Хиджаб мәселесін күн тәртібіне қойған әншінің үстінен арыз жазылды
АСТАНА. 24 шілде. Бұған дейін хиджаб кимейтін әйелдерін өлтіріп жатқан еркектер барын айтып, айды аспаннан бір-ақ шығарған Ұланғасыр Қами деген әншіге қатысты шағым түсті. Бұл туралы Ulysmedia.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Портал осы орайда Facebook қолданушысы Саида Кастанеданың әнші Ұланғасыр Қамидің үстінен Ішкі істер министрлігінің мәнзіліне арыз жазғанын жеткізді.
«Біздің «дәстүршіл» депутаттарымыз қандай да бір себептермен осы жанжалды азамат Ұланғасыр Камиге қатысты арыз жазбағандықтан, мен олар үшін жасадым! Бүгін е-өтініш арқылы ІІМ-ге ҚР ҚК 174-бабына сәйкес әлеуметтік және гендерлік алауыздықты қоздыру, әйелдерге деген өшпенділікті қоздыру, әйелдерді/қыздарды өз күйеулеріның, бұрынғы күйеулеріның, жігіттері мен туыстарының күштеп өлтіруін, зорлық-зомбылық жасауын ақтау туралы мәлімдемелерін тексеру үшін өтініш жаздым», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Айтуынша, арызы министрлікте тіркеуге алынған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұланғасыр Ками деген бір атақ-даңқы оншалықты таныс емес әнші әйелін хиджаб киюге мәжбүрлейтінін мәлімдеген еді. Ол сонымен бірге «күйеулері хиджаб кимегендері үшін әйелдерін өлтіріп жатыр» деген мазмұнда шатпақтаған болатын. Бұл сандыраққа сосын талай адам өре қарсы тұрды.
«Атың шықпаса, жер өрте» деген осы!
«Саналы түрде хиджаб киген әйел басын кесіп алса да, оны шешпейді. Маған басқа ештеңе маңызды емес. Ертең Мен әйелімді хиджаб киюге мәжбүрлеймін. Басқа біреу оны шешіп немесе шешіп ала ма, маған бәрібір. Мен келісетін әйелді аламын, егер жоқ болса, мен оны алмаймын», – деп жазыпты сонда әншіміз.
Сондай-ақ, ол зорлық-зомбылық проблемалары әйелдің сыртқы келбетіне байланысты басталатынын айтады.
«Егер өзін әдепсіз ұстайтын әйел болса, онда оған үйленбеген дұрыс. Күйеулер әйелдерін хиджаб кимегендіктен өлтіреді», – депті әншісымақ сөзінің түйінінде.