Арал өңірінде балық шаруашылығын дамыту шаралары қарастырылады
АРАЛ. 21 қыркүйек. Кеше Арал ауданында өткен балықшылардың VII слеті аясында балық шаруашылығын дамыту тақырыбын бойынша дөңгелек үстел басындағы әңгіме жүргізілді. Бұл туралы Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Басқосуға балық шаруашылығы саласында жұмыс атқарып жүрген ғалымдар, мемлекеттік органдар және табиғат пайдаланушылар, балық шаруашылығының ардагерлері қатысып, жүйедегі проблемалық мәселелерді талқылады.
Жиында алдымен сөз алған облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов: «Бүгінгі күні акваөсіру саласын қоспағанда, балықты табиғи су айдындарынан аулаумен ғана шектеліп отырмыз. Жоғарыда атап өткенімдей, облысқа бекітілген балық аулау квотасының көлемі балық өңдеу зауыттарының мүмкіндігінен едәуір төмен. Дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғандай, балық өнімдерінің көлемін арттырудың бірден-бір жолы қолдағы су айдындарда балық қорын табиғи молайту мен балық өсіру болып табылады. Бүгінгі шараның мақсаты облысымыздың балық шаруашылығының дамуының негізгі жолдарын нақтылай отырып, Кіші Арал теңізінің және көлдер жүйесінің болашағын қолға алуға жұмылуымыз керек. Сондай-ақ балық өсіруді тоған шаруашылығын дамыту арқылы да жүзеге асыруымыз қажет. Осы орайда алдағы уақытта өздеріңізбен іскерлік байланыста болып, бірлесіп жұмыс атқаруымыз қажет», – деді.
Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков елімізде балық шаруашылығын дамыту бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстарының тапшылығын азайтуға септігін тигізетін, климаттың өзгеруі мен шекаралас мемлекеттердің саясатын ескеруге мүмкіндік жасай алатын жаңа нұсқадағы «Су кодексі» дайындалып жатқанын жеткізді.
Ал балық шаруашылығы саласының ардагері, қоғам қайраткері, бұрынғы балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов Арал-Сырдария бассейнінде Арал қаяз балығы мен барлық балық популяциясын сақтаудың қажеттілігі төңірегінде ой қозғады.
Жиында түрлі сала басшылары мен ғалымдар, табиғат пайдаланушылар Кіші Арал теңізінің қазіргі жағдай, Арал теңізінің қазіргі жай күйі және болашағы, браконьерлікпен күрес шаралары жайлы пікірлерін ортаға салды.
Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов Арал теңізінің балық қорын сақтау жөнінде сөйледі. Ол Балық зерттеу институтының жұмысын жүйелендіру жайын қозғады. Осыған байланысты Арал теңізіндегі балықтың қорын анықтап, нақты өсу динамикасын терең зерттеу керектігін алға тартты. Себебі, теңіздің суы 27 миллиардтың 19 миллиардқа азайғанымен, балық аулау лимиті азаймай отыр. Бүгінде заңсыз балық аулаудың дерегі көп.
«Осыған тосқауыл қою бағытында аудан аумағында белгіленген орындарында арнайы салмақ өлшейтін таразымен және бейне бақылау қондырғыларымен жарақталған бекет қою жұмыстарын қолға ала отырып, заңсыз балық аулаушылардың алдын алған абзал. Табиғат пайдаланушылар өз учаскелерінде балық аулаумен айналысатын барлық жеке тұлғалардың заң шеңберінде тіркелуін жүзеге асыру қажет. «Судың да сұрауы бар» демекші, ауданда суды реттеу мәселесі қордаланған. Аталған мәселеге байланысты Арал ауданында 2005 жылға дейін жұмыс жасаған «АралСуШаруашылығы» мекемесін қайта құруды ұсынамыз», – деген ұсынысын білдірді.
Басқосуға қатысушы балықшылар мен сала ардагерлері «Балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институтын» өңірде қайта құруды, Халықаралық Аралды құтқару қорының бас дирекциясын Арал ауданына орналстыруды, Арал теңізінің суландыру бойынша ауданға бөлек судың лимитін бекітуді ұсынды.
Өңірдің балық шаруашылығы саласын дамыту бойынша пікір алмасқан жиын соңында Кіші Арал теңізінің бекітілген учаскелері бойынша табиғат пайдаланушылар арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жиынға қатысушылар мұндай түйткілді мәселерді қамтыған «дөңгелек үстелді» алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізу жөнінде тілектерін жеткізді.