Аты да, заты да оның Шолпан еді
Таң алдында туатын Шолпан атты жарық та дара жұлдыз бар. Ол енді арайлап атайын деп келе жатқан тамылжыған таңның, шұғылалы шапағы мол жаңа күннің хабаршысы сияқты. Бұл жұрттың бәріне мәлім. Сондықтан да қазақ қызына осы жұлдыз секілді елдің маңдай тұсынан көрініп, алқалы топтың алдында жүретін жарқын жан болсын деген ізгі ниетпен Шолпан деп қояды.
Біз сөз еткелі отырған ақын Шолпан Иманбаева қазақтың сондай ең алғашқы жазба ақын қыздарының бірі еді. Шынында оның аты да, заты да шолпан тектес болды. Бұл есім кешегі кеңес кезеңінде жаңа заманды жырлаушы тұңғыш қазақ қызы ретінде қалың көпшілікке кеңінен танылды. Бәріміз де оның атын мектеп қабырғасында жүрген кезден жаттап өстік. Ол сонымен бірге қазақтың өлеңдері жеке кітап болып жарық көрген алғашқы ақын қызы болды. Алайда, ақынның соңында мұра болып қалған шығармалары оншалықты көп емес. Бұған, сірә, оның таңсәріде сәруар сәулесін санаулы сәт шашып тұратын Шолпан секілді өлең көгінде тым көп тұрақтап тұра алмай, небәрі 23 жасында қиян қиясынан қиылып түскені себеп болған шығар. Ақын қыздың аққан жұлдыздың жарығындай ғана жарқ етіп өте шыққан сол өмір жолына шолу жасап, шығармашылығын талдауға арналған зерттеу еңбектері де кейін тым көп болған жоқ. Ол туралы ең алғашқы сүбелі еңбекті 1956 жылы белгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаев жазды. Кейін академик Серік Қирабаевтың осындай зейінді зерттеулері жарық көрді.
Шолпан Иманбаева – Астана қаласының тумасы. Ол 1904 жылдың мамыр айында қазіргі Н. Назарбаев атындағы халықаралық аэропортының арғы қапталында жатқан Майбалық ауылында туған. Бұрын, патша заманында бұл елді мекен Ақмола үйезінің Нұрбай болысына, ал кеңес кезеңінде Ақмола облысының Қорғалжын ауданына қарап келді. Сол уақыттағы кедей қыздарының тағдырына тән нәрсені Шолпан да жастайынан басынан кешті. Әбден жоқшылықтың қамытын киіп, зардабын тартқан әкесі Иманбай 1918 жылы 14-ке толған қызын орта жастардағы Алдоңғардың Бекейі деген байға үшінші әйел етіп, тоқалдыққа береді. Бірақ әлі бұғанасы қатпаған жас қыздың бұл отбасында көрмеген қиыншылығы болмайды. Осы азапты шақтарға толы ауыр күндер тумысынан зерек қыздың қиялына қанат бітіріп, өлең шығаруға деген деген құштарлықты оятады.
Тоқалдықта жүрген жылдап Шолпанды өзінің өмірі жолындағы күрескер етіп те шығарады. Ол елде жаңа заманның келгенін жақсы пайдаланып, 1921 жылы теңдікке қол жеткізеді. Көкірегі ашық келіншек сол кезде Қорғалжын аумағындағы Соналы жеріне барған кеңес билігі нұсқаушысына бар жағдайын айтып беріп, бай әулетінен басын ажыратып алады. Сөйтіп, қорлықтың қолтығынан қылау тауып, бостандыққа шыққан ақын қыз 30 шақырымдағы Ақмолаға келіп, апасының қолында тұрып, бұдан әрі оқуға қол жеткізеді. Ендігі кезекте білім алмай, өлең өлкесіндегі өмірі өскелең бола қоймасын сезген ол 1923 жылы Ақмола қаласындағы алты айлық сауат ашу курсында оқыған. Осы аз уақыт ішінде-ақ талапты қыз сауатты адамдардың қатарына қосылады. Ақынды өзінің ойын қағазға түсіре алатын қабілетке жеткені қатты қуандырады.
Сондықтан да қағаз жүзіне кестелеп түсірген алғашқы өлеңдерінің бірінде ол:.
Біз секілді күнделіктегі сорлылар,
Теңдік алды міне бүгін қараңыз,
Бірте-бірте жолды танып түзулік,
Ашылмақшы атқан таңдай санамыз, – деп толғанады.
Бұл жағдай арманшыл ақын қыздың шабытын оятып, жігерін тасытады. Осы тұста қаладағы балалар коммунасында тәрбиеші болып қызмет істей бастаған Шолпан жыр жазуға дендеп кірісіп, шығармашылық мұралары қатарын түзетін көптеген өлеңдерін жазады. Бұған дейінгі өмірге өксікке толы болып өткен жас ақынның өлең өрімдері де өткір, шыншыл, ащы болып келеді. Ақын жүрегіне шемен болып қатқан, кеудесін шерге толтырған жылдарын осылай жырға қосқан. Оның шындықтың шырғасына шыланған шумақтары сонымен қатар мазмұнының өткірлігімен, тілінің көркемдігімен ерекшеленеді.
