Спортшы үш баласымен бірге машинада жанып кетті
БРИСБЕН. 19 ақпан. Австралия мен Жаңа Зеландиядағы регбиден аса ірі клубтық чемпионат – Ұлттық регби лигасының (NRL) бұрынғы жұлдызы Роуэн Бакстер өзінің кішкентай үш баласымен бірге өрт кезінде автомобиль ішінде жанып кетті. Бұл туралы «Australia’s Daily Telegraph» газетіне сілтеме жасаған «Факты» сайты хабарлады.
Оқиға спортшының өзі отбасымен тұратын Австралияның Брисбен қаласында орын алған.
Көргендердің айтуларынша, жанып жатқан машинадан бір әйел: «Ол менің үстіме бензин құйды» деп айқайлай шығыпты. Ол Роуэннің жұбайы және үш баланың анасы Ханна Бакстер еді.
БАҚ-тардағы ақпарат бойынша, денесі айтарлықтай күйіп қалған әйел қазір өте ауыр халде қаладағы ауруханалардың бірінде жатқан көрінеді. Ал Роуэннің өзі мен олардың жастары 10-ға да жетпеген қыздары – Аяна мен Аалия, сондай-ақ ұлдары Трей автомобиль ішінде қаза тапқан.
Австралиялық бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының жазуларынша, Бакстер сондай-ақ оқиға болған жерде өзін пышақпен жарақаттап тастағанға ұқсайды.
Белгілі болғанындай, Роуэн регбишілік мансабын аяқтағаннан кейін әйелі Ханнамен бірге Брисбендегі «Integr8» атты элиталық фитнес-орталықта жаттықтырушы болып жұмыс істеген екен. Сондай-ақ Роуэн мен Ханнаның балаларға қамқорлық жасау құқығы үшін өзара таласқандары да қазір белгілі болып отыр. Ал биылғы қаңтар айында Брисбендегі полиция учаскесіне отбасында үй ішілік зорлық көрсету, яғни жұбайлардың қырылысып қалған оқиғасы жөнінде қоңырау шалыныпты.
Полиция әзірге өрттің қалай тұтанып кеткенін анықтай қойған жоқ. Бірақ мұның кездейсоқ болған жағдай емес, өзін өзі өлтіру болғаны жайында да болжам бар.
Сол сияқты Роуэн Бакстердің соңғы айларда өзінің Facebook-теге парақшасын балаларының суреттерімен және олар бейнеленген видеолармен толтырып тастағаны айтылады. Соның ішінде бұдан алты күн бұрын ол «T-R-E-Y, мен сені айға дейін және одан беріге дейін қатты жақсы көремін» деп жазса, бұдан бір ай бұрын «Қайырлы түн, менің балаларым, папаларың сендерді жақсы көреді» деген сезім күйін қалдырыпты.