің жолы мен ауыз суы, жарықтандыру мәселелері өзекті болып отыр.

– Егер қолыңызда Арал ауданына толық жеткілікті деген бюджет болса, не істер едіңіз? Қаржыдан шектеу болмаса, қаражатты қандай жобаларға бөлер едіңіз?

– Атап өту қажет, Арал ауданында күні бүгінге дейін атқарылған жұмыстар аз емес, атқарылар жұмыс та жетерлік. Осы орайда, өзіңіз айтып кеткендей, қолымызда жеткілікті бюджет болып жатса, әрине, қаржыны бірінші кезекте тұрғын үй және «Арал қаласындағы аспалы көпір» құрылысын салуға бағыттар едік.

Атап өту қажет, жалпы, аудан көлеміндегі жолдардың 48 пайызы ғана қанағаттанарлық жағдайда, қалған 52 пайыз жолдардың жағдайы сын көтермейді. Сондықтан жол мәселесін шешу бағытында қаржы болған жағдайда қалған 52 пайыз жолдарды жөндеуді қолға аламыз.

Ауыз су мәселесі бойынша қазіргі таңда аудан тұрғындарының 78 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Егер қаржы мәселесі шешілсе, қалған 22 пайызы, соның ішінде бірінші кезекте аудан орталығынан шалғай орналасқан «Құланды», «Ақбасты», «Тоқабай» және «Абай» ауылдарын су желісіне қосылады.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда аудан бойынша электр желілері мен қосалқы станцияларының 69 пайызының тозығы жеткен. Мәселен, аудан орталығынан кейінгі халық саны басым Сексеуіл кентінің электр желілері елу жылдан бері жаңартылмаған. Сондықтан бұл мәселелерді шешу басты назарда. Одан қалды, Арал қаласы мен елді мекендерді абаттандыру, әлеуметтік нысандарды және Сексеуіл кентін «көгілдір отынға» қосу, жарықтандыру сынды мәселелерді де оңтайлы жүзеге асыру негізгі міндетіміз болмақ.

– Арал ауданы басқа аудандарға қарағанда, несімен ерекшеленеді? Жалпы, немен мақтана аласыз?

– Теңіз төскейінен орын тепкен айдынды Арал өңірі – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған тарихи мекен, жыр өлкесі. Киелі топырағында талай сындарлы кезеңдерді бастан өткерген Арал бүгінде теңізі мен су маржаны, ақ алтыны – ас тұзымен әлемге әйгілі. Аралда негізінен ата кәсіп саналатын балық және мал шаруашылығы кеңінен қанат жайған. Ауданда ас тұзының, тевардит, мерабилит және шыны өндірісіне қажетті кварц топырағының мол қоры бар.

Сондықтан аралдықтар қашанда қос бренді – балық пен тұзымен мақтанады. Ендігі жерде біз Аралдың түйе сүтін де осындай бренд ретінде қалыптастырамыз деген ойдамыз. Өйткені, қазіргі таңда түйе сүтін өндіру бағытында өңірлік индустрияландыру картасына және индустриялық аймаққа жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын, жылдық қуаттылығы 130 мың тонна дайын өнімді өндіретін «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» жобасы енгізілді. Қазіргі таңда Сексеуіл кенті мен Аралқұм ауылдық округінде түйе сүтін қабылдау пункті ашылса, Жақсықылыш кенті мен «Шижаға» ауылында дәл осындай түйе сүтін қабылдау орнын ашу жоспарланып отыр. Атап өту қажет, жергілікті жерден жиналған сүт арнайы салқындатқыш қондырғысы бар автокөліктермен Алматы қаласындағы құрғақ сүт өндіру зауытына жөнелтіліп, өндірілген өнім алыс-жақын шет елдерге экспортталады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ауданда алға қойған барлық жоспарлар мен жобалар кезең-кезеңімен біртіндеп жүзеге асырылатын болады. Бұған бізде қазір мүмкіндік те, ықылас та бар.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Тағы көрсету

Бір пікір

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button