Қазақтың көрнекті ақыны Несіпбек Айтов өмірден өтті
АСТАНА. 16 қазан. Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтов ұзаққа созылған науқастан соң қайтыс болды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Қарымды қаламгердің 74-ке қараған шағында бақилық болғаны жайлы Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы әлеуметтік желіде жазды.
Несіпбек Тұрысбекұлы Айтов 1950 жылы Қытайдағы Шығыс Түркістан автономиялы районының Тарбағатай аймағында туған. 12 жасында ата-анасымен бірге атамекеніне оралып, бұрынғы Семей (Абай) облысының Шұбартау ауданына орналасады. Осы ауданның «Баршатас» ауылындағы орта мектепті бітірген.
Еңбек жолын аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастады. 1974 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
1974-1984 жылдары «Балдырған» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Жалын» баспасында редактор. 1984-1994 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1995-1996 жылдары «Ақын» қауымдастығының директор, 1997-2001 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.
2001 жылдан бастап Астана қаласына қоныс аударып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Президенттік мәдениет орталығында қызмет істеген.
Соңғы қызметінде Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы музейдің директоры болды.
Несіпбек Айтов – ән-өлең жанрына да өзіндік үлес қосты. Оның сөзіне жазылған «Ән домбыра», «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Арман», «Дариға, дәурен», «Қазақтай ел қайда» секілді әндер көпшіліктің көңілінен шықты.
Несіпбек Айтов – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2012 ж), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2011), «Парасат» орденінің иегері (2004). Эпиктің таңдамалы жеті томдығы 2015 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген.
Қош бол, қазақтың қара өлеңінің жүйрігі!