Елена Рыбакина: «Мен үйге – Қазақстанға қайтамын»
ЛОНДОН. 11 шілде. Ұлыбритания астанасында «Уимблдон» турнирінде жеңімке жеткен қазақстандық теннисші Елена Рыбакина бірінші кезекте Қазақстанға баратынын мәлімдеді. Бұл туралы республика Теннис федерациясының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
«Сейсенбі, 12 шілде күні еліміздің бірінші ракеткасы, «Уимблдон-2022» турнирінің жеке сайыстағы чемпионы Елена Рыбакинаны Астанада тығыз бағдарлама күтіп тұр. Ол журналистермен міндетті баспасөз мәслихатын өткізеді, жас спортшылармен және жанкүйерлермен кездеседі», – делінген бағдарламада.
«Қымбатты қазақстандықтар! Мен үйге қайтамын. Сізден мен үшін жеңіспен аяқталған «Уимблдонда маған күшті қолдау көрсеттіңіздер. Мен мұны сезіндім, сіздерге алғыс айтамын. Әлі күнге дейін өзімнің осындай жетістікке жеткеніме сене алар емеспін», – деп мәлімдеді Елена Рыбакина.
Еске сала кетейік, «Уимблдон-2022» финалында әлемнің екінші ракеткасы тунистік Онс Жаберді 2:1 (3:6, 6:2, 6:2) етіп ұтты.
Елена – Мәскеу қаласының тумасы. 2018 жылдың маусым айында Қазақс танның спорттық азаматтығын алды.
Қазақстан Теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов сол 2018 жылы Елена өзінің спорттық мансабын аяқтамақшы болып шешім қабылдағанын айтады. «Еленаның жасы 18-ге келген шағында сондай сәтке тап болды. Бірақ осы бір талантты қыздың болашағы бар екеніне сендік. Сосын оған керекті кезінде қолдау көрсетіп, жәрдем бергенімізге ризамыз», – деді ол.
Спортшы Қазақстан Теннис федерациясы беретін сыйлықтан алдын ала бас тартқанға ұқсайды. Мұның орнына ол «Уимблдоннан» алатын 2 млн еуро көлеміндегі ақшалай сыйлығының бір бөлігін еліміздің жас спортшыларын даярлауға бермекші көрінеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Рыбакианы осы ұлы жеңісімен құттықтады. Ертең ол спортшыны қабылдайды деген де әңгіме шығып жатыр. Бұл жайынды Ленаның өзі жазды.
Президент бүгін Елена Рыбакинаны II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.