Осы жылдарда Шолпанды ақын ретінде алғаш рет танып, оған зор қамқорлық көрсеткен қазақтың алғашқы қайраткер, ағартушы, журналист қыздарының бірі Нәзипа Құлжанова болды. Ол ақын қызды бірінші рет 1921 жылдың күзінде Ақмола жерінде көреді. Сол кезден бастап ақынға қол ұшын созған педагог оның оқуға түсуіне де, әдепкі өлеңдерінің баспасөз бетінде жарық көруіне де жәрдемдеседі. Ал Шолпанның «Жолаушы мен жұмыскер» деп аталатын алғашқы өлеңі 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне жарық көрген екен. Бірақ бұл өлеңді газет редакциясына Шолпанның өзі жіберген жоқ еді. Кейін газет бетінде жарқ етіп шыға келгенде, ақын қыздың өзі қатты таң қалады. Ал өлеңді шығартып жүрген Нәзипа апасы еді. Бұған дейін баспасөз бетінде әйел адамның туындысы жарияланғанын көрмеген жұртшылық үшін бұл керемет жаңалық болды. Өлең сол мезетінде Шолпанның атын бүкіл елге танытып, атағын жайып жіберді. Бұдан кейін «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдары мен «Жас қайрат» газетінде саяси-әлеуметтік тақырыптағы бірнеше өлеңі жарияланған. Ақын сонымен бірге өз дәуіріндегі қазақ әйелдерінің арман-мұраттарын, мұң-мұқтажын жыр тілімен кестелеген. Ақынның мұндай жырлары қатарында «Қоңыр қаз», «Қазақ әйеліне», «Жолдасыма», «Апайға» деген секілді өлеңдері бар.
Осыдан бастап Шолпан өзін нағыз ақын ретінде сезінді. Не жазса да, сапалы етіп жазуға талпынды. Қиялына қанат біткен ақын қыз білімінің көкжиегін кеңейтіп, келешекке кемел көзбен қарауға ұмтылды. Осы кезде балалар коммунасында тәрбиеші болып қызмет атқарып жүрген Шолпанның қаламынан балаларға арналған өлеңдер де туды. Ал 1924 жылы өлкелік әйелдер бөлімі жанынан ашылған бір жылдық әйелдер курсы жер-жердегі теңдікке қолдары жеткен, әлеумет жұмысына арласа бастаған белсенді қыз-келіншектерді шақырды. Сол шақырылғандардың қатарынан Шолпан да табылды. Сөйтіп, ол Орынбордағы қыздарға арналған мұғалімдер курсына жіберіледі. Білімге құмартқан ақын қыз оған бар ынта-жігерімен кіріседі. Соның нәтижесінде курстағы отызға жуық әйелдің алды болды. Ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, курстың жанындағы қабырға газетінің редакторы, көркемөнер үйірмесінің жетекшісі деген секілді жауапты жұмыстарды қоса атқарды.
Ақын қызды сол жылы Нәзипа апасы арнайы іздеп келеді. Сол кезде «Қызыл Қазақстан» журналында қызмет кетіп жүрген апасы екеу ара әңгіме барысында қаламдас сіңлісіне шығармашылыққа байланысты біраз ақыл-кеңестер беріп, жол сілтейді. Бірақ жастай көрген бейнеті бар, жоқшылықтың қысқаны бар, мұнда жүргенінде Шолпанның денсаулығы сыр беріп, өкпесіне суық тигізіп алады. Соңынан бұл туберкулезге айналып кетіп, ақын қыз 1925 жылғы наурыз айының аяғында елге қайтуға мәжбүр болады. Елге келгесін бір жарым жылдай тынығып, таза ауа жұтып, ғұмырын біраз ұзартқан Шолпан 1926 жылғы 18 қыркүйекте дүние салады.
Ақынның өмірі мен өлеңдері туралы алғашқы зерттеу еңбегін Нәзипа Құлжанова жазды. Ол ақын қайтыс болғасын жеті айдан кейін, 1927 жылдың наурыз айында «Әйел теңдігі» журналына «Ақын Шолпан» деген мақала жариялады. Онда журналист: «Шолпан ақын еді. Көбіне әйел мұңын жырлады. Ойына алған сөзді еркін жазатын түрі бар еді. Тәлім-тәжірибесі аздығы өрісін кеңейттірмей келді. Ол кездері қазақ кітабы тіпті аз. Орыс жазушыларына тілі жетпей, Шолпанның ақындығы арманда кетті», – деп өкінішін білдірді.
Содан үш-төрт жыл ғана бұрын:
Аралға қонды суы жоқ,
Мезгілсіз ұшқан қоңыр қаз.
Бауырын төсеп жатуға,
Жапырағы жоқ жері саз.
Ұясына,өскен жеріне
Қайтайын десе қаңқылдап,
Болар ма екен оған жаз, – деп өксігін баса алмай жырлаған Шолпан ақын өмірден ағып өте барды.
Шолпан Иманбаева өлең жазумен шұғылданған бар-жоғын үш жылы ішінде 50-60 өлең жазып қалдырды. Бірақ олардың көбі көзінің тірісінде жарық көре қоймады. Бұлардың тек 21-і 1927 жылы Қызылордада басылып шыққан «Шолпанның таңдамалы өлеңдері» атты жинаққа енгізілді.
Қазір Астана қаласында Шолпан Иманбаеваның есімін арқалаған көше бар.
Серік ПІРНАЗАР