Беларусь оппозиция лидерлерін соттауды бастады
МИНСК. 13 мамыр. Кеше Беларусь астанасында былтыр осы уақытта өз дауыстарын танытқан оппозиция серкелерін соттау басталды. Бұл туралы TUT.DU хабарлады.
Минскіде президенттікке экс-кандидат Бабариконың үйлестіру кеңесі мен штабының мүшесі Мария Колесниковаға сот түпкілікті айыптау тақты.
Сот кейін Светлана Тихановскаяның командасында жұмыс істеген Мария Колесниковаға үш түрлі қылмыстық іс таңып отыр. Олар «Ұлттық қауіпсіздікке қарсы әрекеттер жасауға шақыру», «Мемлекет билігін конституциялық емес жолмен басып алу мақсатында заговор жасау» және «Эстремистік құрылым құрып, оны басқару» деп аталады. Осылардың жиынтығы бойынша оппозиционерге 12 жыл бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.
Қазір Колесникова өзінің қорғаушыларымен бірге іс материалдарымен танысып жатыр.
Осы оқиғаға байланысты Facebook парақшасында Мария Колесникованың хаты жарияланды. Онда оппозиционер өзінің бұдан тура бір жыл бұрын, 12 мамырда президенттікке түсетінін мәлімдеген Виктор Бабариконың командасына қосылғанына ешбір өкінбейтінін жазады..
«Бір жыл алдын мен өз өмірімдегі ең маңызды шешімді қабылдадым. Өзімнің тәуекелге барып отырғаным мен қазір түсіп жатқан жерге тап болып қалу ықтималдығымның өте жоғары екенін сезіне тұрып, Виктор Дмитриевичтің командасының бір бөлшегі болуға қуана келістім, – дейді ол. – Өзімнің сол шешіміме қазір бір секунд та өкінбеймін. Бұл жыл менің өмірімдегі ең күрделі және ең бақытты кезім болды. Түрмеде отырған адамның мұндай сөз айтқаны ерсі естілетінін де түсінемін. Бірақ менің осы уақыт аралығында жоғалтқанымнан гөрі тапқаным әлдеқайда көп болып шықты, керемет тәжірибе жинадым, ғажайып драйв, көптеген жаңа білім мен дағды (мәселен, бұрын ешқашан стрим жүргізбеген едім, айына 170 хат жазған жоқпын, күн сайын жүгірген емеспін, мұншама жақсы кітаптарды оқымадым) алдым. Мен кез келген жағдайда өзіммен өзім қала алатындай ішкі дүниемнің бостандығы мен бақытқа қол жеткіздім. Бірақ ең басты кереметім – таңғажайып белорустар болды. Сіздердің қолдаударыңыз бен сүйіспеншіліктеріңіз маған орасан зор күш береді! Мен Виктор Дмитриевичке, Эдикке (Бабарикоға), Максимге (Знакқа), Ильяға (Салейге) және бүкіл командаға алғыс айтамын – сіздер менің отбасыма айналдыңыздар, мен өздеріңізбен бірге осы жолды жүріп өткенім үшін бақыттымын! Өзіме қорған болған сіңліме, папама, туған-туыстарым мен жақындарыма қолдау көрсеткендері, табандылықтары мен шексіз сүйіспеншіліктері үшін орасан зор алғыс! Сен сендерді сүйемін және қадір тұтамын».
Еске сала кетейік, бұдан бірер күн бұрын үйлестіру кеңесінің тағы бір мүшесі және Колесникованың адвокаты Максим Знакқа да түпкілікті айып тағылған болатын. Оған да осы үш бап таңылып отыр.