Өзбектің мұғаджыр ақыны Ёдгор Обид лауреат атанды
БОНН. 23 маусым. Өзбектің Австрияда тұратын мұғаджыр ақыны Ёдгор Обид халықаралық беделді сыйлықтың иегері атанды. Бұл туралы CentralAsia.uz хабарлады.
Эммигрант шайыр бұл жолы Германияның Ингеборг Бахман атындағы сыйлығына ие болды.
Бахман тартуы 1977 жылдан бері жыл сайын неміс тілді авторларға беріліп келеді. Сыйлықтың құны 25 мың еуроға бағаланады, яғни оның лауреаты атанған қаламгерлерге осынша көлемде қаржы қоса тапсырылады.
Хабарламада Ёдгор Обидтің қазіргі күндері кеселханада жатқаны айтылады.
Бұдан 30 жыл бұрын Ёдгор Обид өзінің шығармашылығы мен құқық қорғаушылық қызметіне байланысты орынсыз қуғын көре бергесін Өзбекстаннан шет елге кетіп қалуға мәжбүр болған. Ол сол кезде саяси баспананы Австриядан тапты.
Ёдгор Обид өзінің өлеңдерін әлі өзбек тілінде жазады. Оның жырлары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Соның ішінде неміс тіліне тәржімаланған өлеңдері де аз емес.
Мұғаджыр ақын 1997 жылы Хельсинкиде халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының марапатына алған еді.
Ёдгор Обид 1940 жылы көктемде Мырзашөл қаласына жақын қыстақтардың бірінде өмірге келген. Ол Мәскеудегі М. Горький атындағы әдебиет институтын тауысқан. Алғашқы кітабы «Оққуш эртаги» («Аққу ертегі») деген атпен 1973 жылы жарық көрді.