АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Қызылордада «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы қатарға қосылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 12 қараша. Қызылорда қаласында жергілікті «Қорқыт Ата» әуежайы жаңа терминалының салтанатты жағдайда ашылу рәсімі болды. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Сыр бойындағы басты шаһарда орын алған шапағатты шараға Президенттің тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Олжас Бектенов арнайы келіп қатысты.

«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде іске асырылған жоба өңірдің сауда-экономикалық, туристік әлеуетін дамытуға және халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін көлік қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жаңа терминалды іске қосу әуе айлағының өткізу мүмкіндігін 7 есеге – жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін арттырады. Жаңартылған «Қорқыт Ата» терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді», – делінген хабарламада.

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында көлік-логистикалық секторды дамытуды стратегиялық басымдық деп атады. «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы – өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылымдық жоба. Оны іске асыру қосымша әуе бағыттарды, оның ішінде халықаралық бағыттарды ашуға, транзиттік әлеуетті, жолаушылар мен жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл ішкі туризмнің, сауданың және тұтастай экономиканың дамуына оң әсер етеді. Үкімет бизнестің заманауи, сапалы көлік-логистикалық инфрақұрылымды салу жөніндегі әлеуметтік бағдарланған бастамаларын толық қолдайтын болады – бұл біздің еліміздің болашағына қосылған үлес»,– деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ол жобаның іске қосылуын қысқа мерзімде қамтамасыз еткендердің барлығына өзінің алғысын білдірді.

Премьер-Министр шара барысында ішкі және халықаралық рейстердің жолаушыларына қызмет көрсету үдерісімен танысты. Терминал ауданы 7 500 шаршы метрді құрайтын телескопиялық баспалдақтармен, қол жүгін тексерудің автоматтандырылған жүйесімен және тағы да басқа бірқатар озық технологиялармен жабдықталған. Жобаны іске асыруға елімізге белгілі бизнесмен Болат Өтемұратов қорының әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде 20,9 млрд теңге инвестиция салынды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, автожол салуға, әуежай аумағын абаттандыруға және жарықтандыруға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

«Қорқыт Ата» әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Баян Әжмолдаев өңірдегі жыл сайын өсіп келе жатқан жолаушылар ағынын ескере отырып, терминалдың уақтылы іске қосылғанын баян етті. Мәселен, биылғы 9 айда әуежайда 265 мың жолаушыға қызмет көрсетілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артық. Аптасына 26 ішкі рейс орындалады (17-сі Астанаға, 9-ы Алматыға). Биылғы маусым айында Анталья (Түркия) қаласымен арада халықаралық чартерлік рейс іске қосылды.

Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Ақтау және Атырау қалаларында қосымша рейстер ашу, сондай-ақ «Қызылорда–Көкшетау», «Қызылорда–Ақтөбе», «Қызылорда–Қарағанды» сияқты әуе бағыттарды әлеуметтік маңызы бар рейстер тізбесіне енгізу жоспары туралы баяндады.

Аймақ тұрғындары атынан сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жаңартылған әуежайда жолаушылардың барлық санаттары үшін ұсынылатын қызметтердің сапасы мен қолайлы жағдайларға тоқталды.

«Қызылорда облысы арқылы біз өңірлерді мемлекет тарапынан қолдау шараларының оң нәтижелерін көріп отырмыз. Бүгін біздің жерлестеріміздің арманы орындалды – жаңа әуежай терминалы ашылды. Мемлекет басшысына өңірге ерекше көңіл бөлгені үшін алғыс білдіргім келеді, бұл барлық салада өсуге ықпал етеді», – деді ардагерлер кеңесінің басшысы.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысымен бірге жүрді.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button